Бұрынғылар “Мал-жаның аман ба?” деп амандасатын. Ол кездегілер төрт түліктің қадірін білетін. Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, ата-бабамыз ежелден мал бағып, соның ырыздық-несібесі мен ырысына кенелген. Ал бүгінгі таңда малшы тапшы. Бұл мәселе ауылдағы ағайынға да, мал өсіріп отырған шаруашылықтарға да жақсы таныс. Өткенде Есіл ауданына қарасты Ақтас елді мекеніне барғанда жерлестерінің құрметіне бөленіп жүрген жылқышы Берік Тәжібаев жастардың мал бағуға қызықпайтынын айтып күйінді. Ауылда да, қалада да жасөспірімдердің есіл-дерті – әлеуметтік желілер. “Бала күнімізде аттың құлағында ойнайтынбыз. Несібеміз төрт түліктен болып, ырысымыз ақтан босамаушы еді. Қазіргінің балалары мал тұратын қорадан жиіркенеді”, – дейді Берік Тәжібаев. Ойыма белгілі журналист Бейсен Құранбектің “Әдетте ой бағатын адам әуелі қой бағып машықтанады. Бүкіл пайғамбардың шопандық мектептен өтетін хикметі осы!” деген сөзі орала кетті.
Жамбыл ауданына қарасты Благовещенка ауылының жылқышысы Айбек Елубаевтың жасы – 29-да. Мектепті аяқтасымен қолына құрық алып, жылқы бақты. Оқушы кезінен-ақ көкпардан Жамбыл ауданының намысын қорғады. Өңір жұртшылығына көкпаршы ретінде танылып үлгерген. Аттай 10 жылдың ішінде Айбектің өмірі түбегейлі өзгерді. Нұргүл есімді қызбен отау құрып, 2 бала тәрбиелеп отыр.
– Тек бір ауылдың жылқысын бақпаймын. Маңайдағы ауылдардан бөлек облыс орталығы, Астана, Қостанайдан келіп, жылқыларын үйіріме қосқандар да бар. Аллаға шүкір, отбасымды асырап отырмын. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырғанша бұл кәсібімді тастамаймын. Қалаға барсам, қазіргідей еңбекақы алмайтынымды білемін. Ұлымның да жылқышы болғанын қалаймын. Мал бағудың жауапкершілігі мол. Ал жауапкершілікті сезіну адамды тәрбиелейді, – дейді жылқышы.
Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылының тұрғыны Елтай Жадыраұлы қазақ қоғамының малшылықты місе тұтпайтынын кеңес үкіметінің солақай саясатынан қалған үреймен сабақтастырады. Оның айтуынша, “100 қойдан 130 қозы алу – абырой!” деген “ұр да жық” ұранмен тек қазақтың жігіттерін мал соңына салып, дарынды жастарды ауыл маңынан шығармаған.
– Біздің заманымызда мал баққысы келетіндер сый-құрметке бөленетін. Ахметжан Нұртазин, Уахит Темірбеков, Игібай Әлібаев, Темірғали Қасенов, Тұрғын Шынтемірұлының айтыстарын оқысаң, кеңшардың жұмысшыларын, еңбек адамдарын негізгі тақырып еткендерін аңғарасың. Қазіргі заманда ешкімнің де мал баққысы келмейді. Себебі жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргендер дәріптелгендіктен, жастар жеңіл жолмен ақша табуға құштар. Сайын далада емін-еркін жүріп, газет-журнал, кітап оқығанға ештеңе де жетпейді. Төрт қабырғада отырып оқығаныңды әп-сәтте ұмытып қаласың. Ал сол шығарманы қалың орманның ортасында отырып оқысаң жадыңда сақталып қалады. Қонышына газет қыстырып жүрген малшылар көп білетін еді ғой, – деді Елтай Жадыраұлы.
Өткен жылы Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров малшылардың мәртебесін көтеріп, олардың зейнет жасын төмендетуді ұсынды. Оның айтуынша, жыл сайын әр өңірдегі білікті әрі озат малшыларды анықтап, оларға Мемлекет басшысының Жарлығымен “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын беру керек. “Біз бала кезімізде 100 қойдан 176 қозы алған Социалистік Еңбек Ерлері Жолсейіт Молдасановты, Жазылбек Қуанышбаевты біліп өстік. Өз заманында ол кісілердің қолын алып, жүздесудің өзі мәртебе болатын”, – деген мәжілісменнің ұсынысы құптарлық.
Ауылдан шыққан азаматтар мал бағудың машақаты мен қиындығын бір адамдай біледі. Қазақта “Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады” деген сөз бар. Сондықтан қала қазағы меймандарына кәделеп асқан етінің ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері мен мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруасының жемісі екенін естен шығармағаны жөн.
Біліксіз маман болса да, қажетсіз мамандық болмайды. Малшының еңбегі бағаланып, мәртебесі көтерілсе, кейінгі буынның арасынан ата кәсіпке бет бұрушылардың саны артып, қызығушылар да табылар. Сұранысқа ие мамандық иесі ешқашан далада қалмайды. Бастысы, мал баққанға жан-жақты жағдай жасалуы керек.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.