«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАМЗАНЫҢ ҚАТАЛ ТАҒДЫРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алматыда Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық универси­те­ті­нің журналистика факультетінің дипломын алған күні достарым: “Сен екі бірдей университетті та­мамдадың. Біріншісі – мемлекет­тік, екіншісі – Хамза Абдуллиннің университеті”, – деп құттықтаған еді.

Өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. Алматыға алғаш барған жыл­дары ақын-жазушылармен кездесулерді босатпауға тыры­сатынбыз. Әдеттегідей кездесу­лер­дің бірінде ҚазМУ-дің түлегі, әдебиетші Нәби Жүнісбаев бұ­рын біз естімеген өлең жолда­рын оқыды:

“Жасаушы ием, кең әлемді

Құдіретіңмен бір өзіңнің,

Жерге рухтан ұрық септің

Күшіменен күн көзіңнің”.

Өлеңнің үйлесімді ұйқасы, әуезділігі, мазмұны өн бойымды балқытып, терең иірімге тарта жөнелді. Кездесу соңында Нәби ағадан: “Бұл кімнің өлеңі?” – деп сұраған едім, ол жымиып:

– Сен грузиннің атақты ақыны Шота Руставелиді білмейсің бе? – деді сынай қарап.

– Естуім бар, – дедім мен.

– Шота Руставелидің атақты “Витязь в тигровой шкуре” атты поэ­масының қазақша аударма­сы. Оны тәржімалаған кім? – деп қарсы сұрақ қойды.

Мен ыңғайсызданып қалдым. Шынымды айтсам, поэманы оқы­маған едім. “Оқымадым”, десем: “Білдей университеттің журна­листика факультетінде жүріп, әлемдік деңгейдегі грузин ақы­ны­ның шығармасынынан неге хабарсызсың?” – дегенді айта ма деп, қысылғаннан өзімді қоярға жер таппадым.

Алайда Нәби аға мені тығырықтан өзі шығарды.

– Оны Мағжан Жұмабаевтың шәкірті Хамза Абдуллин аудар­ды. Қайбір білгіштер “Жаһанкез” деген сөзден үріксе керек, “ба­тыр, ер” деген баламаларды тық­палаған ғой. Бірақ бірбеткей Хам­зекең бірде-біреуінің ұсынысын қабылдамай тастапты. “Жаһан­кез” батыр деген ұғымды бер­мейді деп бір жағынан әдебиет сыншылары атойлағанымен, олар­ға сөз зергері Ғабит Мүсіре­повтің өзі тоқтау салыпты. Сөй­тіп, бұл кітап Ғабит Мүсіреповтің алғысөзімен жарық көрген, – деп Нәби аға бірталай әңгіменің ба­сын қайырды.

– Хамза Абдуллиннің жасы не­шеде? – деймін мен енді қызы­ғушылығым оянып.

– 60-тың жуан ортасында. Екі ба­ласы бар. Ұлының есімі – Шота. Ал қызына осы поэмадағы Тинатин ханшайымның атын берді.

– Олар ендігі үйлі-баранды шығар, – деймін мен тықақтап.

– Жоқ. Ұлы мен қызы – мектеп жасында. Талайлы тағдырды бас­тан кешкен адам ғой. Өмірі­нің саналы ғұмыры түрмеде өт­кен. Ақын Мағжан Жұмабаевты ес­туің барма? – деді ол бүкіл де­несімен маған бұрылып.

– Иа, – дедім мен.

– Ендеше, Мағжан Жұмабаев – Хамзекеңнің туысы. Студент кезінде Мағжанның үйіне барып жүрген. Хамза Абдуллин – тағ­дыр тауқыметін бір кісідей басы­нан кешкен жан. Егер оның өмірбаянын өз аузынан естігің келсе, таныстырайын, – деді Нәби аға.

Келесі аптада Хамза Абдул­линнің үйінде жолығатын болып келістік.

Маған Шота Руставелидің “Жолбарыс тонды жаһанкезінің” қазақша аудармасына Ғабит Мү­сірепов алғысөз жазды деген сөз ерекше әсер етті. Ертеңіне уни­верситеттің кітапханасына ба­рып, поэманың қазақша нұсқа­сын сұрастырдым. Міне, мұқаба­сы сұр түсті қалың кітап та қолы­ма тиді. Беттерін парақтап, Ға­бит Мүсіреповтің алғысөзін та­уып алдым. Акедемик-жазушы көлемі шағын лебізінде тәржіме­нің жоғары деңгейде жасалға­нын жеріне жеткізіп айтып, ең­бек­ке үлкен баға беріпті. Осыдан кейін Хамза ағамен жолығуға дайындалдым.

Ақынның үйі “Таугүл” шағынау­данында екен. Есікті ол кісінің өзі ашты. Бойы ортадан сәл жо­ға­ры, қара торы, жүрісі ширақ ка­рия бізді жылы жүзбен қарсы алды.

– Дария қызыңыз – Кереку өңі­рінің тумасы. Сізбен арнайы жүз­десуге келді, – деп Нәби аға та­ныстыруды ұмытпады.

– А-аа, Арқаның қызымын де. Бәсентиін Малайсарының елі­нен екенсің ғой.

“Жиылдың өңшең ноян ығай-сығай,

Бажігіт, Тасболат пен би Толыбай,

Ту баста Абылайды хан көтерген

Қамқоры Қарауылдың ше­шен нардай”, – деп Хамза ата Мағ­жанның жырларын асқақтата оқи жөнелді.

Ақының жұмыс бөлмесі кең екен. Жазу үстелінің тұсында кекіл шашы бұйраланып маңда­йына түскен аққұба өңді сұлу келіншектің портреті тұр. Үлкен көздері күлімсіреп қарайды. Бір қарағанда бұлбұл әнші Бибігүл Төлегеновадан аумайды.

– Менің алғашқы жарым – Ба­қыт. Еуропа, Ресей түрмелерін адақтап келген соң, Бақытқа қо­сылдым. Мамандығы мұғалім еді. Әдебиетті бір кісідей жақсы көретін. Менің өлеңдерімді тегіс жатқа біледі екен. Екеуімізді поэ­зияға деген құштарлық жарас­тырды. Алайда жұбайлық өмірі­міз ұзаққа бармады. 32 жасында құрт ауруынан қайтыс болды, – деді Хамзекең әңгімесін одан әрі жалғастырып. – Оның сұлу­лы­ғына бәрі тамсанатын. Маң­да­йымның соры бес елі ғой. Алла маған қалған өмірімнің мәніне айналған Бақытты да көп көрді.

Шай үстінде ақсақал бізге қа­зақ халқының ұлы перзенттері Мұстафа мен Мағжан жайлы ел әлі де біле бермейтін тың дерек­тер­ді, Мюнхендегі “Азаттық” ра­диосы қазақ редакциясының ре­дакторы Хасен Оралтай туралы толымды әңгіме шертті. Кеңестік өкімет дәуірінде өмір сүріп жат­қан біз үшін жоғарыда есімдері атал­ған Мағжан Жұмабаев, Мір­жа­қып Дулатов, Ахмет Байтұр­сы­новтардың есімдері беймәлім еді.

Ақынмен кездесу журналис­тік салаға енді қадам басқан ме­нің өміріме айтарлықтай өзгеріс әкел­ді. Кейін Хамзекеңнің үйіне жиі баратын болдым. Ол кісінің пәтеріне журналистика факуль­тетіндегі орыс бөлімшесінің, өз­ге де жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінің сту­денттері жиі бас сұғатын. Қайсы бірі ақын – аудармашы туралы жаз­ған әңгіме-очерктерін көрсе­тіп, қарияның батасын алатын еді.

Уақыт өте келе Хамза Абдул­лин­нің отбасына кәдімгідей ба­уыр басып кеттім. Жатақханада тұру мерзімім аяқталғанда, қарт ақын сөзге келместен маған өз пәтерінің бір бөлмесін босатып берді. Кейін мені туған қызындай көрді.

Хамза атамыз әр таңертең­гілікте асқа отырар алдында мін­детті түрде Мағжан Жұмабаев­тың өлеңдерін оқитын еді.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда Ер Түрігім туып өскен.

Тұранның тарихы бар толқымалы,

Басынан көп тамаша күндер кешкен.

Абай мен Сәкеннің өлеңдерін жаттап өскен маған оның бұл әре­кеті бір түрлі тосын көрінетін. Бі­рақ Мағжан өлеңдері күн са­йын құран сөзіндей санамызға құйы­латындықтан ба, кейін оның отты шумақтарын бесік жырын­дай аузымыздан тастамайтын едік.

Университет корпусындағы үлкен кабинетте әріп теретін машинкалар тізіліп тұратын. Ау­дандық газетте жұмыс істеп қо­лым жаттыққан мен бос уақы­тымда Хамза Абдуллиннің қол­жазбаларын машинкаға басып беретін едім. (Кейбір қолжаз­балар бертінге дейін менде сақ­талды. Мақала жазу барысында қайсы бір деректерді осы қол­жаз­балардан пайдаландым).

Хамза Абдуллин Солтүстік Қа­зақстан облысының Булаев (қа­зір­гі Мағжан Жұмабаев) ауда­нын­да туған. Өзінің айтуынша, Мағжан олардың отбасына құда бала бо­лып келеді екен. Ақын­ның атасы Жұмабай қажы мен Хамзаның атасы Жақып қажы балалары бе­сікте жатқанда құ­даласқан. Жұ­ма­байдың Рәзия атты қызы әкесі Жармұхамедтің інісі Тұрашқа кішкентай күнінен атастырылған екен. Ақынның әке­сі Бекен бо­лыс болған кезде Жармұха­мед би болыпты.

“Мағжанды мен алғаш рет 1927 жылы тамыз айының соңғы күндерінде көрдім. Ұлы ақынның сүйген халқының алдында тағ­зым етіп, кешірім сұрап тұрған “Тоқ­санның тобыры” атты өлең­мен жазған өтініші жауапсыз қал­ды. Осыдан соң әкем Жармұ­ха­мед Мағжан тағдырының түзел­мейтінін білген соң, ақынды туыс­қан­дарымен қосып қонаққа ша­қырады. Мақаң өзінің көпте­ген туыстарымен би үйіне келеді. Ақынға үлкен құрмет жасалады. Мағжан Жұмабаев мені бауыры­на басып, маңдайымнан иіскеді. Қолтаңбасын жазып, кітабын сый­ға тартты (Мағжанның өз қолтаң­басын жазып, сыйлаған кітабы шыны шкафтың ішінде тұратын. Қарт ақын оны аялап, құлыпқа салып ұстаушы еді).

1929 жылдың жазында күллі Алашорда мүшелерін ұстап, түрмеге жабу науқаны басталды. Мағжанды Қызылжар қаласында тұтқындады. 1930 жылы он жыл­ға сотталды. Барлық алашорда­шы­ларды Мәскеу қаласындағы Бутырка түрмесіне қамады. Мағ­жан 1936 жылдың басында М.Горь­кийдің жәрдемімен түр­ме­ден босап, Қызылжар қала­сын­да тұрды. А.С.Пушкин атын­да­ғы жеті жылдық орыс мекте­бін­де орыс тілінен сабақ берді. 1937 жылы мен Алматыдағы Ком­мунистік журналистика институ­ты­на түстім. Мағжанның Алматы қаласына көшіп келген беті. Ара­ға екі, кейде үш күн салып Лес­ная көшесі, 89-шы үйдегі ақын­ның пәтеріне барып тұратын­мын. Мені көргенде Мақаң қуа­нып қалады. Ол кезде ақынның үйіне ешкім де бас сұқпайтын. Тіпті Жамал, Зыхатай, София, Мәрзия сияқты жиендері де, Жа­қия деген жездесі де есігін аш­пай­ды. Өйткені қыркүйек айын­да Жамалдың ері Тауфық Бер­діғожинді, Зықатайдың күйеуі Жанғабыл Көтібаровты “Халық жауы” деп ұстап әкеткен. Ал Со­фияның күйеуі Хамза Есенжа­новта “Аждаһаның” аузына қа­шан түсерін білмей, қалшылдап отырған кезі болатын.

Дария ЕРҒАЗИНА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp