Өңіріміздің бес ауданында жеті ауылдық округ әкімінің сайлауы өтті. Округтік сайлау комиссияларының мәліметі бойынша, саяси науқанға сегіз мыңға жуық адам қатысып, 17 сайлау учаскесі жұмыс істеген.
Мамлют ауданында 1046 сайлаушының 765-і дауыс берді. Дубровин ауылдық округінің әкімі болып Михайловский орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Павел Титов сайланды. Оның кандидатурасын “AMANAT” партиясы Мамлют аудандық филиалы ұсынған.
Мағжан Жұмабаев ауданы Авангард ауылдық округінің әкімін сайлауға 631 сайлаушының 444-і келді. Әкім болып сайланған 45 жастағы Александр Конюшевский де – “AMANAT” партиясының аудандық филиалы ұсынған үміткер.
Уәлиханов ауданында Амангелді ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Сайлаушылар тізіміне 154 адам енгізіліп, оның 130-ы дауыс берді. Әкім болып бұған дейін де осы қызметті атқарып келген 41 жастағы Саян Құрманбаев сайланды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Бірлік және Чистополь ауылдық округтері әкімінің сайлауы өтті. Бірлік сайлау округі бойынша сайлаушылар тізімінде 713 адам болса, оның 550-і дауыс берді. Көп дауыс жинаған 39 жастағы Азамат Аржікеев өз орнында қалды. Чистополь ауылдық округінің әкімі болып “AMANAT” партиясынан ұсынылған уақытша жұмыссыз Владимир Руденки сайланды.
Қызылжар ауданында Рощинск және Якорь ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтті. Алғашқысында 1609 сайлаушының 1225-і дауыс беруге келген. Рощинск ауылдық округінің әкімі болып 40 жастағы Руслан Аитов сайланды. Оның кандидатурасын Қазақстан халық партиясының облыстық филиалы ұсынған.
Якорь сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 1690 азамат енгізілсе, оның 1446-сы дауыс берді. Дауыстың басым бөлігі қазіргі әкім 43 жастағы Валерий Тихийге берілді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.