Өңір полицейлері ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күреске бағытталған “Antifraud” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері үш күн бойы адамдар көп жиналатын орындарда жадынамалар таратып, желілік алаяқтардың негізгі айла-тәсілдері туралы айтты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары алаяқтар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерге мониторингті күшейтті. Полицейлердің айтуынша, кибералаяқтарға алданып қалған адамдардың кейбірі полицияға жүгінбейді екен.
Облыс тұрғындарымен сөйлесу кезінде және әлеуметтік желілердегі пікірлерді тексере келе осындай 8 факті анықталған. Олардың барлығы интернеттегі хабарландырулар арқылы тауарлар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасаумен немесе бөгде біреудің атына шағын несие ресімдеумен байланысты.
“Басқа біреудің атына шағын несие ресімдеу – көбінесе жәбірленушінің жақындарының қатысуымен жасалады. Шағын несие ұйымдарының қызметтерін пайдаланбайтын егде жастағы адамдар бет-әлпет арқылы фото-видео растау қажет екенін білмегендіктен жиі зардап шегеді”, – дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
“Qyzyljarnews.kz”.