Волейболдан әйелдер командалары арасындағы ұлттық лига ойындарының төртінші туры Петропавлда өз жалауын көтерді. Плей-офф қарсаңындағы соңғы шешуші кезеңде әр клубтың артқа шегінбей, барын салатынына күмән жоқ.
Әзірге турнир кестесінде петропавлдық “Қуаныш” клубы көш бастап келеді. Жерлестеріміз 20 кездесу өткізіп, 19-да жеңіске жетсе, тек бір ойында есе жіберді. Солтүстікқазақстандық команданың еншісінде – 52 ұпай. Ал қызылжарлық бұрымдылардың ізін басып келе жатқан түркістандық “Тұран” – екінші орында.
– Біздің команда үшінші турда өскемендік “Берел” клубынан ғана жеңілді. Шығыс Қазақстан өңірінің спортшылары кілең жастардан құралған, құрамында “Алтай” сапында ойнаған волейболшылар да болды. Десе де төртінші турда есе қайтаруға тырысамыз, – дейді клубтың бас бапкері Азамат Есімов.
Осы маусымда шашауына шан жұқтырмай келе жатқан “Қуаныш” клубы қайтсе де чемпион атанудан дәмелі. Мұны команданың чемпионаттағы қарқынынан көруге болады. Алайда ел біріншілігінде жерлестерімізді алған бағытынан тайдыруға барын салатын командалар жетерлік. Олардың қатарында – түркістандық “Тұран” мен өскемендік “Берел” бар.
Петропавлда өтіп жатқан 4-ші турдың алғашқы ойынын жерлестеріміз түркістандық “Тұран” командасына қарсы өткізді. Алғашқы партияда жерлестеріміз қонақтарға есе жібергенімен, екінші бөлімде таразы басын теңестірді. Кейін тартысқа толы ойын 5-ші кезеңге дейін жалғасты. Қуанышымызға орай, солтүстікқазақстандық арулар жеңісті тұрандықтарға бермеді.
– Үшінші турда “Берел” командасы “Қуаныш” клубын жеңіп, бізге жоғары орындар үшін таласуға мүмкіндік берді. Өзіміз болсақ, намысты қолдан бермей, екінші сатыға жайғастық. Ойында турнирлік кестеде көтерілу үшін барымызды салуға тырысқанымызбен, бесінші партияда есе жібердік. Алда әлі ойындар бар. Міндетті түрде плей-оффқа шығатынымызға сенімдімін, – дейді “Тұран” клубының бас бапкері Асқар Шалқыбеков.
Биыл “Алтай” командасы бірқатар ойыншылардан айырылғаны анық. Сол себепті де Өскеменнің негізгі клубы ел біріншілігінде сүреңсіз өнер көрсетіп келеді. Бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы атанған олар, турнирлік кестеде 8-ші орында келе жатыр. 4-ші турдың екінші ойынын алтайлықтар жерлестерімізге қарсы өткізді. Бұл кездесуде “Қуаныш” қыздары 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Ал төртінші турдың орталық матчында талдықорғандық “Жетісу” өскемендік “Берелмен” ойнады. Спортсүйер қауым Өскемен қаласынан келген клубтың асығы алшысынан түседі деп ойлаған болар. Соңғы турларда “Берел” чемпионаттың фавориті “Қуанышты” жеңгені жанкүйерлердің жадында сақталғаны хақ. Алайда бұған дейінгі біріншіліктерде ел чемпионы атанған, бірнеше дүркін вице-чемпионы болып келген “Жетісу” оңай шағылар жаңғақ емес екендігін дәлелдей алды. Нәтижесінде жеңіс Талдықорған қыздарына бұйырды. Матч 3:0 есебімен аяқталды.
Петропавлда волейболдан әйелдер командалары арасындағы 4-ші тур ақпанның 27-не дейін жалғасатынын атап өткен жөн. Кейін плей-офф кезеңі Түркістан қаласында наурыздың 12-сі мен 21-і күндері ұйымдастырылады. Бұл шешуші ойындарға чемпионаттың 8 клубы жолдама алмақ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.