Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданында болып, Кішкенекөл, Жасқайрат және Қайрат ауылдарына барды. Қайрат ауылында өткен кездесуде тұрғындар өзекті мәселелерді көтерді. Жол мен мектептерді жөндеу, қыста жолдарды күтіп-ұстау, сумен қамту және электр желілерінің тозуы сынды өзекті сауалдар қойылды. Өңір басшысы барлық мәселелерді бақылауға алып, жауапты мемлекеттік органдарға оларды шешуді тапсырды.
Облыс басшысы Ақжар және Уәлиханов аудандарының әкімдері, тиісті басқарма басшылары мен серіктестік директорларының қатысуымен жедел кеңес өткізді. Жиында көктемгі су тасқынына дайындық шараларын, Уәлиханов ауданындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде жемшөп тапшылығын талқылады.
Тиісті шаралардың жоспары жасалып, ауыл тұрғындарын шөп, сабанмен қамту туралы шешім қабылданды. Өңір басшысы көмек қолын созған шаруаларға аудан тұрғындарының атынан алғыс білдірді.
“Қос ауданға бағасы арзандатылған шөп пен сабан тиелген алғашқы көліктер келді. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда”, – деп жазды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.