Он шақты жыл бұрын “Шаруа қожалықтары болашақта табысты болғылары келсе, тауарлы-сүт фермаларын ашулары тиіс” деген ой айтылған болатын. Себебі егін шаруашылығын қанша әртараптандырсақ та, ауа-райына тәуелді. Оған өткен жылы көзіміз жетті. Ал малды етке өткізу үшін өсіру де табысқа кенелтер кәсіп емес. Оның орнына тауарлы-сүт фермаларын салу – табыс көзі ғана емес, жыл бойғы тұрақты жұмыс орны.
Бұл айтылған ой тек соңғы бес жылда қарқынды жүзеге асырыла бастады. Ал Еуропа мен Америка Құрама Штаттары тауарлы-сүт фермасының пайдасын көріп отырғанын осы кезде білдік. Мұны сол жаққа барып, тәжірибелерімен танысып, мал, құрал-жабдықтар сатып алып келген кәсіпкерлердің өздері де растап отыр. Аққайың ауданындағы “Гердт ВВ” шаруа қожалығының басшысы Владимир Гердт тауарлы-сүт фермасы дамыған елдерді аралап, көрген-түйгенін өз шаруашылығында пайдалануда.
– Біз егін және мал шаруашылығымен айналысамыз. Алғашқы тауарлы-сүт фермасын 2017 жылы аштық. Ол кезде 100 шақты сиыр сауылды. Сол уақытта малдың саны аз болса, табыс та мардымсыз екенін түсіндік. Кейін мемлекеттік қолдауды пайдаланып, “Солтүстік” ӘКК арқылы 400 басқа шақталған жаңа тауарлы-сүт фермасын салдық. Былтыр Австрия мен Чехиядан 192 бас сиыр әкелдік. Биыл Чехиядан осынша бас сиыр алуды жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпкер.
Сүтті мал шаруашылығын дамыту оңай жұмыс емес. Дегенмен бұл саланың жалпы табысы мал шаруашылығынан алынатын жалпы табыстың 60 пайызынан асады екен. Сондықтан бұрын егін шаруашылығымен айналысқан агроқұрылымдардың мал өсіріп қана қоймай, тауарлы-сүт фермасына ойысуы – осының айғағы.
Алты жылдан бері осы саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеп, тәжірибе жинақтап жүрген Владимир Гердт қалыптасу жолынан өткендерін айтады. Бүгінде күнделікті сүтті өткізуден пайда тауып отырған шаруашылық жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызу үшін төлдеу және жаңа туған бұзауларды күтіп-бағатын бөлімше салыпты. Ендігі мақсаттары – жылына 2 мың тоннаға дейін сүт тапсыру. Бұл жоспар орындалса, шығын да жабылады, табыс та артады. Қазіргі таңда сүтті облыс орталығындағы “Eurasian milk” серіктестігіне өткізеді екен.
– Біз 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Әуелде егін шаруашылығымен ғана айналыстық. Қазіргі таңда мал шаруашылығын да дамытып жатырмыз. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығынан көптеген шаруашылықтар шығынға ұшырағаны белгілі. Ал мал шаруашылығын қатар дамытсақ, қиын сәттерде бірінің пайдасы екіншісінің шығынын жабады. Сонымен қатар мал шаруашылығы тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы ретте мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын айта кеткен жөн. “Солтүстік” ӘКК мал және қажетті қондырғыларды сатып алуға несие береді. Несиенің жылдық мөлшерлемесі – 4 пайыз. Сондай-ақ екі жылға дейін “несиелік демалыс” қарастырылған. Ал құрылысты өз есебімізден саламыз. Фермада Ресей, Түркия, Италия елдерінен әкелінген жабдықтар орнатылған, – деді Владимир Гердт.
Қазіргі таңда фермада 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жұмысшылардың қатары артады. Сауыншылар 15 күн жұмыс істеп, осынша күн демалады. Айлық табысы – 250 мың теңге. Болашақта мал басын көбейтуді жоспарлап отырған шаруашылық иесі сауыншылардың табысы әлі де артатынын айтып отыр. Бірақ бір “әттеген-айы” да жоқ емес. Ауылды жерлерде маман тапшылығы айқын сезіледі. Сондықтан болашақта қажет болар сауыншыларды да қазірден өздері даярлап жатыр. Бұдан бөлек, мал дәрігері, зоотехник пен бригадир қажет.
– Ауылда еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Тек адал қызмет ету керек. Бізге қажетті мамандар колледждерде, жоғары оқу орындарында даярланады. Бірақ қолдарына құжаттарын алғаннан кейін басқа салаға ауысып кетеді. Бұл салада білікті маман болу үшін оны жан-тәніңмен жақсы көруің керек. Бүгінгі таңда сиырларды қолдан ұрықтандырамыз. Бұл жұмысты Көкшетау қаласындағы ветеринарлық қызмет орталығы жүзеге асырып отыр. Жасанды ұрықтандыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазір ай сайын 25 сиыр бұзаулайды. Сонда сүт жыл бойы үзілмейді. Бұрынғыдай “жазда сүт көп, қыста аз” деген ұғым жоқ, – деген Владимир Вольдемарович нарық талабына сәйкес малды күтіп-бағу әдіс-тәсілдері де жаңарғанын айтады. Сиырға шөп, жем берумен шектелу – жеткіліксіз. “Сиырдың сүті – тілінде” екенін ескерсек, олардың дұрыс тамақтануы маңызды-ақ. Сүттің сапасын жақсартып, сиырдың денсаулығы мықты болуы үшін үйлестірілген жемазық беру керек. Ал бұл талаптардың барлығын сақтау үшін білікті кадр қажет.
Кез келген кәсіпкер бір істі бастамас бұрын, оны жан-жақты зерттейді. Болашақта сүтті және етті қайта өңдеу бойынша цех ашуды жоспарлап отырған шаруашылық иесі тауарлы-сүт фермасының жұмысы қандай болуы керек екенін Германия, Франция, Чехия, Дания, Австрия елдерінде көргенін айтады. Олардың тәжірибесі бізден көш ілгері және бұл салаға деген көзқарас та өзгеше екен. Біз тек жатпай-тұрмай үйреніп, өзімізге бейімдеуіміз керек.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.