Солтүстікқазақстандық полицейлер тұрғындарды көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға шақыруда. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда шетелдіктер тіркеу мерзімін өткізіп алып жатады екен. Ал қабылдаушы тарап өздеріне келген шетелдіктер туралы көші-қон қызметін уақытылы хабардар етпейді.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбіловтің айтуынша, мамандар күн сайын шаруа және фермерлік қожалықтарды, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, құрылыс нысандарын, базарлар мен шетелдіктердің болуы ықтимал басқа да жерлерді тексереді. Ондағы басты мақсат – шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілерін анықтау және жолын кесу.
Биыл Петропавл базарларының бірінде заңсыз еңбек етіп келген Өзбекстан мен Тәжікстанның төрт азаматы анықталған. Олардың біреуінің көші-қон заңнамасын бір жыл ішінде бірнеше рет бұзғаны белгілі болды. Сот шешімі бойынша ол 5 жыл мерзімге елден шығарылды. Қалғандары 2 тәуліктен 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.
– Қаңтар айының соңында Ақжар аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметіне отбасылық жағдайына байланысты жеке құжаттары, тіпті туу туралы куәлігі болмаған 37 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Азаматтықты анықтау үшін өзінің туған жері – Ресей Федерациясына және осыған дейін тұрған Алматы облысына сұраулар салуға тура келді. Қазіргі уақытта азаматтықты анықтау рәсімі аяқталып, Қазақстан Республикасының азаматтығына қатыстылығын анықтау туралы қорытынды енгізілді. Жеке куәлік алу үшін оған құжаттар берілді, – дейді Талғат Әбілов.
“qyzyljarnews.kz”.