«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жарық құны қымбаттады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде кезекті рет электр энергиясының бағасы өсті. Ақпан айының ортасынан бастап қызмет құны 3,85 теңгеге қымбаттап отыр. Бұл ретте тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар үшін баға әртүрті есептеледі. Тұрмыстық қажеттіліктер үшін қызмет құны 1 кВт/ сағатқа 19,2, тұрмыстық емес қажеттіліктер үшін 31,2, мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын заңды тұлғалар үшін 38,9, әлеуметтік маңызы бар тауарлар шығаратын нысандар үшін 27,52 теңгеге жетті. Қызмет құны қосымша құн салығын есепке ала отырып белгіленіп отыр. Тұрғындар үшін баға өсімі 3,2 теңге болса, заңды тұлғаларға 4,08, бюджеттік ұйымдарға 4,97, әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер үшін 3,85 теңге.

Жауапты компания өкілдері баға өсімін электр энергиясына қатысты өзге де қызмет түрлерінің қымбаттауымен байланыстырып отыр. Мәселен, бірыңғай сатып алушыдан алынатын 1 кВт/сағат энергия құны 11,01 теңгеден 12 теңгеге дейін өскен. Ал “KEGOC” акционерлік қоғамының ұлттық желілерін пайдалану 1,651 теңгеден 1, 943 теңгеге жеткен.

Мамандардың есебінше, жаңа тариф бойынша орта есеппен 1 бөлмелі пәтер үшін жарық төлем 340 теңгеге, 2 бөлмеліде 640, 3 бөлмелі үйде 850 теңгеге артады.

Тарифтің қымбаттауына өңірдегі электр желілерінің тозуы да әсер етіп отыр. Мысалы, “Солтүстік Қазақстан ЭЖТК”-тың желілерінің 95 пайызы тозған. Қазіргі қарқынмен кете берсе бірнеше жылда тозу көрсеткіші 97 пайызға жетуі мүмкін. Қолайсыз ауа райы салдарынан елді мекендерде жарық жиі өшеді. Жөндеу бригадаларындағы қызметкерлердің аздығынан ақауды қалыпқа келтіруге де көп уақыт кетеді. Саладағы кадр тапшылығы мәселесі өзекті. Бүгінде электр энергиясы саласында жүздеген жұмыс орны бос тұр. Мамандардың жалақысы да айтарлықтай жоғары емес. Өткен жылдың соңында тарифті өсіру туралы ұсыныс айтқан компания өкілдері енді қызмет сапасын да жақсартса игі.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp