Ақпан айынан бастап елде бизнесті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламада бизнесті субсидиялаудың жаңа бағыттары қарастырылған. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жоғары технологиялық қызмет көрсету салаларына басымдық берілмек.
– Жаңарған бағдарлама мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Кешенді шаралар аясында шағын және орта бизнеске, қалалар мен ауылдардағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Біз мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтып, кәсіпкерлер қаржыны нарық ережелеріне сай алса дейміз. Сонымен қатар қор биржасындағы жұмысты жандандыруға ниеттіміз. Онда кәсіпкерлер нарыққа құнды қағаздарын шығару арқылы инвестиция тарта алады, – дейді “Damu” кәсіпкерлікті қолдау қорының бағдарламалар менеджері Әсел Сыздықова.
Жаңа тәсілдер шеңберінде несие бойынша субсидиялаудың да ережелері өзгереді. Басым бағыттар бойынша несие алған кәсіпкер қаржыны үш жылда 8, төртінші жылдан 9, бесінші жылдан 10 пайыздық өсіммен қайтарады.
– Осы күні етті, сүтті және астықты терең өңдеуге, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ, металдарды терең өңдеуге, мұнай, газ және көмір химиясына, ауыр машина жасауға, уранды конверсиялауға және байытуға, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндірісіне назар аудару қажет. Бұл ел экономикасын өркендетіп, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады, – дейді Әсел Сыздықова.
Бүгінге дейін бағдарлама бойынша өңірде 17 субсидия мақұлданса, тағы 8 кепілдеме қаралып жатыр. Өткен жыл бойынша “Damu” қорының өңірдегі филиалы құны 51 млрд. теңге болатын 559 жобаға қолдау көрсеткен.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.