«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ – ТАБЫС КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Он шақты жыл бұрын “Шаруа қожалықтары болашақта табысты болғылары келсе, тауарлы-сүт фермаларын ашулары тиіс” деген ой айтылған болатын. Себебі егін шаруашылығын қанша әртараптандырсақ та, ауа-райына тәуелді. Оған өткен жылы көзіміз жетті. Ал малды етке өткізу үшін өсіру де табысқа кенелтер кәсіп емес. Оның орнына тауарлы-сүт фермаларын салу – табыс көзі ғана емес, жыл бойғы тұрақты жұмыс орны.

Бұл айтылған ой тек соңғы бес жылда қарқынды жүзеге асы­рыла бастады. Ал Еуропа мен Америка Құрама Штаттары тауарлы-сүт фермасының пай­да­сын көріп отырғанын осы кез­де білдік. Мұны сол жаққа ба­рып, тәжірибелерімен танысып, мал, құрал-жабдықтар сатып алып келген кәсіпкерлердің өз­дері де растап отыр. Аққайың ауданындағы “Гердт ВВ” шаруа қожалығының басшысы Влади­мир Гердт тауарлы-сүт ферма­сы дамыған елдерді аралап, көр­ген-түйгенін өз шаруашылы­ғында пайдалануда.

– Біз егін және мал шаруа­шы­лығымен айналысамыз. Ал­ғаш­қы тауарлы-сүт фермасын 2017 жылы аштық. Ол кезде 100 шақ­ты сиыр сауылды. Сол уа­қыт­­та малдың саны аз болса, та­быс та мардымсыз екенін түсін­дік. Кейін мемлекеттік қолдауды пайдала­нып, “Солтүстік” ӘКК ар­қылы 400 басқа шақталған жаңа тауарлы-сүт фермасын салдық. Былтыр Австрия мен Чехиядан 192 бас сиыр әкелдік. Биыл Че­хия­дан осынша бас сиыр алуды жос­парлап отырмыз, – деді кә­сіпкер.

Сүтті мал шаруашылығын дамыту оңай жұмыс емес. Де­генмен бұл саланың жалпы та­бысы мал шаруашылығынан алы­натын жалпы табыстың 60 пайызынан асады екен. Сон­дықтан бұрын егін шаруашылы­ғымен айналысқан агроқұры­лым­дардың мал өсіріп қана қоймай, тауарлы-сүт фермасы­на ойысуы – осының айғағы.

Алты жылдан бері осы са­ланы бүге-шүгесіне дейін зерт­теп, тәжірибе жинақтап жүрген Вла­димир Гердт қалыптасу жо­лы­нан өткендерін айтады. Бү­гінде күнделікті сүтті өткізуден пайда тауып отырған шаруа­шы­лық жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызу үшін төлдеу және жаңа туған бұзауларды күтіп-бағатын бөлімше салып­ты. Ендігі мақ­сат­тары – жылына 2 мың тон­наға дейін сүт тап­сыру. Бұл жос­пар орындалса, шығын да жа­былады, табыс та артады. Қа­зіргі таңда сүтті об­лыс орталы­ғындағы “Eurasian milk” серіктестігіне өткізеді екен.

– Біз 1998 жылдан бері жұ­мыс істеп келеміз. Әуелде егін шаруашылығымен ғана айналыс­тық. Қазіргі таңда мал ша­руа­шылығын да дамытып жа­тырмыз. Өткен жылы ауа райы­ның қолайсыздығынан көптеген шаруашылықтар шығынға ұшы­рағаны белгілі. Ал мал шаруашылығын қатар дамытсақ, қиын сәттерде бірінің пайдасы екін­шісінің шығынын жабады. Сон­ымен қатар мал шаруашылығы тұрақты жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік береді. Осы ретте мемлекет тарапынан зор қол­дау көрсетіліп жатқанын айта кеткен жөн. “Солтүстік” ӘКК мал және қажетті қондырғыларды сатып алуға несие береді. Не­сиенің жылдық мөлшерлемесі – 4 пайыз. Сондай-ақ екі жылға дейін “несиелік демалыс” қарастырылған. Ал құрылысты өз есебіміз­ден саламыз. Фермада Ресей, Түркия, Италия елдерінен әке­лінген жабдықтар орнатылған, – деді Владимир Гердт.

Қазіргі таңда фермада 30-дан астам адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылған. Алдағы уа­қытта жұмысшылардың қатары артады. Сауыншылар 15 күн жұ­мыс істеп, осынша күн демала­ды. Айлық табысы – 250 мың теңге. Болашақта мал басын кө­бейтуді жоспарлап отырған ша­руашылық иесі сауыншылар­дың табысы әлі де артатынын айтып отыр. Бірақ бір “әттеген-айы” да жоқ емес. Ауылды жер­лерде маман тапшылығы ай­қын сезіледі. Сондықтан бола­шақта қажет болар сауыншы­ларды да қазірден өздері даяр­лап жатыр. Бұдан бөлек, мал дә­рігері, зоотехник пен бригадир қажет.

– Ауылда еңбек етемін де­ген адамға жұмыс табылады. Тек адал қызмет ету керек. Бізге қажетті мамандар колледж­дер­де, жоғары оқу орындарында даярланады. Бірақ қолдарына құжаттарын алғаннан кейін бас­қа салаға ауысып кетеді. Бұл салада білікті маман болу үшін оны жан-тәніңмен жақсы көруің керек. Бүгінгі таңда сиырларды қолдан ұрықтандырамыз. Бұл жұмысты Көкшетау қаласында­ғы ветеринарлық қызмет ор­та­лығы жүзеге асырып отыр. Жа­санды ұрықтандыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазір ай сайын 25 сиыр бұзау­лайды. Сонда сүт жыл бойы үзілмейді. Бұрынғыдай “жазда сүт көп, қыста аз” деген ұғым жоқ, – деген Владимир Вольде­марович нарық талабына сәй­кес малды күтіп-бағу әдіс-тә­сіл­дері де жаңарғанын айтады. Сиырға шөп, жем берумен шек­телу – жеткіліксіз. “Сиырдың сүті – тілінде” екенін ескерсек, олардың дұрыс тамақтануы ма­ңызды-ақ. Сүттің сапасын жақ­сартып, сиырдың денсаулығы мықты болуы үшін үйлестірілген жемазық беру керек. Ал бұл та­лаптардың барлығын сақтау үшін білікті кадр қажет.

Кез келген кәсіпкер бір істі бас­тамас бұрын, оны жан-жақ­­ты зерттейді. Болашақта сүт­ті және етті қайта өңдеу бойынша цех ашуды жоспарлап отырған шаруашылық иесі тауарлы-сүт фермасының жұмысы қандай болуы керек екенін Германия, Франция, Чехия, Дания, Ав­стрия елдерінде көргенін айта­ды. Олардың тәжірибесі бізден көш ілгері және бұл салаға де­ген көзқарас та өзгеше екен. Біз тек жатпай-тұрмай үйреніп, өзі­мізге бейімдеуіміз керек.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp