Жолдың сапасы дамимын, өркениетті елдің бірі боламын деген әр мемлекет үшін маңызды. Біздің ел үшін жол сапасын арттыру – Еуропа мен Азия арасында пайда болатын жаңа көліктік дәліздерден түсер пайда көзі. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы ретте соңғы жылдары экономиканың күретамыры саналатын жолдарды жөндеп, сапасын жақсартуға қомақты қаржы бөлініп отыр.
Бүгінгі таңда өңірімізде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы желісі 1970 шақырымды құрайды. Оның 1845 шақырымына асфальтбетон, ал қалғанына қиыршықтас төселген. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 26 көпір мен жол өтпелері, 607 су өткізу құбырлары орналасқан. Қазіргі таңда жолдардың 81 пайызы, яғни 1577 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 19 пайызы қанағаттанарлықсыз деңгейде.
Бүгінгі күннің талабы – сапалы жол салу. Бұл еңбек жылдар бойы екшеленіп, бағаланатыны белгілі. Сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр. Өткен жылы республикалық маңызы бар автожолдарды қайта қалпына келтіру, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 12,5 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде қайта қалпына келтіруге – 3,5 млрд, күрделі жөндеуге – 1,0 млрд, орташа жөндеуге – 4,9 млрд, күтіп ұстауға 2,8 млрд. теңге жұмсалды. Бөлінген қаржы толық игерілді.
“Щучье – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы” автожолының Мамлютка қаласынан “Жаңа жол” шекара бекетіне дейінгі ұзындығы 30,2 шақырым учаскені қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба сомасы 9,9 млрд. теңгені құрады. Өткен жылы 3,5 млрд. теңгесі бөлініп, толық игерілді.
Былтыр 4,2 шақырым жабынның төменгі қабатындағы жұмыстар аяқталды. Бүгінгі күні жабынның төменгі қабатын бойлай 18,1 шақырымға дейінгі қашықтықтағы құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық материалдар Ақмола облысынан жеткізіледі. Учаскеде 128 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылып, 150 адам жұмысқа тартылған. Биылғы жылға 5,2 млрд. теңге бөлінді.
2023 жылдың тамыз айында мердігер “Көкшетау Автодор” ЖШС-мен А-13 “Көкшетау – Омбы” автожолының 182-213 километрін, яғни Талшықтан Кішкенекөл ауылына дейінгі жалпы ұзындығы 32 шақырым жолды қайта қалпына келтіру бойынша келісімге қол қойылған. Жобаның құны – 20 млрд. теңге. Өткен жылы бюджеттен 1 млрд. теңге қарастырылып, ол толық игерілді.
Жобада Талшық кентінің маңайында темір жол арқылы өтетін эстакада мен Шат өзеніне көпір салу, елді мекендер шекарасын жарықтандыру, САИС (арнайы автоматтандырылған өлшеуіш жабдықтары) орнату қарастырылған. KazWay типті жылы дәретханалары бар жаңа демалыс орындарын орнату, су өткізгіш құбырлар мен павильондары бар автобус аялдамаларын салу көзделіп отыр. Жобаны іске асыру мерзімі 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Бүгінгі күні 12 шақырым айналма жолды салу, су құбырын, 0,4-10 кВ әуе желілері мен байланыс желілерін қайта жаңғырту, қардан қорғайтын құрылыстарды орнату жұмыстары аяқталды.
Өткен жылдың қараша айында мердігер “Атырауинжстрой-АИС” ЖШС-мен Дәуіт кентінен Талшық кентіне дейінгі 26 километр жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін келісімшарт жасалды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны – 11,0 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстары биыл басталады. Сонымен қатар былтыр жалпы ұзындығы 261 шақырымды құрайтын 10 орташа жөндеу нысанына 4,9 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде жалпы ұзындығы 112 шақырымды құрайтын 5 орташа жөндеу нысаны пайдалануға берілді. Олар – Көкшетау – Рузаевка тас жолындағы Ақмола облысының шекарасынан Саумалкөл ауылына дейінгі 31, А-16 “Жезқазған – Петропавл” жолындағы Кеңес ауылынан Николаевкаға дейінгі 26, “М-51 “Гр. РФ (Челябіге дейін) – РФ гр. (Новосибирскке)” жолының Булаево қаласынан Чистое ауылына дейінгі – 12, А-16 “Жезқазған – Петропавл” автомобиль жолындағы Сергеевка қаласынан Кеңеске дейінгі 25, Р-60 “Волошинка – Сергеевка – Тимирязево” жолындағы Волошинка ауылынан Новопокровка ауылына дейінгі 18 шақырым жол.
Сондай-ақ 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары аясында 118 шақырымды құрайтын 4 учаскеде конкурстық рәсімдер жүргізіліп, материалдарды сатып алу үшін 458 миллион теңге бөлінді.
Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 55 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, ол толық игерілді. Оның ішінде “Мамлютка қаласындағы дизельдік қозғалтқыштарды монтаждау кешенін реконструкциялау” жобасына жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге 10 млн. теңге бөлінді. Келісімшарт құны – 42,8 млн. теңге. Оң қорытындыны 2024 жылдың бірінші тоқсанында алу жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстан-Ресей шекарасындағы “Жаңа жол” автомобиль өткізу бекетін қайта қалпына келтіру және жаңғыртудың жобалық құжаттамасын әзірлеуге 32 млн. теңге бөлінген. Бұл келісімшарттың құны – 46,6 млн. теңге. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алу мерзімі – үстіміздегі жылдың екінші тоқсаны. “Ресей Федерациясы (Екатеринбург) – Алматы” М-36 тас жолындағы Тоқсан би кентінің маңындағы көпірді күрделі жөндеуге 10 млн. теңге бағытталды. Келісімшарттың құны – 100 млн. теңге. Маңызды келісім өткен жылдың 3-қарашасында жасалды. Талшық ауылындағы ДЭУ-64-ті күрделі жөндеуге 3 млн. теңге бөлінді. Жоба құны 10,5 миллион теңгені құрайды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында алу көзделген.
Жыл бойы жолдарды күтіп ұстау – аса маңызды жұмыс. Себебі тас жолдың бойындағы қауіпсіздік осыған тәуелді. Өткен жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 2,8 млрд. теңге бөлініп, бұл қаржы толық игерілді.
Үстіміздегі жылы да ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта қалпына келтіру, жөндеу және күтіп ұстауды алдын ала қаржыландыру жоспарына сәйкес 17,6 млрд. теңге бөлінді. Қайта қалпына келтіруге – 5,2 млрд. теңге, күрделі жөндеуге – 3,1 млрд. теңге, орташа жөндеу – 6,4 млрд. теңге, күтіп ұстауға 2,9 млрд. теңге бағытталмақ.
Тұрақты түрде бөлінетін қомақты қаржының арқасында тіршіліктің күретамыры біртіндеп жақсарып келеді. Тек мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты тиімді жұмсап, жол сапасын жақсарту қажет. Сонда ғана белден асқанша белің үзілетін сапасыз жолдан арыламыз.
Қанат ӨСЕРБАЕВ,
“Қазавтожол” ҰҚ” акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары.