Қатты аяз күндер басталғалы Петропавл қара түтіннің астында қалды. Күн суығанда пеш тоқтаусыз жағылатыны белгілі. Алайда жер үйлердің мұржасынан шығатын түтін – ауаны ластайтын негізгі факторлардың бірі.
“Қазгидромет” филиалының дерегіне сүйенсек, ақпанның 18-і мен 19-ы күні түнгі уақытта Петропавл қаласының аумағында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар байқалған. Желдің екпіні баяулағандықтан, түтін тарамай, қара бұлттай еңсені басып тұр. Облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Дамир Жұмабаевтың айтуынша, қалада ауаның тазалығын тексеретін 4 бекет бар. Оның екеуі – стационарлық.
Қазіргі таңда ауаның ластану көрсеткіші орташа деңгейден сәл төмен. Облыс орталығында ірі зауыт-фабрикалар көп болмағандықтан ауаны ластайтын элементтер де аз көрінеді.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.