«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР – ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Экономиканың ілгері басуы­ның басты алғышарттарының бірі – инвестиция. Ауыл шаруа­шылығы, өндіріс пен құрылысқа тиімді құйылған қаржы иесіне еселеп қайтып, халықтың да әл-ауқатының артуына септеседі. Қай елдің болмасын даму қарқы­ны инвестиция ағынымен, биз­нестің дамуына қолайлы жағдай­дың жасалуымен айқындалады. Инвестиция тарту Қызылжар өңі­рінің де әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне айтарлықтай әсер етуде. Соңғы бірнеше жыл­дың көлемінде құйылған мил­лиардтаған қаржының арқасын­да солтүстікте бірқатар іргелі өн­ді­ріс орындарының жұмысы жан­данып, нарықта жаңа компания­лар пайда болды. Алпауыттар­дың назарын Қызылжарға ауда­рып, өңірдің инвестициялық тар­тымдылығын арттыру жолында ат­қа­рылар іс әлі алда. Осы орай­да облыс орталығында жаңа жо­балармен танысып, өңір эконо­ми­касына қаржы тарту мақса­тын­да “Qyzyljar investment forum – 2024” инвестициялық форумы өтті. Басқосуға бейінді министр­лік қызметкерлері, өңдеу өнер­кәсібі, ауыл шаруашылығы, құры­лыс саласының өкілдері, шетел­дік меймандар мен жергілікті кәсіпкерлер жиналды.

Шара өңірдің өңдеу өнеркә­сібі мен құрылыс компаниялары­ның көрмесінен басталды. Меймандар Қызылжарда бір­неше жыл қатарынан жұмыс іс­теп, нарықта өз орнын иеленген компаниялардың жұмысымен танысып, өнімдеріне өз бағасын берді. Көрмеде ұсынылған кәсіп­орындардың арасында санаулы жаңа атауды айтпағанда басым бөлігі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орындары.

Көрмеден кейін форум жұ­мы­сы жалпы отырыста жалғасты. Шараны ашқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов өңір да­муының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

– Соңғы үш жылдың ішінде өңірге 2,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартыл­ды. Былтыр тікелей шетел ин­вестициясының көлемі 2022 жыл­мен салыстырғанда 2,6 есеге өсіп, 282 млн. долларға жетті. Бү­гінде өңір экономикасының 15 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Был­тыр өндіріс көлемі 1,4 млрд. дол­ларды құрады. Мұның ішінде өң­деу өнеркәсібінің үлесі басым. Бү­гінде облысқа құйылған инвес­тицияның 40 пайызы ауыл ша­руашылығына бағытталып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы са­ласын әртараптандыру бойын­ша жұмыстар жүргізілуде. Елде қолданысқа берілетін әр екінші тауарлы-сүт фермасы солтүстікте ашылады. Бүгінде біздің алды­мызда аграрлы экономикадан аграрлы-индустриалды эконо­ми­­каға көшу міндеті тұр. Өңірдің инвесторлармен серіктестік әлеуеті жоғары. Сіздерді әр салада бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, – деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Ғауез Нұрмұхам­бетов соңғы 3 жылда өңірге ше­телдік 15 компания келгенін атап өтті. Бұл ретте 2019 жылы құ­рыл­ған “Qyzyljar” арнайы эконо­микалық аймағының инвестор­ларға берері мол. Қазіргі таңда 4 ірі компания өз жұмысын бастап кеткен. Тағы 16 компания жалпы құны 632 млн. доллар болатын жобаларды жүзеге асыруда. Нә­тижесінде аймақта 3 мың жұмыс орны пайда болмақ. Соңғы үш жыл­да құрылыс көлемі де артып, 70 пайызға өскен. Облыс ор­талығының жаңа бас жоспары­ның аясында жаңа нысандар бой көтеріп, ескі ғимараттар жөндеу көреді.

Кейін сөз алған Ұлттық эко­номика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов соңғы жылдары өңірге инвестиция тарту ай­тарлықтай артқанын атап өтті. Өткен жылы өңірдегі негізгі ка­питалға құйылған қаржы көлемі 17 пайызға өскен. Абзал Әли­ұлы инвесторлар үшін елде қо­лайлы жағдай жасалғанын, са­лықтық жеңілдіктер мен серік­тестіктің оңтайлы жолдары ту­ралы айтты. Мұндай жеңіл­дік­тер Қызылжардағы АЭА-та да қарастырылған. Осы күні елде инвестициялық хаб пен 14 эко­номикалық, 41 индустриалды аймақ бар екен. Сұрақ-жауап ба­рысында вице-министр ең тиім­ді инвестиция балалардың бі­лі­міне жұмсалған қаржы екенін айтып, Мұхтар Әуезовтің “Ел болам десең, бесігіңді түзе”, – деген сө­зін еске салды.

Ал ауылшаруашылығы вице министрі Аманғали Берда­лин министрлік тарапынан аталған саланы қолдау шара­ла­ры жайлы баяндама жасады. Биыл пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 85 млрд. теңге бөлінсе, соның 10 млрд. теңгесі Солтүстік Қазақстан облысы­ның шаруаларына бағыттал­ған. Бұдан бөлек, басым бағыт­тар бойынша салынған қаржы­ның бір бөлігін өтеу де көздел­ген. Ел үкіметімен ірі жобалар бойынша келісімге келген стра­тегиялық инвесторлар жер, та­быс, қосымша құн салығынан бо­сатылады. Өткен жылы елдің ауыл шаруашылығына тартыл­ған қаржының 17 пайызы Қы­зыл­жарға бағытталып, 200 млрд. теңгеге жеткен. Өңірдегі жобаларға жеңілдетілген несие беру тәжірибесі ел бойынша қолданысқа енгізілуде. Былтыр өңірде сүт-тауарлы фермала­рын салуға 100 млрд. теңге бө­лінсе, биыл да осынша көлем­де қаражат қарастырылып отыр. Аманғали Бердалин елде ауыл шаруышылығын тиімді қар­жыландыру үшін агробанк ашу мәселесі талқыланып жатқа­нын жеткізді.

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрлігінің өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұха­мед Андаков та өңірдегі игі іс­тер, мемлекеттік қолдау шара­лары туралы айтты. Кейін мін­бе­ге италиялық “Prosol” компа­ниясының өкілі Сырым Абылғазиев шығып өңірде ашылатын өндіріс орнының жоспарын та­ныс­тырды.

– “Prosol” компаниясы био­технологиялық терең өңдеумен айналысады. Зауыт солтүстік Ита­лиядағы Милан қаласының маңында орналасқан. Қазіргі таңда Қытай және Америка на­рығына шығуды жоспарлап отыр­мыз. Өндірісті кеңейту үшін “Qyzyljar” арнайы экономи­калық аймағында зауыт құ­ры­лысын қолға алдық. Онда бел­сенді жем-азықтық ашытқы өн­діріледі. Солтүстік Қазақстан ло­гистикалық жағынан өте тиімді аймақ. Әлемде биотехнология арқылы мал азығының қоспа­ла­рын шығаратын 4 зауыт қана бар. Өзім осы сала маманы бол­ғандықтан келешекте мұндағы зауытты да осы қатарға қосқым келеді, – дейді Сырым Абылға­зиев.

Соңғы бірнеше жылдары Ре­сейден келіп жатқан өндіріс орындары да көп. Солардың бірі “Бейкертон” серіктестігі. Ком­панияның көрші елде түрлі тағам өнімдерін шығаратын 3 зауыты бар. Қызылжарда салы­натын зауытта ұзақ сақталатын нан өнімдері мен донаттар (пон­чик) өндіріледі. Сол сияқты “Уралкран” компаниясы да ар­найы экономикалық аймақта өн­діріс орнын ашқалы жатыр. Онда жүк көтеру крандары құ­растырылып, сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс істей­тін болады. Ал “Qilu agro” серік­тестігі трактор құрастыруды қол­ға алмақ.

Форумның екінші бөлігінде жергілікті және шетелдік құры­лыс саласының өкілдері жоба­ларын таныстырып, тәжірибе­лерімен бөлісті.

– Жиын соңында бүгінгі фо­румға келген елордалық әріп­тес­терге, барша инвестор­лар­ға, Қытай, Ресей, Италиялық компания өкілдеріне алғы­сым­ды білдіремін. Біз инвесторларға қолдау көрсетіп, жаңа идеялар мен тың жоба­лардың жүзеге асуына жәрдем­десуге дайынбыз. Өңірдің ло­гис­тикалық орналасуы да биз­нес үшін тиімді. Ал өңірдің ең басты байлығы ол адами ка­питалымыз, – деді жиынды қорытындылаған өңір бас­шысы.

Форум қорытындысы ретін­де қала әкімдігі “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациясы, “Qyzyljar” арнайы эко­номикалық аймағы өкілдері мен инвесторлар арасында мемо­рандумдарға қол қойылды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp