Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облысымыздағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен және осы саланың ардагерлерімен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер аясында өңірімізді дамытуға бағытталған жоспарлар мен атқарылып жатқан жобалар туралы айтылды. Облыс әкімі Қызылжар өңірінің әлеуметтік әлеуеті жоғары әрі бәсекелестікке қабілетті екенін атап өтті. Сондықтан облыста инфрақұрылымды дамыту керек. Оның ішінде демалыс аймақтарындағы жолдың сапасы – өзекті мәселе.
– Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың кейбір жолдарын қалпына келтіріп жатырмыз. Ол жерлерде 48 туристік нысан орналасқан. Бірақ Шалқар-Имантау бағытындағы жолдың сапасы өте нашар. Қазір ол жерге ешбір инвестор қызығушылық танытпайды. Бұл мәселені шешуіміз керек, жоспарларымыз бар, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Алдағы екі жылда Шалқар-Имантау курорттық аймағының инфрақұрылымы ретке келтіріледі. Оған 2 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Сұрақ-жауап форматында өткен бейресми кездесуде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері солтүстікқазақстандықтарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер жайлы айтты. Әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар жасады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.