Саясаткер әйелдер клубының мүшелері бас қосып, жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелерді талқылады. Бүгінгі таңда аталған клубқа 60-қа жуық белсенді қыз-келіншек мүше. Олардың дені – депутаттар. Ал әр депутат – ол белгілі бір саланың тұтқасын ұстаған білікті маман. Яғни қоғамды толғандырып отырған мәселеге қанық, саясаттан хабары бар.
– Біз өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің, үкіметтік емес ұйымдардың рөлін талқыладық. Сонымен қатар қазір қоғамды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер толғандырады. Шараға жиналғандар әр сала бойынша тәжірибесі мол маман болғандықтан, түрлі мәселені қозғайтыны анық, – деді саясаткер әйелдер клубының жетекшісі Зәуре Қартова.
Жалпы аталған клубтың мақсаты – саяси көшбасшылыққа бейімделген әрі саяси мәдениеті бар маман тәрбиелеу. Осы ретте “Әйелдердің саяси көшбасшылығы” деген мектеп құрылған. Қазір онда бірнеше қыз-келіншек білім алып жатыр.
Жиын соңында саясаткер әйелдер клубының мүшелері өзара ақылдаса отырып, жыл бойы атқаратын жұмыстың жоспарын құрды.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.