«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ МӘЙЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл. Осы ретте 7 томдық “Қазақстан тарихы” академиялық басылымы жарық көреді деп жоспарлануда. Бұл еліміздегі көптеген тарихшы ғалымдарының еңбегінің нәтижесі болмақ. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабұлдиновтың басшылығымен 5-6 томдарды басып шығару бойынша белсенді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Бұл ауқымды зерттеуге Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Астана және Петропавл қаласындағы филиалдары да жұмылдырылып отыр. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Петропавл қаласындағы филиалы 2022 жылдың қыркүйегінде ашылды. Институт филиалы М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың мұражай ғимаратында орналасқан.

Елімізде 2020 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы” Жарлығы шықты. Маңызды құжатқа сәйкес ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі жұмысты қайта бастау міндеті қойылды.

Осы орайда жаппай және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Петропавл қаласындағы филиалы соңғы екі жылдың ішінде Қазақстан Республикасында жаппай және саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі дереккөздер мен деректер жинау бойынша үлкен жұмыс атқарды.

2022 жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы ретінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Кариннің басқаруыменен “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары” атты мұрағаттық құжаттардың 31 томы жарық көрді. Оның 2 томы өңірлік комиссияның және институт филиалының қатысуымен дайындалды. Бұл кітаптар 2023 жылдың қаңтарында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға тапсырылды. Зерттеу барысында табылған бірқатар тарихи құжаттармен осы жерде танысуға болады.

2023 жылы өңірдің тарихшылары елімізде шығарылатын тарихи зерттеулердің 39 томының 2 томын, атап айтқанда “43 том. Діни қауымдастықтар мен діни қызметкерлер саяси қуғын-сүргіннің құрбандары. Солтүстік Қазақстан облысы. Құжаттар мен материалдар жинағы” және “67-том. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары). Естеліктер. Солтүстік Қазақстан облысы” атты томдарын дайындады.

Бұл жинаққа мұрағаттан жиналған құжаттар, сауалнамаларының нәтижелері, естеліктер енгізілді.

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында филиал қызметкерлері аудандарды аралап, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарында сақталып қалған тарихи ақпараттармен, жәдігерлермен танысты. Осының нәтижесінде құрбандардың фотосуреттері, мұрағаттық анықтамалар, сот шешімдері және басқа құжаттар табылды.

Сондай-ақ өткен жылдары өңірдегі өлкетанушылар мен мұражай қызметкерлерімен бірігіп, “Трагедия және түсінік” атты естелік, Есіл ауданында белгілі өлкетанушы Михаил Ключеровтың “Жазықсыз зардап шеккендер” кітаптары жарыққа шықты. Бұл кітаптар қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестеріміз туралы көлемді де құнды жәдігерлер саналады.

Сонымен қатар филиал ашылған сәттен бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесе өңірде тарих саласында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, зерттеу бағдарламаларын, ғылыми өтінімдерді беру және іске асыру үшін бірлескен зерттеу топтарын құруға, тағылымдамаларды ұйымдастыруға және өткізуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.

Тарих ғылымы – ұлттың, елдің тəуелсіздігінің жəне тарихи сананы қалыптастырудың тірегі. Өйткені ұлт тарихы – оның əлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын ең негізгі фактор болып саналады. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болмайтыны белгілі. Бірақ сол тарихтың ғылымға негізделіп, шынайы, түбегейлі, жан-жақты зерттелмеуі тарихи сананың, ұлттық рухтың əлсіреуіне əкелетініне, əсіресе өткен жиырмасыншы ғасырдың ұрпақтары талай рет көз жеткізді. Ендеше отандық тарих ғылымының алдында тұрған өзекті мəселе – іргелі зерттеулер жүргізу арқылы болашақ зиялы ұрпақты тəрбиелеу.

Біз, Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы тарихшылары – өткеніміз бен бүгінімізді ұштастырып, мойнымызға артылған ауыр жүктің жауапкершілігін сезініп, ұлтымыздың тарихын қаз-қалпында жеткізуде жолсерік болуға тиіспіз.

Нұрболат ӘБУОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Петропавл қаласындағы филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp