Ұлттық банк былтыр жыл соңынан бері ақша-несие саясатын біртіндеп жеңілдетіп келе жатыр. Бұл өз кезегінде 2022 және 2023 жылдардың тең жартысы бойы ұсталған жоғары базаның әсерінен төмендеген инфляция деңгейімен байланысты. Сарапшылар Ұлттық банк жуырда мөлшерлемені кезекті рет төмендетеді деп күтеді. Дегенмен мән беріп қарайтын кей фактор да бар.
Сарапшы Владислав Туркиннің айтуынша, базалық мөлшерлеме 0,5-1 пайыздық тармаққа төмендетілуі мүмкін. Көп жағдайда 0,5 пайыздық тармақтың ықтималдылығы жоғары.
“Ай сайын жылдық инфляцияның баяулауы байқалып жатыр. Бұл нақты мөлшерлеме мәнін қалыпты қатаңнан қатаңға қарай ығыстырып келеді. Қазір елімізде ең жоғарғы нақты мөлшерлеме тіркеліп отырғанын айта кетейін. Сонымен қатар қазір қайта нығайған теңге бағамы байқалады. Бұл да теңгелей активтер ұсынысына және нақты мөлшерлеме мәніне әсер етеді.
Белгілі бір теңсіздікті меңзеп тұрған айқын сигналдардың бірі – бейрезиденттердің біздің бағалы қағаздарға деген үлкен сұранысы. Толыққанды ұзақмерзімді инвесторларға қарағанда, тасымалдаушы трейдерлердің мұндай ағыны әдетте сыртқы қатысушыларға алыпсатарлық пайда алуға мүмкіндік беретін белгілі бір бұрмаланудың болуын көрсетеді. Мұндай теңгерімсіздікті жоюдың екі тәсілі бар, бірі – нарықтағы валюта ұсынысын қысқарту. Яғни бұл – ұлттық қордан трансфертті азайту. Екіншісі – теңгелей активтердің тартымдылығын төмендету. Бұл дегеніміз – осы айтып отырған мөлшерлеме мәселесі”, – дейді.
Айтуынша, былтыр мөлшерлемені төмендете бастаған кезде теңге курсының айтарлықтай құбылуы және әлсіреуі аңғарылды.
Оның сөзінше, қазіргі мөлшерлемені сақтап қалу ықтималдылығы төмен. Егер солай істегісі келсе, онда ол экономикадағы айтарлықтай тәуекелдер мен мәселені, тиісінше мықты негіздемені талап етеді.
Биыл қаңтардың соңында жылдық инфляция 9,5 пайызды құраған еді. 2023 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа ғана төмендеді. Алайда инфляцияның бір таңбалы деңгейіне қол жеткізген кезде бұл табиғи үдеріс саналады.
“Қазақстанда 6 пайызға тақау тұрған нақты мөлшерлеменің жоғары деңгейі тіркелді. Бұл күтпеген сыртқы күйзелістердің болмауы жағдайында базалық мөлшерлеменің одан әрі төмендеуі траекториясына негіз береді. Біздің пікірімізше, кезекті отырыста базалық мөлшерлемені 50-100 базалық тармаққа, 14,25-14,75 пайыз аралығында қалдыруға болады. Бұл шешім инфляцияға жеткілікті тежеуші әсерді сақтай отырып, экономикаға ынталандыру тұрғысынан әсер етер еді”, – деп түйіндейді.
Еске салайық, қазір бізде базалық пайыздық мөлшерлеме – 15,25 пайыз. Жылдық инфляция – 9,5 пайыз. Инфляция бойынша мақсат – 5 пайыз.
Әсет ҚАНАФИН.