Қоғамда кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау деген түсінік бар. Қазіргі таңда бұл түсініктің маңыздылығы артып келеді. Тиісті заңға сәйкес арнайы мамандар бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Елімізде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құрылуы – соның бір дәлелі.
– Өткен жылы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотына 1111 талап арыз түсті. 642 азаматтық іс қозғалып, қаралды. Ал 2022 жылы 456 талап арыз түсіп, 310 азаматтық іс толығымен қаралған, – дейді облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Арай Әбілмәжінова.
Қоғамдағы жайттарға байланысты заңға өзгерістер енгізілетіні белгілі. Осындай өзгерістер мен толықтырулар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытына да тән. Судьяның айтуынша, бұрын кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу, кәмелетке толмағандардың еңбек, мұрагерлік, тұрғын үй құқықтарын қорғау туралы істер жауапкердің тұрғылықты жері бойынша аудандық және оған теңестірілген соттарда қаралған екен. Ал бүгінгі күні аталған істер облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотта ғана қаралады.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар да жоқ емес. Жасөспірімдер ұрлық жасауға, бұзақылық әрекеттерге бейім көрінеді.
Сот талқылауының барлық кезеңдерінде кәмелетке толмаған адамның даусыз құқықтары бар. Олар – кінәсіздік презумпциясы, айыптау туралы хабардар болу, айғақ беруден бас тарту, қорғаушыға ие болу, ата-анасының және заңды өкілдерінің, куәлармен көзбе-көз беттестіру және тұс-тұстан жауап алу, сарапшы тарту, жоғары тұрған органдарға шағымдану, аудармашы алу құқығы.
Балаларға да құпиялылық құқығы берілген. Барлық сот отырыстары жабық есік жағдайында өтеді. Заңнамаға сәйкес кәмелетке толмағандар үшін бас бостандығынан айыруға балама жазалар қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Алғаш рет ауырлығы орташа немесе жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық жасаған бала, егер сот жасөспірім басқа да тәрбиелік ықпал ету шараларымен жазалануы мүмкін деп шешсе, жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Дәл осындай ереже адам өлтірумен немесе денсаулыққа ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмыстарды жасаған кезде де қолданылады.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.