Уәлиханов ауданында жолды қар алуына байланысты құтқарушылар жедел медициналық көмекке мұқтаж 2 әйелді ауруханаға жеткізді.
18 ақпан күні сағат 01:30-да “101” жедел арнасына Телжан ауылдық округінің әкімі хабарласып, Көбенсай ауылына жол талғамайтын көлік жіберуді сұраған. 60 және 34 жастағы екі әйелге шұғыл медициналық көмек қажет болған, біреуі қолын сындырып алса, екіншісінде соқыр ішектің белгілері болған. Бірер күн болған боран салдарынан жолды қар алып қалып, олар өздігінен аудан орталығына шыға алмаған.
Көмекке жақын орналасқан Талшық ауылының №8 өрт сөндіру бөлімінен ТРЭКОЛ арнайы көлігі дереу жолға шығарылып, зардап шеккендерді Уәлиханов ауданының орталық ауруханасына аман-есен жеткізді.
Олардың бірі – Урзия есімді әйел қызметкерлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.