Экономиканың ілгері басуының басты алғышарттарының бірі – инвестиция. Ауыл шаруашылығы, өндіріс пен құрылысқа тиімді құйылған қаржы иесіне еселеп қайтып, халықтың да әл-ауқатының артуына септеседі. Қай елдің болмасын даму қарқыны инвестиция ағынымен, бизнестің дамуына қолайлы жағдайдың жасалуымен айқындалады. Инвестиция тарту Қызылжар өңірінің де әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне айтарлықтай әсер етуде. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде құйылған миллиардтаған қаржының арқасында солтүстікте бірқатар іргелі өндіріс орындарының жұмысы жанданып, нарықта жаңа компаниялар пайда болды. Алпауыттардың назарын Қызылжарға аударып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру жолында атқарылар іс әлі алда. Осы орайда облыс орталығында жаңа жобалармен танысып, өңір экономикасына қаржы тарту мақсатында “Qyzyljar investment forum – 2024” инвестициялық форумы өтті. Басқосуға бейінді министрлік қызметкерлері, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласының өкілдері, шетелдік меймандар мен жергілікті кәсіпкерлер жиналды.
Шара өңірдің өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс компанияларының көрмесінен басталды. Меймандар Қызылжарда бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп, нарықта өз орнын иеленген компаниялардың жұмысымен танысып, өнімдеріне өз бағасын берді. Көрмеде ұсынылған кәсіпорындардың арасында санаулы жаңа атауды айтпағанда басым бөлігі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орындары.
Көрмеден кейін форум жұмысы жалпы отырыста жалғасты. Шараны ашқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов өңір дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып өтті.
– Соңғы үш жылдың ішінде өңірге 2,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Былтыр тікелей шетел инвестициясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өсіп, 282 млн. долларға жетті. Бүгінде өңір экономикасының 15 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Былтыр өндіріс көлемі 1,4 млрд. долларды құрады. Мұның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Бүгінде облысқа құйылған инвестицияның 40 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Елде қолданысқа берілетін әр екінші тауарлы-сүт фермасы солтүстікте ашылады. Бүгінде біздің алдымызда аграрлы экономикадан аграрлы-индустриалды экономикаға көшу міндеті тұр. Өңірдің инвесторлармен серіктестік әлеуеті жоғары. Сіздерді әр салада бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, – деді облыс әкімі.
Өз сөзінде Ғауез Нұрмұхамбетов соңғы 3 жылда өңірге шетелдік 15 компания келгенін атап өтті. Бұл ретте 2019 жылы құрылған “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының инвесторларға берері мол. Қазіргі таңда 4 ірі компания өз жұмысын бастап кеткен. Тағы 16 компания жалпы құны 632 млн. доллар болатын жобаларды жүзеге асыруда. Нәтижесінде аймақта 3 мың жұмыс орны пайда болмақ. Соңғы үш жылда құрылыс көлемі де артып, 70 пайызға өскен. Облыс орталығының жаңа бас жоспарының аясында жаңа нысандар бой көтеріп, ескі ғимараттар жөндеу көреді.
Кейін сөз алған Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов соңғы жылдары өңірге инвестиция тарту айтарлықтай артқанын атап өтті. Өткен жылы өңірдегі негізгі капиталға құйылған қаржы көлемі 17 пайызға өскен. Абзал Әлиұлы инвесторлар үшін елде қолайлы жағдай жасалғанын, салықтық жеңілдіктер мен серіктестіктің оңтайлы жолдары туралы айтты. Мұндай жеңілдіктер Қызылжардағы АЭА-та да қарастырылған. Осы күні елде инвестициялық хаб пен 14 экономикалық, 41 индустриалды аймақ бар екен. Сұрақ-жауап барысында вице-министр ең тиімді инвестиция балалардың біліміне жұмсалған қаржы екенін айтып, Мұхтар Әуезовтің “Ел болам десең, бесігіңді түзе”, – деген сөзін еске салды.
Ал ауылшаруашылығы вице министрі Аманғали Бердалин министрлік тарапынан аталған саланы қолдау шаралары жайлы баяндама жасады. Биыл пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 85 млрд. теңге бөлінсе, соның 10 млрд. теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының шаруаларына бағытталған. Бұдан бөлек, басым бағыттар бойынша салынған қаржының бір бөлігін өтеу де көзделген. Ел үкіметімен ірі жобалар бойынша келісімге келген стратегиялық инвесторлар жер, табыс, қосымша құн салығынан босатылады. Өткен жылы елдің ауыл шаруашылығына тартылған қаржының 17 пайызы Қызылжарға бағытталып, 200 млрд. теңгеге жеткен. Өңірдегі жобаларға жеңілдетілген несие беру тәжірибесі ел бойынша қолданысқа енгізілуде. Былтыр өңірде сүт-тауарлы фермаларын салуға 100 млрд. теңге бөлінсе, биыл да осынша көлемде қаражат қарастырылып отыр. Аманғали Бердалин елде ауыл шаруышылығын тиімді қаржыландыру үшін агробанк ашу мәселесі талқыланып жатқанын жеткізді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков та өңірдегі игі істер, мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты. Кейін мінбеге италиялық “Prosol” компаниясының өкілі Сырым Абылғазиев шығып өңірде ашылатын өндіріс орнының жоспарын таныстырды.
– “Prosol” компаниясы биотехнологиялық терең өңдеумен айналысады. Зауыт солтүстік Италиядағы Милан қаласының маңында орналасқан. Қазіргі таңда Қытай және Америка нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Өндірісті кеңейту үшін “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында зауыт құрылысын қолға алдық. Онда белсенді жем-азықтық ашытқы өндіріледі. Солтүстік Қазақстан логистикалық жағынан өте тиімді аймақ. Әлемде биотехнология арқылы мал азығының қоспаларын шығаратын 4 зауыт қана бар. Өзім осы сала маманы болғандықтан келешекте мұндағы зауытты да осы қатарға қосқым келеді, – дейді Сырым Абылғазиев.
Соңғы бірнеше жылдары Ресейден келіп жатқан өндіріс орындары да көп. Солардың бірі “Бейкертон” серіктестігі. Компанияның көрші елде түрлі тағам өнімдерін шығаратын 3 зауыты бар. Қызылжарда салынатын зауытта ұзақ сақталатын нан өнімдері мен донаттар (пончик) өндіріледі. Сол сияқты “Уралкран” компаниясы да арнайы экономикалық аймақта өндіріс орнын ашқалы жатыр. Онда жүк көтеру крандары құрастырылып, сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтін болады. Ал “Qilu agro” серіктестігі трактор құрастыруды қолға алмақ.
Форумның екінші бөлігінде жергілікті және шетелдік құрылыс саласының өкілдері жобаларын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.
– Жиын соңында бүгінгі форумға келген елордалық әріптестерге, барша инвесторларға, Қытай, Ресей, Италиялық компания өкілдеріне алғысымды білдіремін. Біз инвесторларға қолдау көрсетіп, жаңа идеялар мен тың жобалардың жүзеге асуына жәрдемдесуге дайынбыз. Өңірдің логистикалық орналасуы да бизнес үшін тиімді. Ал өңірдің ең басты байлығы ол адами капиталымыз, – деді жиынды қорытындылаған өңір басшысы.
Форум қорытындысы ретінде қала әкімдігі “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы өкілдері мен инвесторлар арасында меморандумдарға қол қойылды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.