Өңірімізде демографиялық ахуал күрделі екені белгілі. Туу көрсеткішінің төмендігі мен өлім-жітімнің көптігінен халық саны жыл сайын азайып келеді. Осының салдарынан әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздіктің салдары айқын сезілуде. Оның үстіне солтүстіктегі кейбір аудандарда қаңырап қалған ауылдар бар. Әсіресе шекаралық өңірлердегі халық саны қатты азайғаны байқалады. Бұл – ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін фактор екенін айта кеткеніміз жөн. Соңғы жылдары халық саны Қызылжар өңірінде 22,43 пайызға, Павлодар облысында 5,76 пайызға және Қостанай облысында 8,3 пайызға азайған. Бұл мәселені шешу үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар да үмітті ақтайды деп айта алмаймыз. Атажұртқа ат басын бұрған қандастарды да, оңтүстіктен ерікті түрде қоныс аударғандарды да солтүстік өңірлерге орналастырғанымен, оның әсері теңізге тамған тамшыдай ғана болды. Көңіл қалағандай нәтиже жоқ екенін мойындауымыз керек.
Жылдар бойы жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламалар неге тиімсіз деген заңды сұрақ туындайды. Мәселен, Қазақстанмен іргелес жатқан елдер не басқа мемлекеттен келген ұлты қазақ қандастарға мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетіледі. Қазіргі таңда этникалық қазақтар “Құтты мекен” қосымшасы және “Көші-қон” (migration.enbek.kz) порталы арқылы қандас мәртебесін алу үшін құжаттарын қоса өтініш береді. Кейін қандастарды қабылдау квотасына құжаттарын тапсырып, материалдық көмек түрлерін алады. Квотаға енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін құжаттарын тапсырады.
– Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу жөніндегі шараларға жұмыс іздеуші адамдар немесе жұмыссыздар, қандастар, сондай-ақ жұмыс берушілер қатысады. Оңтүстіктен келетін азаматтар – жұмыс іздегендер немесе жұмыссыз жүргендер. Яғни солтүстік өңірлерге көшіп, жұмысқа орналысып, өз әл-ауқатын арттырып, жақсартуда, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Тоқымбетов.
Қоныс аударушыларға бастапқыда мемлекет тарапынан субсидиялар төленеді, сондай-ақ тұрғын-үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Көшу шығындарын өтеу үшін отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде бірреттік төлем беріледі. Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеу ай сайын (он екі айдан көп емес) тұрғын үй алғанға дейін тұру мекені мен отбасы құрамына байланысты 15-тен 30 АЕК мөлшерінде өтеледі.
Мамандардың айтуынша, келген мекеніне қайта оралғандардың деніне Қызылжардың ауа райы жақпаған, суыққа бейімделе алмаған, денсаулығы нашарлаған. Сонымен қатар қоныс аудару жобасы бойынша іс-шараларды сапалы жүзеге асыруға кедергі келтіретін келеңсіз факторлардың бірі – қоныс аударушылардың қолданыстағы несиелер бойынша мерзімі өткен берешектерінің болуы және соның салдарынан қатысушылардың субсидияларды пайдалануына мүмкіндік бермейтін банк шоттарының бұғатталуы (түскен қаражат несие бойынша қарыздарды өтеуге жұмсалады). Бұл – өз кезегінде олардың келуінің бастапқы кезеңінде қиындықтар туғызады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Тоқымбетов тілдік кедергінің де бар екенін айтты. Мұны “Отандастар қорының” Қызылжардағы өкілі Жазира Көкбасқызы да растап отыр. Сырттан келген ағайындар орыс тілін түсінбей қиналады. Сондықтан қазағы көп аудандар мен ауылдарға қоныстанып жатыр.
Осы ретте Еңбек мобильділігі орталығында қандастар мен қоныс аударушыларды бейімдеу және интеграциялау бөлімі ашылған. Бұл бөлім өз кезегінде қандастар мен қоныс аударушыларға қоғамға бейімделу үшін жағдайлар жасайды (ақпараттық және анықтамалық қызметтер, құжаттар аудармасы, құқықтық және консультациялық көмек, құжаттандыру мәселесі, қазақ және орыс тілін үйрену курстарына жолдау). Өткен жылы облысымызға бөлінген квота саны – 2698 адам. Оның ішінде 2460 қоныс аударушы және 238 қандас көшіп келді. Қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау квотасы толық орындалды.
Дегенмен бұл мәліметтер мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі орындалып жатқанының дәлелі емес. Қазақ халқының рухани көсемі Абай Құнанбайұлы “Істі қалай бастағаныңды айтпа, нәтижесі қалай болғанын айт”, – деген екен.
– Бүгінгі таңда Қызылжар, Есіл, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Ақжар сияқты аудандарда ағайын-туыстарын паналап келген қандастар тұрып жатыр. Отбасы мүшелері жұмыспен қамтылып, мектеп жасындағы оқушылар мектепке орналастырылған. Қандастардың негізгі мәселесі – құжат алу. Аудандардағы көші-қон полициясы қызметкерлері ақпаратты толық түсіндірмей, уақыттарын өткізіп алып қиындықтарға тап болатын кездері көп. Биылғы жылға 207 квота бөлінген. Қазіргі таңда оның отызы игерілді. Барға қанағат қылмай көшіп кетіп жатқандар да кездесуде. “Тас түскен жеріне ауыр”, – деген жақсы сөз бар. Болмашы қиындыққа шыдамайтындар көп, – дейді “Отандастар қорының” өңіріміздегі өкілі Жазира Көкбасқызы.
Мәселен, Мұқият Имамбекұлы Қытайдан 2016 жылы қоныс аударған. Бір жылдан кейін көші-қон бағдарламасы бойынша Есіл ауданы Бірлік ауылына көшіп келеді. “Келген бойда қаржылық қолдау көрсетілді. Соның арқасында үй алып, зайыбым екеуіміз жұмысқа орналастық. Теріскейге келгелі ырысымыз артпаса, кеміген жоқ. Осы жерде кенже қызым дүниге келді. Ұлым жоғары оқу орнын тамамдап, ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасты. Қызым М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжге оқуға түсті. “Суық” деп кері қайтатындай иен далаға келгеніміз жоқ, ел ішінде отырмыз. Қазақша сөйлейтіндердің саны жыл санап артып келеді. Бізге бұл қиындық туғызбады”, – дейді Бірлік ауылының тұрғыны Мұқият Имамбекұлы.
Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Үкімет сағатында өңірдегі демографиялық жағдайды жақсартатын ұсыныстар жасағаны белгілі. Оның бірі – облыста тұрақты тұратын отбасыларға туған балаға және оның күтіміне төленетін біржолғы сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақыны 2 есеге өсіру. Сонымен қатар жұмыс берушілерге еңбекпен қамтылған әрбір жұмыссыз адам үшін 2 жыл бойы 30 АЕК субсидия төлеудің жаңа механизмін енгізу, ерікті қоныс аудару шеңберінде экономикалық ұтқырлық сертификатын 1625 АЕК-ке дейін ұлғайту, облысішілік қоныстандыру аясында “Еңбек” бағдарламасы бойынша тұрғын үйлерге көшуге құқығы бар тұлғалар санатын кеңейту, оларға экономикалық ұтқырлық куәліктерін беруді қамтамасыз ету, аймақтық бағдарламаны “Отбасы Банкі” арқылы республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру да ұсынылып отыр. Бұл – солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартып, тұрғындардың кірісін көбейтіп, демографиялық ахуалға оң әсерін тигізеді. Алайда бұл ұсыныс ескеріле ме, жоқ па уақыт көрсетер. Бірақ теріскейде қалың ел отыруы үшін осындай серпінді шешім қажет-ақ.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.