«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мағжан мен Мансұр Халлаж

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Заманында “Мен – Хақпын” деген әйгілі ұстанымы үшін опат болған мистик шайыр Мансұр Халлаж бен “өзіме өзім табынам” деп жырлаған Мағжан Жұмабаев арасындағы рухани үндестік таңғалдырмай қоймайды.

875 жылы парсы даласын­да дү­ниеге келген шайыр Ман­сұр Халлаж – Ахмет Ясауи хик­метте­рінде ерекше құрметке ие тұлға. 12 жасында Құранды то­лық жат­та­ған Мансұр есейе бе­ре діннің қасаң қағидаттарын мансұқтап, Құдайды мешіттен емес, жүрек­тен іздеу керектігін уағыздай бас­тайды. Тіпті жағ­дайы келмеген мұсылмандар үшін Шалкиіз жы­раудың Би Те­мірге айтатынын­дай, “жығыл­ған­ды тұрғызсаң, жы­лағанды жұ­батсаң, қисайғанды тү­зет­сең” қа­жылық сауабы дəл со­лай са­ған да жазылады деп тү­сіндіре бастайды. Сəйкесінше, ша­йыр догмашыл дін қазила­ры­­ның қы­тығына одан сайын тие береді.

Дəл осы ұстаным Мағжан­ның “Мешіт һəм абақты” өлеңін­де əке мен бала диалогі ретінде көрініс та­бады. Онда ақын діни буква­лизмді қатты айыптайды:

“Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым,

Ерігіп, қуған болып ата заңын.

Анда-санда домалап бармағы үшін,

Салдырған өзіне арнап “жуан қарын”.

Бес минут “жатып-тұрып”, жуып алмақ,

Былғанған бұзықтықпен ұят-арын”.

Бұл түсінікті Абайдың “Ал­ла­­ның өзі де рас, сөзі де рас” өлеңі­нен кең тарқатуға болады. Онда адамның бойындағы үш сүю: Ал­ланы сүю, адамды сүю жəне əді­летті сүю бекімей жа­тып, ғиба­дат-құлшылықтың та­тымды же­міс бермейтіні ай­ты­лады. Не бол­маса Шəкəрімнің “Анық асық – əулие” өлеңінде де ішкі дүниенің та­залығы сырт­қы көріністен ар­тық тұра­тыны баса назарға алы­нады:

“Таспиық, сəлде, жайнамаз,

Тастамасаң қыс пен жаз.

Жүрегiң болса тайғақ саз –

Сопысынып қылма наз”.

Солай Мансұрдың жүрек ілі­мі ел ішнде кең етек ала бас­тай­ды. Ке­йін оның ақиқат (хақ­тық) жай­лы мəлімдемесі билік­тің ең қатал жазасына кесілуіне себеп бол­ды. Ол Халлаждың “Əнел Хақ” де­ген жария сөзі еді. Яғни “мен – Құдаймын, мен – хақ­пын”, – деп сөйлейді рухты шайыр.

Мағжан да өзінің “Мен кім?” өлеңінде құдайлық құдіретін бай­қата жырлайды:

“Өзім – тəңірі, табынамын өзіме,

Сөзім – Құран, бағынамын сөзіме!”

Ескеру керек. Бұл ешқандай да эгоистік-нарцистік сөз емес. Бұл жерде ешқандай “мен” атау­лы жоқ. Керісінше мұнда – пен­деліктің пердесін жыртып, Алла­лық ареалдан асқақтап сөй­леген ақынның рухы.

Мансұр да, Мағжан да ға­шық­­тықты асқан шеберлікпен өзінше жырлады. Жəне түбі осы ғашық­тық сезімі оларды күллі дүниенің “Тəңірі” қылып сөйлетті. Мейлі, екі тұлғаның өмір салты, алған бі­лімі, түйген түсінігі бірдей бол­ма­сын, бірақ та олардың əділетке, ұлы ақиқатқа ұмтылған ақын жү­ректері өзара бір тактіде соғып тұрғандай əсер қалдырады.

Абзал МАҚАШ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp