Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен қала әкімі Серік Мұхамедиев 2023 жылды қорытындылап, биылға арналған жоспармен таныстырды.
Облыс экономикасы қарқынды өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіпте өсім 114,4, инвестицияда – 117,3, құрылыста – 125,6, тұрғын үйді пайдалануға беру саласында – 101,7 пайызды құрады. Сонымен қатар өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің даму қарқынын сақтау үшін 551,9 млрд. теңгеге 45 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды, оның 11-і биыл іске асырылады.
“Облыс тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында өңірде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. “Жайлы мектеп” жобасы аясында 2 мектептің құрылысы аяқталады. Тағы 2 білім ордасын салуды жоспарлап отырмыз. Спорт саласын дамытуға да басымдық берілген. Былтыр өңірде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 жабық хоккей корты, 22 футбол алаңы, 4 спорт алаңы салынды. Биылға арналған жоспар ауқымды”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов кездесу барысында.
Өңірде жылу және электр желілерінің тозуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 299,8 километрді құрайды. Алайда олардың 65 пайызы тозған. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 23,5 мың шақырымды құраса, соның ішінде “Севказэнерго” АҚ-да 87 пайызға, ал “Көкшетау Энерго” ЖШС-да 95 пайызға ескірген.
“Облыста қазіргі уақытта электр желілерінің тозуы өте өзекті мәселе болып отыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында Үкімет пен облыс әкімдігі бірлесіп, электр желілерін жаңғыртудың жол картасын әзірлеген. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 2027 жылға дейін тозығы жеткен желілерді жаңартуға жыл сайын 4 млрд. теңге бөлінетін болады. Бүгінгі таңда 2,4 млрд. теңгені құрайтын 11 жобаны әзірлеу аяқталып, 5 жоба дайындалуда. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы 2027 жылға дейін электр желілерінің тозуы 95 пайыздан 80 пайызға дейін төмендейді”, – деді өңір басшысы.
Былтыр облыста 305 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Оның 191 мың шаршы метрі қалада бой көтеріпті. Қазіргі уақытта 11 бюджеттік, 14 коммерциялық көп қабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Өңір жастарының баспана мәселесін шешу мақсатында жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ. Қажетті қаражат бөлінді.
“Баспана алу – өзекті мәселелердің бірі. Петропавлда биыл “Қызылжар жастары” жеңілдетілген ипотекасын іске қосамыз. Оған денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, азаматтық қорғаныс және энергетика салаларында қызмет ететін жас отбасылар қатысады. Жобаға сұраныс бар, қаржы қарастырылған”, – деді облыс әкімі.
Облыс орталығында ренновация бағдарламасы аясында соңғы алты жылда 2 мыңнан астам жеке тұрғын үй бұзылып, қаланың тұрғын үй қоры жаңартылды. Нәтиже берген бұл жұмыс биыл да жалғаспақ.
“Жақында өткен халықаралық инвестициялық форумда 60 млрд. теңгеден асатын сомаға әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде Петропавлда заманауи тұрғын үй кешендері салынады. Талаптарымызды жеткіздік, онда тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін барлық жағдай ескеріледі. Сондай-ақ 18 қабаттан биік тұрғын үйлерден бас тартып, олардың құрылысына тыйым салдық. Одан бөлек, қалада нүктелі құрылыс тоқтатылады.
Шағынаудандарда құрылыс жалғасады. Ренновация бағдарламасы аясында биыл 3 апатты тұрғын үй мен 18 тозығы жеткен үй сүріліп, орнына заманауи нысандар мен соңғы үлгідегі көпқабатты үйлер салынады”, – деді Серік Мұхамедиев.
Қазіргі уақытта Петропавлда 28 апатты және тозығы жеткен 210 көпқабатты үй бар. Қала әкімінің айтуынша, алдағы бес жылда апатты және ескірген үйлердің бір бөлігі бұзылады, орнына жаңа баспана тұрғызылып, 500-ден астам адамның тұрғын үй жағдайы жақсармақ.
Жеке тұрғын үй секторында жоспар бойынша биыл 181 үй сырылмақ. Олардың иелеріне өтемақы, не баспана беріледі.
“Жаңа үйлерді салумен қатар, қолданыстағы баспананы да қалыпты жағдайда ұстау қажет. Биыл тұрғын үй саласын жаңғырту бағдарламасы аясында көпқабатты төрт тұрғын үйдің шатыры жөнделеді, тағы үшеуіне 18 жеделсаты орнатылады. Тағы 13 үй бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Облыс орталығындағы баспаналардың басым бөлігі өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған. Дұрыс күтіп-ұстамаса апаттық жағдайларға әкелуі мүмкін. Тұрғындар өз үйлеріне, яғни, мүліктеріне жауапты екенін еске саламын”, – деді Серік Мұхамедиев.
Биыл облыстағы автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінетін қаржы 7 млрд. теңгеге ұлғаймақ. Яғни жалпы 47,4 млрд. теңге бөлінеді. Қаржының 15,3 млрд. теңгесіне республикалық маңызы бар тас жолдар жөнделсе, қалған 32,1 млрд.-қа жергілікті жолдар мен көшелер қалыпқа келтіріледі. Нәтижесінде, облыстың 826 шақырым тас жолы жақсарады. Петропавл қаласының өзінде жалпы ұзындығы 37 шақырымнан асатын 51 көшені жөндеуге 5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген.
“Облыс әкімінің тапсырмасымен қиыршық тасты жолдарды асфальт бетонға көшіру бағдарламасын әзірледік. Қалада барлығы 212 осындай көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 183,2 шақырымды құрайды. Биыл 44 көшеге асфальт төселеді. Оның 39-ында бұрын-соңды асфальт болмаған. Және 5 жылдың ішінде Петропавлдағы барлық жолдарға асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз”, – деді қала әкімі.
Облыс орталығында қазіргі уақытта 600-ге жуық аула бар, оның жартысын жаңарту қажет. Биыл 60 аула жөнделмек. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген. 5 жылда барлығы 260 аула жөнделеді. Сондай-ақ қала көшелеріне 7 автотұрақ пен 20 жылы аялдама орнатылады.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қоғамдық атаулы саябақтар құрылады. Бұл бастаманы кәсіпкерлеріміз қолдап, қаржыландыруға келісті. Қолдау көрсететіндердің қатарында Геннадий Зенченко, Дмитрий Шарапаев сынды бизнесмендер, “Севказэнерго”, “Қызылжар су” және “Alageum Electric” кәсіпорындары бар. Және облыс орталығында жаңа 30 саябақ салынады. Жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, орналасатын жерлері анықталған. Бұл мақсаттарға бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Оларды кәсіпкерлер салатын болды. Әр жобаның құны 16-30 млн. теңге аралығында.
Кездесу барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен қала басшысы Серік Мұхамедиев Петропавл қаласы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Әкімдермен кездесуге келгендердің бірі Петропавл қаласының тұрғыны – Зүльфия Қабдрахманова. Ол – Парк көшесі, 21 үйдің ПИК төрайымы.
Облыс орталығындағы көпқабатты үй 2023 жылдың қарашасында пайдалануға берілген. Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін ыстық су мен жылуға жарымай отыр. Әсіресе жоғары қабаттағы пәтерлердің иелері қиындық көріп келеді.
“Әкімдікке бірнеше рет барып шағымдандым. Бірақ жауап ала алмадым. Осы мәселе қашан шешіледі? Біз күтуден шаршадық. Мен әкімнің орынбасарына да жүгіндім. Ол хабардар. Бірақ үш ай бойы жауап бермеді. Бұл үйде тұратындардың 40 пайызының мүмкіндігі шектеулі. Жуыну үшін шәйнектеп суды жылытуға мәжбүрміз”, – деді ол. Облыс әкімі бұл мәселені шешуді қала әкіміне тапсырды.
Кездесуге келгендердің қатарында “Орман” шағынауданының тұрғындары да болды. Олардың сөзінше, бұл ауданда тек 2 көше жарықтандырылған. Қалған 12-сіне жарық берілмеген. Балаларымыз таңертең және кешке сыртқа шығуға қорқады дейді олар.
“Биыл біз “Алтын дала” көшесін қайта қалпына келтіреміз. Осы жоба аясында “Орман” шағынауданындағы басқа көшелер де жарықтандырылады. Бұл көшелерді біз біртұтас қаланы жарықтандыру жобасына қосамыз. Мәселе биыл шешіледі”, – деді Серік Мұхамедиев.
Кездесуге қала тұрғыны Кристина Белых та келді. Ол жетімдер санаты бойынша әкімдікте үй кезегінде тұр. Алайда өзіне тиесілі пәтерге қол жеткізе алмаған. Облыс әкімінен көмек көрсетуін сұрады. Кристинаның айтуынша, өмірлік қиын жағдайда жүрген кейбір адамдарға бұрынғы қала әкімі уақытша пәтер берген.
“Биыл біз жетімдер санатына жататын балаларға 120 пәтер беріп үлгердік. Барлығы кезекке сай алып жатыр. Биыл жетім балаларға тағы қосымша 28 пәтер берілмек. Бұл санатқа жататын балаларға үй республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ал өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға заң бойынша тек жатақханадан бөлме беріледі. Сіз бұл мәселе бойынша менің қабылдауыма келіңіз”, – деді қала әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар Петропавлдағы шыны аялдамалардың сапасы мен қазіргі жағдайын айтып та шағымданды. Айтуларынша, олар біздің климатқа сай келмейді.
“Жалпы қалада 388 аялдама бар. Оның 284 шыныдан жасалған. Шыны аялдамаларға қатысты шағым өте көп түседі. Сол себепті қазір оларды ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Саны тым көп болғандықтан барлығын бірден жаңарту мүмкін емес”, – деді Серік Мұхамедиев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.