Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдегі тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру және бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету жайы талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов өңірдегі тұрғын үй реформасын жаңғыртудағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Басқарма басшысының сөзінше, осы күні өңірде 1897 көппәтерлі үй болса, соның 1197-сі облыс орталығында орналасқан. Өңірдегі 1545 үй басқарудың жаңа формасына көшкен.
– Бүгінде 50 апаттық және 279 ескі үй бар. Оның басым бөлігі облыс орталығында. Күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі үйлердің үлесі – 49 пайыз. Биыл 535 млн. теңгеге қаладағы алты көппәтерлі үй жөнделеді. Жалпы 2011-2023 жылдар аралығында 224 тұрғын үй жаңғыртылды. Осы күні 11 үйдің жөндеу жұмыстарына арналған құжаттар дайындалуда. Оның жетеуінің шатырын, төртеуінің жеделсатыларын ауыстыру қажет. Өңірде 211 адам үйінің апатты жағдайда болуына байланысты баспана кезегінде тұр. Өткен жылы қабылданған жол картасына сәйкес 2029 жылға дейін облыста 86 үй сүріліп, 569 адамға жаңа баспана беру жоспарланған. Бағдарлама аясында биыл өңірде 3 апатты, 18 тозған үй сүріледі, – деді Жанат Сәдуақасов.
Көпқабатты үйлердегі жеделсатыларды жаңғырту да тұрғындарды алаңдатып жүрген мәселе. Бүгінде 134 үйде 421 лифт пайдаланылып келеді. Оның 184-інің жұмыс істеп келе жатқанына 25 жылдан асқан. 89 лифтті шұғыл ауыстыру қажет. Мұндай бір жеделсатының құны бүгінде 23 млн. теңге.
Қоғамдық кеңес мүшелері үйлерге сараптама жүргізіп, жұмысты жеделдету керек екенін айтты. Егер мәселе біржақты етілмесе құлағалы тұрған үйлердің үлесі артуы мүмкін. Ал Жанат Сәдуақасов ескі тұрғын үйлердің үлесін азайту үшін алдағы үш жылға жол картасы дайындалып жатқанын жеткізді.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.