«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУРУДАН АЙЫҚТЫРУДЫҢ ОРНЫНА АҚША САНАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Еститін мем­лекет” тұжырымдамасы аясында Петропавлда және облыстың бар­лық ау­данында “Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні” өтті. Тұрғын­дар­дың мұң-мұқтажына құлақ асып, өтініштерін тыңдау, кейін тиісті шара қолдану үшін шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, қала басшылығы, жергілікті атқарушы, сот және құқық қорғау органдарының жетекшілері, қаржы инс­титуттары мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Азаматтарды бірыңғай қа­былдау күні – халықпен кері бай­ланыстың тиімді тетігі. Қабыл­дауға келгендердің бірі – Лилия Заяц. Ол өңір басшысынан об­лыс­тық балалар ауруха­на­сың дә­рігерлерін жазалауды сұра­ды. Себебі Петропавл тұр­ғыны­ның 7 жасар қызына жер­гілікті ме­дициналық қызметкер­лер дұ­рыс диагноз қоймаған. Салда­ры­нан қыздың ауруы ас­қынып, өздігінен тамақ ішуден қалған.

“Өткен жылдың қазан айын­да қызым ауырып, жұқпалы ау­рулар ауруханасына түстік. Он­да 3 күн жатып, беті бері қара­ма­­ған соң мамандар жедел түр­де облыс­тық балалар ауруха­насына ауыс­тырды. Ол жерде дә­рігер­лер қызыма “көкжөтел” диагно­зын қойып, тамырына қайта-қай­та екпе қоя берді. Ал бала оны көтере алмай құсып, мүл­дем орнынан тұра алмай қалды. Аурухананың бас дәрі­гері екпе­ден соң осылай болуы керек еке­нін айтты. Кейін біз оңалтудан өтейік деп едік, “бұл қызмет ақы­лы”, – деген жауап алдық.

Жұбайым екеуіміз қызы­мыз­ды Омбыға алып бардық. Ондағы мамандар сәбидің екі өкпесі қабынғанын, аурудың ас­қынғанын айтты”, – дейді Лилия Заяц.

Петропавл тұрғыны облыс­тық балалар ауруханасы дәрі­герлері өз міндеттеріне сал­ғырт қарайды деген пікірде.

“Емдеу мекемесінің дәрі­герлері қызымызды емдеуге 320 мың теңге мен 20 шприц, 10 бөтелке ерітінді кетті деп айт­ты. Неге олар баланы емдеудің орнына ақша санайды? Сізден осы мәселені назарға алып, дә­рігерлерді жазалауыңызды сұ­раймын. Мен облыс прокуро­рының да қабылдауына жазы­лып қойдым”, – деді кездесуде Лилия Заяц.

Облыстық денсау­лық сақ­тау басқармасы өкіл­дері бұл мә­селеден хабардар. Олардың ай­туынша, балалар ауруха­на­сы­на тексеріс жүргі­зіліп, нәти­же­сінде 6 дәрігер жазаланған.

“Неге біздің өңір тұрғында­ры басқа мемлекетке барып са­палы ем алуы керек. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкіндікті қолданбауға не се­беп? Неліктен науқастарға уа­қы­тылы, дұрыс ем жасал­май­ды? Мұ­ның барлығын назарға алып, тексеру керек. Сізден дәрігерлердің атынан кеші­рім сұраймын. Бұл мәселені ба­қылауға алып, тексеретін бо­ламыз”, – деді облыс әкімі Ға­уез Нұрмұхамбетов.

Өңір басшысының қабыл­дауына келгендердің бірі – Пет­ропавл тұрғыны Анжела Шани­на. Ол жетімдер санаты бо­йынша пәтер кезегінде тұр. Алай­да кезек 2022 жылдан бері тек 54 адамға ғана жылжыған.

“Біз жалпы 600 пәтер бер­сек, оның 120-сы ғана жетім ба­лаларға үлестірілді. Барлығы өз кезегімен алып жатыр. Бұл санатқа жататын адамдарды тегі бойынша тексеріп пәтер бе­ріледі. Кезектің ақырын жылжу себебі Петропавлда көп үй салынып жатқан жоқ”, – деді өңір басшысы.

Азаматтарды бірыңғай қа­былдау күніне Петропавлдағы “Легенда” саяжай қоғамдас­ты­ғының төрағасы Давид Шнай­дер де келді. Қала тұрғынының сөзінше, олардың саяжайла­рын жыл бойы Универсальная көшесінде орналасқан өнер­кәсіптік аймақтан аққан кәріз суы басады. Бұл мәселе 2000 жылдан бері шешілмей келеді.

“Жақында күн жылынып, қар ери бастайды. Яғни жүру мүмкін емес болады. Осыған дейін бірнеше рет құзырлы органдарға өтініш жаздық. Еш­қандай жауап жоқ. Петропавл әкімі өз бақылауына алатын болды”, – деді қала тұрғыны.

Азаматтарды бірыңғай қа­был­дау күніне биыл күштік құ­ры­лым өкілдері де қатысты. Мә­се­лен, облыстық полиция де­пар­таментінің бастығы түске де­йін 7 адамның өтінішімен танысты.

Азаматтарды бірыңғай қа­был­дау күні облыс ауданда­рында да өтті. Жалпы қабыл­дауға 544 адам жазылған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp