Облыс зертханаларында 2023 жылдың күзінде жиналған дәнді, бұршақты, майлы дақылдардың тұқымдары тексерілді. Жалпы зертханалық тексерістен 230 мың тонна тұқымдық материал өтсе, соның 169 мың тоннасына бюджет қаржысы есебінен сараптама жасалған.
– Біз химиялық, технологиялық сараптамалар жүргіземіз. Биыл дәннің сапасына талдау жүргізуге сұраныс артты. Диқандар сұлы, бидай, күнбағыс т.б. дақылдарды талдауға әкеледі. Өткен жылғы жаңбырлы ауа райына байланысты тұқымдардың сапасы төмендегені байқалады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен дәннің шығымдылығына қойылатын талаптар 5 пайызға төмендетілді. Яғни, бұрын бірінші сұрыпты бидайдың шығымдылығы 95 пайыздан басталса, қазір бұл меже 90 пайыз, – дейді “ҚАЗАГРЕКС” АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Маймұна Мәмекова.
Тексерістен кейін тұқымдық сапасын растайтын куәлік беріледі. Ол 4 айға дейін жарамды. Кейін құжат мерзімін тағы ұзартуға болады. Зертханаға тұқымын жеткізіп жатқандардың дені – ірі агроқұрылымдар. Ондағы мақсат – серіктестіктер мен қожалықтарға сапалы тұқым сату. Алайда тексерілген тұқымның сапасыз болып шығатын кезі де болады екен.
– Өткен жылы орылған дәннің сапасын тексеру жұмысы ерте басталды. Негізгі сараптамалар қазан, қараша, желтоқсан айларында жасалды. Егіс науқанының қарсаңында наурыз, сәуірде тағы талдау жүргізіледі. Диқандарға жерге дән себер алдында тұқымдық материалды тексертіп алған дұрыс, – дейді Маймұна Мәмекова.
Бүгінде талдау жұмыстарымен 27 маман айналысуда. Жергілікті тұқымнан бөлек олар көршілес Қорған облысынан әкелінетін астыққа да сапа куәлігін береді. Бұл жұмыстар егіс науқаны басталғанға дейін жалғасады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.