Қолыма ғұмырнамалық кітап түсе қалса, бас алмай оқу – бала кезден қалыптасқан әдетім. Шығарманың тілі шұрайлы болса, жүрдек атқа мінгендей желе-жортып, қалай аяқтағанымды да байқамай қаламын. Осындайда сол замандағы суреттер көз алдымнан кино көргендей тізбектеліп өте шығады. Көнекөз қарттардан естігенім, шет-жағасын өзімнің де көргенім бар, осыдан қырық-елу жыл бұрынғы кезеңді ертегіге ұқсатамын. Жуырда, өңірімізге белгілі ақсақал, көп жыл жауапты қызметтер атқарған Жоламан Сақыпкереевтің “Өмірімнің өткелдері” деген кітабы қолыма тиді. Қазақ даласын обадай опырып, қоғадай жапырған аштықтың, ұлтымыздың сүт бетіндегі қаймағы іспеттес зиялыларын қырып салған геноцидтің, талай отбасыны аңыратып кеткен зұлмат соғыстың куәгері болған, елмен бірге есейіп, туған жердің дамуына сүбелі үлес қосқан адамның ғұмырбаянын оқып отырып, “мың өліп, мың тірілген” қазақ халқының қайсарлығына таң қаласың.
***
Ерке Есілдің арғы бетінде орналасқан Амангелді ауылының жанындағы атақты Алуа көлінің маңайын ежелден Атығайдың Андағұлынан тарайтын Шопан, Өтеміс, Құлтай, Ұшқара, Жұмық балалары мекен еткен. Шопаннан – Бекі, одан Сақтаған туады. Сақтағанның үш ұлы болған: Ғаббас, Ебжан, Сақыпкерей.
Сақыпкерей екі әйел алған. Бәйбішеден екі ұл – Смағұл мен Нұрмұхамбет, тоқалдан бір ұл – Жоламан. Сақыпкерей өз заманында әнші, жыршы, сері атанған. Онсыз ауыл тойы өтпейтін. Еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың шаруасы мығым болған, бақуатты ғұмыр кешкен. Ағайынды Ғаббас, Ебжан үшеуі ағаштан үй салып, көрші тұрған. Кеңес үкіметі орнаған тұста ТОЗ (товарищество по обработке земли) құрылып, алғашқылардың қатарында енген. Кейін ұжымшарға біріккенде оған мүше болған. Бірақ аяқ астынан інілері Ғаббас пен Ебжанның үйі өртеніп, айрандай ұйып отырған бір әулет далада қалады. Ішіне пышақ айналмайтын күншілдердің “Тыққан қымбат қазынаны бөліспес үшін әдейі от қойды”, – деген қаңқу сөзіне күйінген ағайынды үшеу бас сауғалап, ішке қоныс аударады. Сақыпкерейдің кіші әйелі Бибішарипа балаларымен ауылда қалады. Жоламанның бес жастағы кезі. Шешелері Мәруа, Камал, Жоламан үшеуін өсіріп-жеткізу үшін жалданып, ауылдың малын бағады. Бастапқыда Әлтай деген кісінің ескі шым үйін жөндеп, соны паналайды. Шешесі күні бойы жұмыста, үшеуін үйге қамап кетеді. Бір жылдан кейін Таскен деген кісінің үйіне кіріп, бірге тұрады. “Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес”, – демекші, осы кісінің анасы – Қазиза кейуана жетімектерден қамқорлығы мен жанашырлығын аямайды.
1938 жылы Сақыпкерей бәйбішеден туған балаларын іште қалдырып, елге оралады. Сол жылы егін бітік шығып, ұжымшар мүшелері бір тойынып қалады. Шаруақор әке өздеріне ыңғайлы үй сатып алып, талай жыл кісі есігінде қиындық көріп, жасып қалған балалары да бойын тіктеп, теңдестерінің көзіне тура қарай алатындай жағдайға жетеді. Өз шаңырағы мен әкесінің жанында болу жас өскіндердің бойына қуат беріп, беттеріне қан жүгіреді. Шешелері ауылдан он екі шақырым жердегі қырман басында қона жатып жұмыс істейді де, балалардың тағы да үйде қалуларына тура келеді. Кішкентайынан аңшылыққа құмар болып өскен Жоламан ит жүгіртіп, тараққұйрық аулайды. Терісін өткізіп, аз-маз болса да нәпақа табады. Көлдегі қамысты жағалап, балапан ұстап, асырайды. Балыққа қармақ салады. Осылайша жанкештілігі мен ептілігінің арқасында ата-анасына демеу болады. Бұл кезең – бала күнінен өмір мектептерінен сүрінбей өтуіне жол ашқан еңбек баспалдақтарының бірі еді.
Жоламан 1939 жылы сегіз жасында мектеп табалдырығын аттайды. Ауылдан үш шақырым жердегі Құлтайға қатарластарымен бірге жаяу қатынап оқиды. Білімге әбден шөліркеп қалған олар жаздың жаңбырын, қыстың боранын елең қылмайды. Алғыр бала сабақта ынталығымен, есепке жүйріктігімен көзге түсіп, тоқсан сайын мақтау грамотасын алып, әке-шешесі төбесі көкке жеткендей қуанады. “Өмір – жалған” деген осы. 1941 жылы көктемге салым Сақыпкерей әкей дүниеден озады. Ұлардай шулап, қабырғасы қайысқан қаралы үйдің қаралы қайғысы басылмай жатып екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Отбасының бар ауыртпалығы әлі бұғанасы қата қоймаған Жоламанның мойнына артылады. Уақытынан ерте есейген ол әке орнын жоқтатпауға ұмтылады. Шешесі мен үлкен әпкесі ұжымшардың жұмысынан босамайды. Шөп шабу, отын әкелу секілді үйішілік шаруаларға кіші апасы екеуі жегіледі. Әкесінің көзі іспеттес қол шалғы ұзын, мұның бойы қысқа. Елгезектігі, пысықтығы арқасында шалғы ұстауды, шыңдауды тез арада үйреніп алды. Айран-сүтін айырып отырған жалғыз сиырдың шөбін шауып, жинап қойды. Бұдан соң қалың жынысты орман-тоғайдан қысқа отын дайындауға кірісті. Ерте жетілген жеткіншектердің тартқан тауқыметі мұнымен шектелмейді. Күздің қара суығында мектепке қатынау – бір қиямет. Ол жайт естелік кітапта былай суреттеледі: “Үйде бір жұп қана пима бар. Соны кезектесіп киеміз. Мен мектепке көктемде – күн жылына бірақ бардым. Осылайша екі жыл сырғып өте шықты. 1943-жылы ұжымшардың қыж-қыж қайнаған тірлігіне араласып кеттім. Таң атқаннан кеш батқанға дейін дала қосындамыз. Үйге отын мен шөпті осында әзірлеп жүрдім. Анам болашақ оқығандікі деп үнемі айтып, құлағыма құйып отырады. Жақсы оқуға қанша ұмтылсам да, білімімнің төмендігін сеземін, орысша білмеймін. Бірақ ол кезде оқуды ойлайтын уақыт жоқ. Қарынның ашпауын, тоқтығын ойлайсың. Осындай қиын сәттерді бастан көп өткердік”.
Жоламан Сақыпкерейұлының жан толқынысымен жазылған естелік кітабын оқи отырып, өмірінің небір қиындықтарға толы болғанын, тағдырдың тауқыметін аз тартпағанын қапысыз аңғарасың. Бүгінгідей “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманда болмашы нәрседей көрінетін сәттердің өзі жоқтық қысқанда айтарлықтай машақат-мехнат туғызғаны, ауыртпалыққа төзе білгені адамды иландырады, сендіреді.
“1943 жыл, бұзаулы сиырымыз аяқасты мертігіп, сойып алуға тура келді. Ұжымшар төрағасына жағдайымызды айтып, төрт жан қарап отырған жалғыз “асыраушысымыздың” етін өткізіп, орнына тайша алдық. Ол кезде сауын сиыры бар үй ауқатты саналатын. Аузымыз күйгендіктен, тайшаны көзден таса қылмауға тырысамыз. Тіпті ұры-қарыға қолды болып кете ме деген күдікпен түнде үйге кірігізіп қоямыз. Бұйырмаған малды қанша қарасаң да болмайды екен, қара басып, көктемде көз жазып қалдық. Бірнеше күн бойы іздеп, әбден сабылдық. Ұшты-күйлі жоқ. Бір аптадан кейін ауылдас бір адам жолда – Боголюбов ауылы маңында қасапханаға айдап бара жатқан табынның ішінен көргенін айтып келді. Соңынан қуып баруға ат табылмады. Шешем жаяулап-жалпылап кетті. Барса, көрген жоқпыз деп маңайлатпапты, милиция дәлел жоқ деп, содан еш дәрмен қыла алмай үш күн жүріп, кері қайтты. Қазақ “мал ашуы – жан ашуы”, деп бекер айтпаған. Сөйтіп ай-күннің аманында ақадал малымыздан айырылып қалдық”, – деп жазылған екен кітапта.
Бала кезде көрген қиындық, зәбір адамның санасында өшпейді, сақталып қалады. Оған мұқалсаң, жігерің құм болады. Осындай тосын оқиғаларға Жоламан мойымай, керісінше алға ұмтылып, шешесінің дем беруімен сабағын жақсы оқиды. Ауылдағы мектепті бітірген соң Еңбектегі мектеп-интернатта тұрады. Мұнда тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, білімге деген құмарлығы арта түседі. Бірде 10-сыныптан кейін “облыстық білім басқармасының жолдамасымен Мәскеу не Ленинградтағы жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігі бар. Емтиханды Алматыда (ҚазГУ) қабылдайды”, – деген жағымды жаңалық дүңк ете түсті. Жоламанның бар арманы – оқу, жоғары білім алу. Хабар құлағына тиісімен дегбір таппады. Ұлының талабын қуана қолдаған анасы жалғыз сиырды сатып, төрт жүз елу сомды қалтасына салып берді. Ақай деген досы екеуі Қызылжардан Новосибирск арқылы жүретін пойызбен ақ бас Алатаудың баурайында орналасқан әсем шаhарға бес тәулік жүріп барды. Бастапқы мақсаттары Ленинградтағы сүтті тоңазыту өнеркәсібі институтына бақтарын сынап көру болатын. Қаражат орталанып қалған соң бұл ойларынан айнып, құжаттарын Қазақ педагогикалық институтына тапсыруға келісті. Тыңғылықты дайындықтың арқасында сынақтан сәтті өтіп, Ленинградқа аттанды. Ет-сүт өнеркәсібі министрлігі екеуіне жолақысымен қоса әрқайсысына елу сомнан берді. Ленинградқа жеткенмен, қалыптасқан тәжірибе бойынша бірден күзгі жиын-терімге аттанды.
Институтта тәртіп өте қатал, қабылдау емтиханында үштік баға алғандарға стипендия берілмейтін болып шықты. Амал жоқ, темір жол вокзалында жүк түсіруге жалданды. Сайын далада еркін өскен жігіттердің денсаулығына Ленинградтың күн райы кері әсер етті білем, екеуі елге жақын Омбыға ауысуға бел буды. Құжаттарын алып, Омбыға жетпек ниетпен жолға шықты. Мәскеу вокзалында күтпеген жағдайға кезікті. “Қызыл жағалылар” Ақай екеуін КСРО Ет-сүт өнеркәсібі министрлігіне алып барды. Мән-жайға қаныққан министр институт директорына тура телефон соғып, білім алып жүрген қазақстандық жастарға бар мүмкіндікті жасауды, стипендия мәселесін шешуді нықтап тапсырды. Сөйтіп, Ленинградқа қайтып оралды. Дегенмен, Жоламан теңіз жағасындағы қаланың ауа-райына бейімделе алмай Алматыға ауысуға мәжбүр болды. 1955 жылы ауыл шаруашылығы институтын тамамдаған жас маманға жолдама Ақмола облысы Есіл ауданына берілді. Еңбек жолын “Есіл” МТС-де бастап, бір жылдан соң елге оралады. Октябрь ауданы (қазір Шал ақын) Ақанбарақ ауылына агроном болып орналасып, ыждаһаттылығымен, ұйымдастыру қабілетімен көзге түседі. Оқыған-тоқығаны, көрген-білген өмірлік тәжірибесі бар, бидай, арпа, сұлыдан бөлек, жүгері де егіліп, ауыспалы егіс жүйесіне көше бастайды. Аудан басшылығы жас маманның іскерлік қасиеттерін бағалап, жаңадан құрылғалы жатқан мал семірту кеңшарына жібереді. “Семиполка” кеңшарына қараған Жаңажол, Жаңаталап, Кеңес ауылдары “Бұлақ” кеңшарының құрамына еніп, орталығы өзі қазығын қаққан Ақанбарақ болып қалады. Жоламан Сақыпкерейұлының өмірбаянына қарап отырсақ, Ақанбарақ ауылы тағдырына тікелей әсер еткенін байқаймыз. Болашақ жарын осында жолықтырды. Бибіжамал деген үріп ауызға салғандай сұлу замандасымен отау құрып, шаңырақ көтерді.
1962 жылы “Бұлақ” кеңшарына директорлыққа тағайындалды. Құрылыс жанданып, әлеуметтік нысандар тұрғызыла бастады. Машина-трактор шеберханасы, монша, тұрғын үйлер бой көтерді. Кеңшар мал семірту шаруашылығы мәртебесіне ие болып, тікелей облыстағы трестке бағынды. Осы себепті аудан тарапынан қолдау көрсетіле қоймады. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті билік “өз күніңді өзің көр” дегенге келтірді. Жоламан Сақыпкерейұлы ет комбинатының басшылығына орынды уәждері мен талаптарын өткізіп жүрді. Малды еттей қабылдау туралы келісімге келді. Табыс еселеніп, алдыңғы шаруашылықтардың қатарына қосылды. Машина-трактор шеберханасы, автогараж, кеңсе, балалар бақшасы, монша, Мәдениет үйі кеңшар орталығы – Жаңажолдың сәнін кіргізді.
Жоламан Сақыпкерейұлының адалдығына, адамгершілігіне тәнті азаматтардың бірі – өңірдің сыйлы ақсақалы Болат Сағындықов. Тағдырдың жазуымен екеуінің жолы “Бұлақ” кеңшарында түйіскен. Бірі – директор, екіншісі – бас агроном. Ағалы-інілі сияқты сыйласқан. Болат Мағазұлының айтуына қарағанда, Жокең оны жас маман ретінде жақсы қарсы алып, үлкен қолдау, сенім көрсеткен. Сырттай сынап, бақылап жүрген. Қаншама маңызды жұмыстар тапсырса да, ішкі ісіне араласпаған.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Владимир Бубенко тәлімгері жайлы “басшымын деп шіренбейтін, өте қарапайым еді. Қатардағы жұмысшы ма, қызметкер ме, жас па, кәрі ме – алалауды білмейтін”, – деп ерекше жылулықпен еске алады.
“Молодежное” кеңшары – қазақтың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың туған жері. Сарытомар ауылы оның құрамына кірді. Шаруашылыққа жетекшілік еткен Жоламан Сақыпкерейұлы қасиетті өлкенің қадірін арттыру жолында да өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарды.
Құйма құлақ, көнекөз қариялардың бірі Зейнолла қажы Олжабаев замандасымен Булаев қаласында танысып, бірден тіл табысып кетіпті. Екі жас кішілігіне қарамастан құрдас етіп алыпты. Зілсіз, риясыз көңілмен айтылған әзіл-қалжыңдары жарасып тұратын. Екеуінің достығы кейінгі отбасылық әулетке жалғасқан.
Ағамыз 1992 жылы құрметті зейнет демалысына шықса да, қоғамдық жұмыстардан қалмай, жастардың ақылшысына, тәлімгеріне, қамқоршысына айналды. Облыстық ақсақалдар алқасының белді мүшесі ретінде ұлттық құндылықтарды ел арасында талмай насихаттай білді. Ол кісі – бақытты, өйткені “жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді”, – демекші, артында ұлағатты ісі, есімін ардақтайтын ұрпағы қалды. Бүгінде әулеті – бір қауым ел, түрлі жауапты қызметтерде еңбек етеді.
“Әкемізді бәріміз үлгі тұттық. Өзінің ешкімге ұқсамайтын мінезімен, болмыс-бітімімен ерекшеленіп тұратын. Өте мейірімді болды. Дұрыс тәлім-тәрбие бере білді. Уәдеге берік, досқа, ағайынға адал, бауырмал болуды айтудан жалықпайтын”, – дейді асқар тау әкесі жайлы үлкен ұлы Асқар.
Бір кітапқа арқау етілген Жоламан Сақыпкерейұлының өмір өткелдері басқаларға үлгі-өнеге десек, артық айтқандық емес.
Сағындық РАХЫМЖАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.