«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қуаныш” — көш басында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Волейболдан әйелдер командалары арасындағы ұлттық лига ойындарының төртінші туры Петропавлда өз жалауын көтерді. Плей-офф қарсаңындағы соңғы шешуші кезеңде әр клубтың артқа шегінбей, барын салатынына күмән жоқ.

Әзірге турнир кестесінде пет­ропавлдық “Қуаныш” клубы көш бастап келеді. Жерлестеріміз 20 кездесу өткізіп, 19-да жеңіске жет­се, тек бір ойында есе жі­бер­ді. Солтүстікқазақстандық коман­­­­даның еншісінде – 52 ұпай. Ал қызылжарлық бұрымдылар­дың ізін басып келе жатқан түркі­стандық “Тұран” – екінші орын­да.

– Біздің команда үшінші тур­да өскемендік “Берел” клубы­нан ғана жеңілді. Шығыс Қазақстан өңірінің спортшылары кілең жас­тардан құралған, құрамында “Ал­тай” сапында ойнаған волей­болшылар да болды. Десе де төр­тінші турда есе қайтаруға ты­рысамыз, – дейді клубтың бас бапкері Азамат Есімов.

Осы маусымда шашауына шан жұқтырмай келе жатқан “Қуа­ныш” клубы қайтсе де чем­пион атанудан дәмелі. Мұны ко­манданың чемпионаттағы қар­қынынан көруге болады. Алайда ел біріншілігінде жерлесте­рі­мізді алған бағытынан тайды­ру­ға барын салатын командалар жетерлік. Олардың қатарында – түркістандық “Тұран” мен өске­мендік “Берел” бар.

Петропавлда өтіп жатқан 4-ші турдың алғашқы ойынын жерлестеріміз түркістандық “Тұран” командасына қарсы өткізді. Алғашқы партияда жерлестеріміз қонақтарға есе жібергенімен, екінші бөлімде таразы басын теңестірді. Кейін тартысқа толы ойын 5-ші кезеңге дейін жалғасты. Қуанышымызға орай, сол­түстікқазақстандық арулар же­ңісті тұрандықтарға бермеді.

– Үшінші турда “Берел” ко­мандасы “Қуаныш” клубын же­ңіп, бізге жоғары орындар үшін таласуға мүмкіндік берді. Өзіміз болсақ, намысты қолдан бер­мей, екінші сатыға жайғастық. Ойында турнирлік кестеде көте­рілу үшін барымызды салуға тырысқа­нымызбен, бесінші партияда есе жі­бердік. Алда әлі ойындар бар. Міндетті түрде плей-оффқа шыға­тынымызға сенімдімін, – дейді “Тұран” клубының бас бапкері Асқар Шалқыбеков.

Биыл “Алтай” командасы бірқатар ойыншылардан айы­рылғаны анық. Сол себепті де Өскеменнің негізгі клубы ел бі­ріншілігінде сүреңсіз өнер көр­се­тіп келеді. Бірнеше дүр­кін Қазақстан чемпионы атанған олар, турнирлік кестеде 8-ші орында келе жатыр. 4-ші турдың екінші ойынын алтайлықтар жер­лестерімізге қарсы өткізді. Бұл кездесуде “Қуаныш” қыздары 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Ал төртінші турдың орталық матчында талдықорғандық “Же­тісу” өскемендік “Берелмен” ойнады. Спортсүйер қауым Өс­кемен қаласынан келген клуб­тың асығы алшысынан түседі деп ойлаған болар. Соңғы турларда “Берел” чемпионаттың фа­вориті “Қуанышты” жеңгені жанкүйерлердің жадында сақ­тал­ғаны хақ. Алайда бұған дейінгі біріншіліктерде ел чемпио­ны атанған, бірнеше дүркін вице-чемпионы болып келген “Жетісу” оңай шағылар жаңғақ емес екендігін дә­лелдей алды. Нәтижесінде же­ңіс Талдықорған қыздарына бұйырды. Матч 3:0 есебімен аяқталды.

Петропавлда волейболдан әйелдер командалары арасын­дағы 4-ші тур ақпанның 27-не дейін жалғасатынын атап өткен жөн. Кейін плей-офф кезеңі Түркістан қаласында наурыздың 12-сі мен 21-і күндері ұйымдастырылады. Бұл шешуші ойындарға чемпионаттың 8 клубы жолдама алмақ.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp