Жақында жасы сексеннен асқан Асыл деген әжеймен дәмдес болдым. Көпті көргендігі айтқан әңгімесінен білініп тұрды. Ол кісінің алғыс пен қарғыс туралы айтқан ойларын ұйып тыңдадық.
Үлкендер жақсылық жасауды өмірлік ұстанымдарына айналдырған жандардың жолы ашық болатынын үнемі айтып отыратын. “Алдыңнан бір есік жабылса, басқасы ашылады”, – деген сөз көп алғыс алған адамдарға қаратыла айтылғандай. “Қазақ алғысы нақты адамға айтылады, сөйтіп, ол екі адамның бір-біріне деген ізгі ықыласын білдіреді. Алғысты риза болған адам айтады, оны сұрап алмайды”, – дейді Асыл әжей.
Тарихта алғыс алған адамның жасаған жақсылығының шарапаты өзіне ғана емес, үрім бұтағына жететінін дәлелдейтін мысалдар аз емес. Әлсіздерге қорған болып, әділеттілігімен аты шыққан, озбырлардан жапа шеккендерге пана болған Әлібек батыр Жылғараұлының жақсы аты өмірі алғыспен өрілген соң тарихта қалғаны әмбеге аян. Тіпті Ақан сері Әлібек дүниеден өткенде көпке белгілі “Қараторғай” әнін шығарған. Туындыдағы:
“Арысым, ел қорғаны, батырым-ай,
Айырылдым қапияда сенен неғып?!
Тәңірдей сыйынатын Әлекем-ай,
Жүргейсің әруағыңмен елді қорғай”,
– деген жолдары Әлібекке арналған.
Ал қарғыс адамның жеті ұрпағына дейін жетіп жалғасады екен. Көбіне қарғыс кісінің қанын мойнына жүктегендерге, әдейі қастандық жасаған адамдарға тиеді. Одан қалса, біреудің отбасын бұзған әйелдер, одан әрі ұл-қыздарының құрған шаңырағына сөз жүгіртіп, өсек тасып, араздастырғаннан бала-шағасы зардап шексе, олардың көз жасы да қарғыстың атасы болып саналады.
Адамдарды қара ниетке үндейтін үлгіні ел қарғыс, яғни, теріс бата деп атайды. Қазақ фольклорында бүгінге дейін толық жиналмай да зерттелмей келген жанрдың бірі – қарғыс. Мәселенің бұлай болуының өзіндік себептері бар. Жалпы халық жайшылықта қарғыс айтуға қатаң тыйым салады. “Ертеде қарғысты екі адамның бірі айта бермеген, оны арнайы айтатын адамдар болған, ал, ондай қарғысшылар сөзін өтімді болдыру үшін беталды жұмсай бермей, қажетті сәтке дейін құпия сақтайтын. Қарғыс қастандық жасауға бағытталып, адамгершілікке жат саналғандықтан да ұлттық фольклортану ғылымының негізін салушылар оған мән бере қоймаса керек. Ал бертін келе бұл жанрдың қызметі қоғамдық өмірден ығысқандықтан оның мәтіндері біртіндеп ұмытыла бастаған”, – дейді қария.
Қарғыс туралы алғаш рет жазған ардақтылардың бірі – Х.Досмұхамедұлы. Ол “Бата мен алғысқа қарама-қарсы түр – қарғыс. Қарғысты дұшпанына, әкесі – көңілі әбден қалған ұлы мен қызына, молла – діннен безгендерге, ру басы – жаугершілік кезінде елін сатқандарға және т.б. береді”, – деп анықтайды. Кейбір зерттеушілер қазақтың ашуланғанда күнделікті айтып әдеттенген “албасты басқыр”, “тұқымың құрғыр”, “желкең қиылғыр”, “шешек келгір” сияқты т.б. балағат сөздерін қарғысқа жатқызады. Біздің ойымызша, бұл сөздердің арғы тегі ежелгі замандарда қарғысқа қатысты болғанымен, уақыт өте келе көбінің мәні өзгеріске ұшырап, бүгіндері, әсіресе, әйелдердің жақтырмаған жандарды сыбайтын сөзіне айналып кеткен тәрізді. Ендеше басқа адамға қастандық жасау мақсатында сөз киесіне сеніп, арнайы шартпен айтатын магиялық өлеңнің шағын түрін қарғыс деп атаймыз.
Қарияның айтуынша, қарғыс екі түрлі болады: ашық қарғыс, астарлы қарғыс. Ашық қарғыста сөздің айбаты бірден айқын сезіледі. Ал астарлы қарғыстың сыртқы тұрпаты батаға ұқсап келеді де, оны айтушы кекету әдісін (әдемі сөздер арқылы) шебер пайдаланып, арғы ойын жымысқылықпен тұспалдап жеткізеді.
Қазақ халқы қарғысқа өте абайлап қараған. Сондықтан қазақ ұрпағына “Қарғыс алма, алғыс ал!” – деген өнегелі өсиет қалдырған. Ата дінімізде “адамның аузынан шыққан әр сөзін жазып алатын періште бар”, – деген түсінік бар. Яғни өзіміздің аузымыздан шыққан сөз ешқайда ұшып кетпейді, өзімізге не ұрпағымызға қайтып оралады. Сондықтан алғысқа толы сөздерді көп айтып, қарғыстан тыйылайық!
Ғалия МАЛДЫБАЕВА.