«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ШЫН ЖАНАШЫРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Теріскей топырағынан талабы таудай талай спортшының шыққаны белгілі. Олардың қарым-қабілеттерін анықтап, шынықтыра білген талантты жаттықтырушылар да аз емес. Қазақтың төл спорты саналатын қазақ күресінің көсегесінің көгеруіне атсалысып жүрген жандар қатарының молайып келе жатқаны қуантады. Солардың бірі – Ғалым Өркешов.

Жерлесіміз – Жамбыл ауданына қарасты Айымжан ауылының тумасы. Қазақи тәрбие көріп өскен ол бала кезінен спортқа құмар болады. Жастайынан аттың құлағында ойнап, аударыспаққа әуес болған оның болашағынан ата-анасы ғана емес туыстары мен ұстаздары да зор үміт күтіпті. Есейе келе бозбала өзіне артылған сенімді ақтады.

– Мен үйдің үлкенімін. Артымнан ерген екі қарындасым, үш інім бар. Бір інім жарысқа бара жатқан жолда көлік апатынан қаза тапты. Бауырларымның барлығы да күрестің бірнеше түрін меңгерген. Сегіз жыл бойы Айымжандағы мектепте білім алдым. Балғын шағымда күрестен бөлек, футболмен және волейболмен әуестендім. Кейін ауданымызға қарасты Озерный елді мекеніндегі білім ордасында оқуымды жалғастырып, еркін күреске ден қоя бастадым, – дейді Ғалым Сағдатұлы.

Кейіпкеріміз бос уақытын мектептің спорт залында өткізген. Жаттықтырушысынан түрлі айла-тәсілдерді игеріп, әбден шыңдалған ол алдымен аудандық кейін өңірлік жарыстарда бағын сынай бастапты. “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ” демекші, жерлесіміз бастапқыда жеңілістің ащы дәмін татқан көрінеді. Десе де ата-анасының үмітін ақтауға тырысқан азамат қаймықпады, алға қойған мақсат-арманына жетуге тырысты. Ақырын жүріп, анық басқан Ғалым Сағдатұлы айтулы жеңістерге жоғары оқу орнына түскенде қол жеткізді.

– 1971 жылы орта білім ордасын бітіріп, Петропавлдағы педагогикалық институттың дене шынықтыру факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнында мен грек-рим және қазақ күресін игердім. Алғашқы бапкерлерім Виктор Вик пен Уәлихан Нұркеев. Облыстық және халықаралық жарыстарға аттанып, жүлдегерлер қатарынан көріндім, – деп еске алды Ғалым Өркешов.

Студенттік шақта жерлесіміз ел көлемінде өткен күрес түрлерінен республикалық спартакиадада екінші орынды қанжығаласа, кейін Омбы және Красноярск қалаларында өткен халықаралық турнирлерде топ жарған. Грек-рим және қазақ күрестеріне әбден төселген азамат оқуды аяқтап, туған ауылы Айымжанға оралады. Ауылда үш жыл бойы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Кейін ұстаздық қызметті Рождественка елді мекеніндегі мектепте жалғастырған. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Ғалым Сағдатұлы Жамбыл аудандық білім бөлімінде дене шынықтыру және спорт бағыты бойынша әдіскер болған.

– Бірнеше жыл бойы ауылдық мектептерде тәжірибе жинақтадым. Кейін білімімді өзге әріптестеріме үйреткім келді. Әлем және құрлықтық додаларда чемпион атанбасам да, шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұттым. Ауданда 30 жыл еңбек етіп, грек-рим және қазақ күресінен шәкірттер тәрбиелей бастадым. Олар облыстық жарыстарда төбе көрсетіп, кейін өңірдің командасына да ілікті, – дейді Ғалым аға. Өңірімізде қазақ күресі мен грек-рим стилі бойынша шәкірт тәрбиелеуге бет бұрған алғашқы қарлығаштардың сапында Ғалым Өркешовтің есімі ерекше құрметпен айтылады. Жерлесіміз биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтеді.

– Өткен жылы зейнет демалысына шықтым. Оған дейін қазақ күресі мектебінде қызмет еттім. Еңбегім зая кетпеді деп ойлаймын. Талай шәкірттің жолын ашып, оларды күреске баулыдым, – дейді ол.

Ғалым Өркешовтің шәкірттерінің бірі – қазақ күресінен облыстың аға бапкері Төлеген Жетпісбаев. Бүгіндері Ғалым ағаның тәлімін алған жаттықтырушы талайдың жұлдызын жандырып, “Қызылжар арландары” клубында еңбек етіп жүр.

– Ғалым аға – қазақ күресінің жанашыры. Ол күрес мектебінің директоры бола тұра, талай жарыстарды өткізіп, шәкірт тәрбиелеуге асыққан. Бүгіндері 70-ке жақындаған ол, әлі де тың. Оның құрметіне жарыстар өткізілсе деген ойым бар, – дейді Төлеген Жетпісбаев.

“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”, – деген тәмсілді Ғалым ағаның балалары айқындағандай. Үлкен ұлы жастық шағында спортқа әуес болса, ортаншысы – Ерболат қазақ күресінен Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азияның күміс жүлдегері атанған. Бүгінгі күні Германияда жаттықтырушы болып қызмет етуде. Кенже қызы да спорттан алыстамады.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp