Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі “Жаңа ХҚКО” деп аталатын тұжырымдаманы енгізіп жатыр. Біздің өңірде аталған тұжырымдама аясында екі халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Алғашқысы Петропавл қаласында, екіншісі Бескөл ауылында орналасқан. Петропавлдағы орталықтың іші өзгеріп, ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңашылдыққа бет бұрған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жұмысымен танысты. Өткен жылы мекемеде тың өзгерістер орын алды. Қызмет көрсету жылдамдығы жақсарып, ыңғайлы күту орны пайда болды. Осының барлығы орталыққа келушілерге қажетті қызметті тез әрі артық құжатсыз алуға мүмкіндік береді.
– Бізде жылдамдық аймағы бар. Мұнда көп уақытты қажет етпейтін жылдам қызметтер көрсетіледі. Жайлылық аймағында уақытты қажет ететін мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Әлеуметтік қызмет көрсету аймағы да бар. Онда адамдар зейнетақы, жәрдемақы ресімдейді. Ал байланыс аймағында тұтынушылар біздің кеңесшінің көмегімен бірқатар қызметті электрондық форматта алады, – деді “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕАҚ филиалының директоры Еркін Жұмабай.
Өңір басшысы цифрландыруды одан әрі жалғастырып, онлайн форматқа көшу қажеттігін атап өтті. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының мобильді топтары ауылдарға барып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
– Облыста 6 млн.-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 98, 8 пайызы электронды форматта жүзеге асырылады. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтары 182 қызмет көрсетеді. Бұл – аз көрсеткіш. Электронды қызметтің санын арттыру үшін қандай да бір шараларды қолға алу керек. Себебі қазір барлық ақпарат компьютер мен телефонда. Бұл – халық үшін ең ыңғайлы тәсіл, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өткен жылдан бері орталыққа АХАТ қызметінің функциялары берілген. Аталмыш орталық күніне мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Облыс бойынша халыққа қызмет көрсету орталығында – 763, ал Петропавлда 57 қызметкер бар. Олардың еңбекақылары 50 пайызға көтерілген.
Жұмыс сапары барысында Ғауез Торсанұлы қызмет алушылармен де тілдесті. Орталыққа келушілер ХҚКО-ның жұмысы туралы оң пікір білдіріп, қызметкерлердің сауатты жұмысына риза екендерін айтты.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.