Облыс орталығында әдеп кеңесінің кезектен тыс отырысы өтіп, онда Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылдық округінің әкімі Торғын Күйшбаеваға және Тимирязев ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Сұлтановқа қатысты мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасау фактілері бойынша тәртіптік істер қаралды.
Тәртіптік істерді қарау барысында белгілі болғандай ауылдық округ әкімі Торғын Күйшбаева мен жеке кәсіпкер арасында бос уақыт өткізу орталығының ғимаратына бейнебақылау жүйесін орнату бойынша құны 1 млн. теңге болатын мемлекеттік сатып алу келісімі жасалған. Белгілі болғандай аталған жұмыстар орындалмаса да, жұмысты орындау актісіне қол қойылған.
– Ауылдық округ әкімі орындалмаған жұмыстар туралы құжатқа қол қойып, төлем жасауда олқылыққа жол берген. Сондықтан Бидайық ауылдық округінің әкімі осы әрекетімен мемлекеттік қызметтің мәртебесіне нұқсан келтірді деп санаймын, – деді Уәлиханов ауданының прокуроры Еркеш Оспанов.
Өз кезегінде Торғын Күйшбаева өз кінәсін мойындап, бүгінде аталған жұмыстардың орындалғанын жеткізді. Айтуынша, ол кәсіпкердің жұмысты жаңа жылға дейін аяқтау туралы сөзіне сеніп қалған. Кейін ауа райы бұзылып, ауылға жолдың болмауынан бейнебақылау жүйесі тек қаңтардың ортасында орнатылыпты.
Ал Тимирязев ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Сұлтановқа қатысты мәселені қарау барысында Мичурино ауылында тарату желілерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасаудағы жөнсіздіктер мәлім болды. Бөлім басшысы серіктестік жұмыстарды аяқтамаса да актіге қол қойған. Келісілген 6,7 млн. теңге серіктестіктің шотына түсіп қойған. Жыл басталғалы екі айға жуық уақыт өткеніне қарамастан серіктестік мойнына алған міндетін әлі орындамаған.
– Мұндай жағдай орын алғаны рас. Өзім жіберген олқылықты мойындаймын. Бюджет қаржысын игеріп, жобаны тез арада аяқтап, жыл басында жаңғырту жұмыстарына қаржы қарастыру үшін кепілдеме хат негізінде осындай шешім шығардым, – дейді Азамат Сұлтанов.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Торғын Күйшбаеваға қызметіне толық емес сәйкестік туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдануды, Азамат Сұлтановқа жұмыстан босату түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.