«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК АДАМЫНА — ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық бастамаларға, оның ішінде азаматтардың әл-ауқатын сапалық жағынан жақсартып, инклюзивті арттыруға, еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғауға, яғни бәсекеге қабілетті адами капиталды, оның еңбекқорлық және кәсібилік қасиеттерін дамытуға әркез қолдау көрсетіп келеді. “Qazaqstan” ұлттық арнасына берген “Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан” сұхбатын еске түсірейікші. Онда “бәріміз еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады” деген сөздер бар. “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында “біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу” дей келіп, әр адам өзін үздіксіз жетілдіру, жаңа кәсіптерді игеру, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы бәсекелестік қабілетті, білім мен технологияны, ел дамуының басты қозғаушы күші – жоғары еңбек өнімділігін арттыру міндеттерін қойды. “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында азаматтардың мүддесі мен сұранысы еліміздің экономикалық даму стратегиясының өзегі саналатыны, сондықтан адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болу, осыған орай еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу тиістілігі атап көрсетілді. Қазіргі еңбек нарығында ауқымды өзерістердің болып жатқанына қарамастан өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Былтыр кәсіпорындарда 35 жазатайым оқиға орын алып, 38 адам зардап шекті, 10 адам көз жұмды. Оның ішінде кәсіподақтар қатысатын 10 ұйымда өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша Жол картасы әзірленді. Үкіметтің 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға, жоюға бағытталады деген сенімдеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарды әлеуметтік қорғау тетіктері әзірленіп, ең төменгі жалақы мөлшері біртіндеп өсіріле бастады. Биыл 1 қаңтардан бастап оның көлемі 85 мың теңгеге жеткізіліп, 1 млн. 800 мың адамды, оның ішінде бюджеттік ұйымдарда еңбек ететін 350 мың азаматты қамтыды. Бір сөзбен айтқанда, Президенттің “кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн”, – деген талап-нұсқаулары облыстық кәсіподақтар орталығының даму бағыты мен сапалық қызметіне түбегейлі өзгерістер енгізіп, түпкі мақсат ұжым мүшелерінің тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Берекелі қоғам мен әділ мемлекет құру – 65 мыңнан астам адамды біріктіретін 1265 бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі ұстанымы. Қоғамның басты байлығы, ұлт игілігінің қайнар көзі – еңбек адамын құрметтеу, негізгі құндылық ретінде дәріптеу, еңбек үдерісін жақсарту, әлеуетін нығайту, соған орай іс-қимыл бағдарламаларын жетілдіріп отыру миссиясын “Кәсіптік одақтар туралы”, Еңбек кодексі заңдарымен үйлестіріп, реттеп отырады. Бұл орайда Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламалық құжатының мәні айрықша. Бұдан бөлек, еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасындағы тең құқықтық диалог, тиімді әлеуметтік жауапкершілік мүмкіндіктері 6 салалық, 8 жергілікті, 13 аудандық, 2 қалалық бірлестік пен 14 үйлестіру кеңесі арқылы да жүзеге асырылады. Жыл өткен сайын кәсіподақ қозғалысының кеңейіп, бұқаралық сипаты арта түскені байқалады. Оның бір дәлелі – мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және басқа салаларда 22 бастауыш кәсіптік ұйымының құрылуы. Бүгінде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты, ұжымдық еңбек даулары тіркелмеген, жалақы бойынша берешек және әртүрлі еңбек тәуекелдері жоқтың қасы.

Кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің шешімімен 2023 қауіпсіз еңбек жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің жұмыс кестесі бекітіліп, оған кәсіподақ мүшелерімен қатар техникалық инспекторлар да жұмылдырылды. Жарақатсыз еңбек ортасын қалыптастыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға, лайықты еңбекті бағалауға, әлеуметтік кепілдіктерді орнықтыруға баса назар аударылды. Мәселе үйлестіру кеңесінің отырысында бірнеше рет қаралып, тиісті орындарға түйінді түйткілдерді шешу жолдары жолданды. Үш-жақты келісім түрлі ұсыныстармен толықтырылды. Еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құру, олардың жұмысын жандандыру, жұмыс орындарын тексеру, қосымша міндеттемелер қабылдау бастамалары қолдау тапты. Еңбек кодексі және “Кәсіптік одақтар туралы” Заң нормалары шеңберінде 1073 техникалық инспектор 934 өндірістік кеңес құрамында тұрақты қоғамдық бақылау жүргізді. 4690 тексеру кезінде 7675 заң бұзушылық анықталып, 7612 құқық бұзушылық жойылды. Нәтижесінде өндірістік жарақат алу көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Техникалық инспекторлардың жұмысын ынталандыру әлеуметтік әріптестік құжаттары арқылы бекітілген. Киров атындағы зауыттың басшылығымен бас келісімді іске асыру барысында еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторға ай сайын 1 АЕК мөлшерінде көтермелеу төлемі жүргізілді. Өкінішке қарай, кей кәсіпорындарда техникалық инспекторлардың жұмысын ынталандыру шарттары орындала бермейді. Бұл норма 2024-2026 жылдарға арналған бас келісімге қайта енгізілді. Бұдан былай техникалық инспекторлар үш жылда бір рет кәсіптік қайта даярлау курстарында білімдерін жетілдіретін болады.

Еңбек ұжымдарымен кездесулерде зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс үшін жеңілдікті зейнетақымен қамсыздандыруды қалпына келтіру ұсыныстары бірнеше рет қозғалған болатын. Қазіргі уақытта бұл сала бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселесінің оң шешілгеніне бәріміз куәміз. Жолдауда жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда 55 жастап бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді.

Атқарылған шаралар нәтижесіз емес, өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеп, 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1000 адамға шаққанда жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициенті – 0,15-ті құрады. Кәсіподақ орталығы үшжақты комиссияның отырысында барлық кәсіпорындарда “Жол картасы” болу талабымен шығып, ұсыныс қабылданды. Сындарлы диалог алаңдарында қауіпсіз және жарақатсыз еңбек тақырыптарына арналған проблемалар ұдайы талқыланып отырады. Техникалық инспекторлардың, ұйымдардың, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерінің, құрылымдық бөлімшелердің қатысуымен 29 семинар ұйымдастырылды. Кәсіподақтар федерациясының “Үздік техникалық инспектор” конкурсының жергілікті жеңімпаздары мен жүлдегерлері аз емес. Кәсіподақтар үйінің ғимараты алдына қауіпсіз еңбек жылы логотипі бар баннер орналастырылды. Ақпараттық алаңдар, қолданыстағы стендтер жаңартылды. Озық іс-тәжірибелер БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы таратылып, 842 материал орналастырылды.

Еңбек қатынастарын реттеудің негізгі нормативтік-құқықтық актісі Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер әлеуметтік жеңілдіктер мен өтемақы төлемдерінің кепілді төленуіне міндетті. Жыл басынан бері 6056 ұжымдық келісім жасалды, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санының 97,1 пайызын құрайды. Ұжымдық келісімшарттар әлеуметтік жеңілдіктермен сипатталады. Мысалы, Оңтүстік Урал темір жолы Петропавл бөлімшесінің қызметкерлері үшін жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы 28 күнтізбелік күн болып белгіленді, машина жасау қызметкерлері үшін 1 санаттағы қызметкердің жалақысы 1,2 тарифтік мөлшерлемеге көтерілді. “Қазпошта” АҚ облыстық филиалында қысқарту негізінде жұмыстан босатылған қызметкерлерге жаңа жұмыс іздеу үшін, жалақысы сақтала отырып, аптасына кемінде 2 сағат бос уақыт беріледі. “Молсервис” ЖШС-да барлық қызметкерлерге 0,5 мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.

Облыстық кәсіподақтар орталығы жұмысшы-қызметкерлердің инфляция деңгейінен төмен емес жалақысын міндетті индекстеуді бекіту, тиесілі міндеттерді орындау кезінде азаматтық-құқықтық шарттарды алып тастау, қосымша демалыс күндерін, ай сайынғы қосымша ақыларды және тағы басқа көтермелеулерді ұсыну арқылы техникалық инспекторларды ынталандыру сияқты өзекті мәселелер бағытында өз жұмысын жалғастыра түспек. Табиғаты қатал өңірлерде еңбекақыны 25 пайыз мөлшерінде көбейту ұсынысы да жіті назарымызда. 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбектің жаңа тұжырымдамасын іске асыру, еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру, үшжақты әріптестікті нығайту басты міндеттер болып қала береді.

Ерік НҰРАҚАЕВ,

облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp