«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛШЫ НЕГЕ ТАПШЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрынғылар “Мал-жаның аман ба?” деп амандасатын. Ол кездегілер төрт түліктің қадірін білетін. Елдің еңбекпен көркейе­ті­нін ескерсек, ата-бабамыз ежел­ден мал бағып, соның ырыз­дық-несібесі мен ырысына кенелген. Ал бүгінгі таңда мал­шы тапшы. Бұл мәселе ауылда­ғы ағайынға да, мал өсіріп отырған шаруашылықтарға да жақсы таныс. Өткенде Есіл ауда­нына қарасты Ақтас елді меке­ніне барғанда жерлестерінің құр­метіне бөленіп жүрген жылқышы Берік Тәжібаев жастардың мал бағуға қызықпайтынын айтып күйінді. Ауылда да, қалада да жасөспірімдердің есіл-дерті – әлеуметтік желілер. “Бала күнімізде аттың құлағында ойнайтынбыз. Несібеміз төрт тү­ліктен болып, ырысымыз ақтан босамаушы еді. Қазіргінің бала­ла­ры мал тұратын қорадан жиіркенеді”, – дейді Берік Тәжібаев. Ойыма белгілі журналист Бей­сен Құранбектің “Әдетте ой баға­тын адам әуелі қой бағып ма­шықтанады. Бүкіл пайғамбар­дың шопандық мектептен өтетін хикметі осы!” деген сөзі орала кетті.

Жамбыл ауданына қарасты Благовещенка ауылының жыл­қы­шысы Айбек Елубаевтың жасы – 29-да. Мектепті аяқтасымен қолына құрық алып, жылқы бақ­ты. Оқушы кезінен-ақ көкпардан Жамбыл ауданының намысын қор­ғады. Өңір жұртшылығына көкпаршы ретінде танылып үл­герген. Аттай 10 жылдың ішінде Айбектің өмірі түбегейлі өзгерді. Нұргүл есімді қызбен отау құрып, 2 бала тәрбиелеп отыр.

– Тек бір ауылдың жылқысын бақпаймын. Маңайдағы ауыл­дардан бөлек облыс орталығы, Астана, Қостанайдан келіп, жыл­қыларын үйіріме қосқандар да бар. Аллаға шүкір, отбасымды асырап отырмын. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырғанша бұл кәсібімді тастамаймын. Қа­лаға барсам, қазіргідей еңбекақы алмайтынымды білемін. Ұлым­ның да жылқышы болғанын қалаймын. Мал бағудың жауапкершілігі мол. Ал жауапкершілікті сезіну адамды тәрбиелейді, – дейді жылқышы.

Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылының тұрғыны Ел­тай Жадыраұлы қазақ қоғамы­ның малшылықты місе тұтпай­ты­нын кеңес үкіметінің солақай саясатынан қалған үреймен са­бақтастырады. Оның айтуынша, “100 қойдан 130 қозы алу – абы­рой!” деген “ұр да жық” ұранмен тек қазақтың жігіттерін мал со­ңына салып, дарынды жастарды ауыл маңынан шығармаған.

– Біздің заманымызда мал баққысы келетіндер сый-құр­метке бөленетін. Ахметжан Нұр­тазин, Уахит Темірбеков, Игібай Әлібаев, Темірғали Қасенов, Тұр­ғын Шынтемірұлының айтыс­тарын оқысаң, кеңшардың жұ­мысшыларын, еңбек адамдарын негізгі тақырып еткендерін аңғарасың. Қазіргі за­манда ешкімнің де мал баққысы келмейді. Себебі жеңілдің асты­мен, ауырдың үстімен жүргендер дә­ріптелгендіктен, жастар жеңіл жолмен ақша табуға құштар. Сайын далада емін-еркін жүріп, газет-журнал, кі­тап оқығанға ештеңе де жет­пейді. Төрт қабырғада отырып оқығаныңды әп-сәтте ұмытып қа­ласың. Ал сол шығарманы қалың орманның ортасында отырып оқысаң жадыңда сақталып қалады. Қонышына газет қыстырып жүрген малшылар көп білетін еді ғой, – деді Елтай Жадыраұлы.

Өткен жылы Мәжіліс депута­ты Ардақ Назаров малшылар­дың мәртебесін көтеріп, олар­дың зейнет жасын төмендетуді ұсын­ды. Оның айтуынша, жыл сайын әр өңірдегі білікті әрі озат малшыларды анықтап, оларға Мемлекет басшысының Жарлы­ғымен “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын беру керек. “Біз бала кезі­мізде 100 қойдан 176 қозы алған Социалистік Еңбек Ерлері Жол­сейіт Молдасановты, Жазылбек Қуанышбаевты біліп өстік. Өз за­манында ол кісілердің қолын алып, жүздесудің өзі мәртебе болатын”, – деген мәжілісменнің ұсынысы құптарлық.

Ауылдан шыққан азаматтар мал бағудың машақаты мен қиын­дығын бір адамдай біледі. Қазақта “Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде де­малады” деген сөз бар. Сондық­тан қала қазағы меймандарына кә­делеп асқан етінің ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маң­дай тері мен мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа­сының жемісі екенін естен шығар­мағаны жөн.

Біліксіз маман болса да, қа­жетсіз мамандық болмайды. Мал­шының еңбегі бағаланып, мәртебесі көтерілсе, кейінгі буын­ның арасынан ата кәсіпке бет бұрушылардың саны артып, қызығушылар да табылар. Сұра­нысқа ие мамандық иесі ешқа­шан далада қалмайды. Бас­тысы, мал баққанға жан-жақты жағдай жасалуы керек.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp