Мемлекет басшысы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде тиісті тапсырмалар беріп келеді. Әділ және бәсекелі экономика қалыптастыру үшін заңдылық сақталуы тиіс. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстардың құқықтық тұрғыдан қорғалуына ерекше мән берілуі – осының айғағы. Инвестициялық жобаларды қорғауда прокуратураның жаңа міндеттерін білу үшін облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттармен әңгімелестік.
– Әбу-Әли Анарбайұлы, өткен жылы Мемлекет басшысы прокуратура органдарына инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі функцияны жүктеді. Қазіргі таңда Бас прокуратура бұл мәселемен белсенді айналысып жатыр. Бұл жұмыс біздің облыста қалай жүргізілуде?
– Мемлекет басшысы аса маңызды міндет жүктеді. Өткен жылы облыстың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі нақты көлем индексінен 382 млрд. теңгені, инвестициялар өсімі 4 пайызды құрады. Жеке инвестициялар көлемі – 314,6 млрд. теңге. Бүгінгі таңда өңірде 31 инвестициялық жоба қолға алынған. Олар бойынша еліміздің Бас Прокуроры бекіткен “Инвестицияларды қолдау және маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі заңдылыққа прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы” нұсқаулыққа сәйкес прокурорлық сүйемелдеу жүзеге асырылады.
Өткен жылы облыс прокуратурасының жанынан фронт-офис ашылды. Оның қызметі инвесторлардың проблемаларын жедел шешуге және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған. Фронт-офис құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер палатасының және “KAZAKH INVEST” өкілдері кірді. Ай сайын фронт-офис отырыстарында инвесторлардың проблемалық мәселелері, оларды шешу жолдары талқыланады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы іске асыру үшін Бас Прокурордың бұйрығымен осы жылдан бастап облыс прокурорының инвестициялар жөніндегі аға көмекшісі лауазымы енгізілді. Сонымен қатар прокуратура органдарында 24/7 режімінде жұмыс істейтін инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі Сall-орталық және мобильді топ құрылды.
Облыс прокуратурасының басшылығы бизнес-қоғамдастықпен үнемі жеке қабылдаулар мен көшпелі кездесулер өткізіп тұрады. Қабылданған қадағалау шараларының нәтижесінде инвесторларды ұзақ уақыт әуре-сарсаңға салған бес мәселе шешілді.
– Оқырмандарға түсінікті болу үшін осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.
– Біз өңірге 193 млрд. теңгеден астам сомаға инвестиция салуды жоспарлап отырған 5 инвесторға көмектестік. Мәселен, “Тобыл Моторс” ЖШС инвесторы (мультибрендтік автосалон салу жобасы) 3 ай бойы жергілікті атқарушы органдардан сәулет-жоспарлау тапсырмасын ала алмаған. Заң талаптарын түсіндіру арқылы қабылданған қадағалау шараларының нәтижесінде инвесторға тиісті рұқсаттар берілді.
Ал “ATM Petropavl Hospital” ЖШС инвесторы (көпсалалы аурухана салу жөніндегі жоба) қосалқы станцияның болмауына байланысты электр желілеріне қосыла алмаған. Прокуратура араласқаннан кейін ғана инвестор “СКРЭК” АҚ монополисінің баламалы электр желілеріне қосылды. “Алисарай” ЖШС инвесторы (тауарлы-сүт фермасын салу жөніндегі жоба) 500 млн. теңге сомасына мемлекеттік қарыз алуда әкімшілік кедергілерге тап болған. Инвестордың қатысуымен өткен фронт-офис отырысында осы мәселе қаралып, мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар бере отыра, оны шешу бойынша ұсыныстар әзірленді. Прокуратураның үйлестіруімен инвестордың проблемасы шешіліп, мемлекеттік қарыз берілді. Енді инвестор жобаны алаңсыз жүзеге асыра алады.
Сонымен қатар “TFA Group” ЖШС инвесторы (керамикалық кірпіш өндіретін зауыт салу жөніндегі жоба) экологиялық рұқсат алу үшін монополистен келісуден өту бөлігінде кедергіге тап болған. Жағдайды зерделеу арқылы табиғи монополиялар субъектісінде келісуден өту міндетті емес екені анықталды. Фронт-офис алаңында облыстың экология департаментіне бюрократиялық кідірістерге жол бермеуге және инвесторлардан артық құжаттаманы талап ету практикасын тоқтату жайы айтылды. Қадағалау органының үйлестіруімен “TFA Group” ЖШС-ға оң экологиялық қорытынды берілді. Барлық инвестициялық жобалар бойынша сүйемелдеу жалғасуда және жеке бақылауға алынған.
– Өткен жылдың соңында прокуратура органдарында “Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі” жобасы іске қосылды. Осы жаңашылдық қаншалықты тиімді?
– Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда “Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі” жобасы енгізілді. Онда барлық мемлекеттік органдарға және ұлттық компанияларға инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шешімдер мен шараларды прокуратурамен келісу тапсырылды. Бұл қызметті тоқтата тұруға, лицензиялар мен басқа да рұқсат құжаттарын қайтарып алуға, келісімшарттарды біржақты бұзуға, салықтық тексерулерге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және басқа да әрекеттерге қатысты. Мұндай шаралар инвесторлардың мүдделерін қорғауға және елде қолайлы инвестициялық орта құруға бағытталған. Сүзгі талаптары барлық жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға жеткізілді.
Жыл басынан бері облыс прокуратурасына келісу үшін орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөнінде 26 материал келіп түсті. Оның үшеуі бойынша теріс шешімдер қабылданды, себебі негіз жоқ.
Күн сайын жергілікті жерлердегі прокурорлар бақылау-қадағалау органдарына сүзгі талаптарын сақтау бөлігінде мониторинг жүргізіп отырады.
– Жалпы өңір аумағында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
– Өткен жылы кәсіпкерлік саласында 186 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, 14 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Бизнес субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 162 заңсыз қаулы жойылды, 1 млрд. теңгеден астам сомаға залал өтелді, 2214 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.
Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның кәсіпкерінің өтініші бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 2 млрд. теңгеден астам сомаға субсидиялар төлеуді заңсыз тоқтатқаны анықталды. Төлемдерді тоқтата тұруға облыстық экономикалық тергеу департаментінің ұсынымдары себеп болған. Субсидиялау қағидаларында мұндай негіздер көзделмеген. Бұл ретте кәсіпкердің барлық өтінімдері субсидиялау шарттарына сәйкес келді.
Қадағалау органының актілері бойынша аталған мемлекеттік органдардың әрекеттері тоқтатылды, екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, кәсіпкердің құқықтары 1 млрд. теңгеден астам сомаға субсидия төлеу арқылы қалпына келтірілді.
“Севказэнергосбыт” ЖШС қызметінде табиғи монополиялар туралы заңнаманың талаптарына және тарифтерді қалыптастыру қағидаларына қайшы келетін (кәсіпкерлік субъектілері қосалқы тұтынушылар санатына жатпайтын) қосалқы тұтынушылар ретінде жылу энергиясы үшін ақы есептеу фактілері анықталды.
Қадағалау актісі бойынша сот тәртібімен 96,2 млн. теңге сомасына 1 250 тұтынушыға (кәсіпкерге) қайта есептеу жүргізе отырып, монополистің әрекеттерін заңсыз деп тануға қол жеткіздік. Шешім заңды күшіне енді, талаптар орындалды.
Биылғы жылы Петропавл қаласының мемлекеттік кірістер басқармасында Мемлекет басшысының 26.12.2019 жылғы №229 “Қазақстан Республикасына барып тексеру және профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізу туралы мораторий енгізу туралы” Жарлығын бұза отырып тағайындалған 10 салықтық тексеру анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша барлық салықтық тексерулердің күші жойылды, лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін сақтау мәселесі облыстық прокуратура мамандарының бақылауында.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.