“Петропавл ауыр машина жасау” зауытында жылу электр станцияларына арналған жабдықтар шығарыла бастады. Жаңа өнім түрі зауытта жаңғырту жұмыстарын жүргізгеннен кейін пайда болған. Ақпан айынан бастап өндіріс орнында құбыр байламдары мен газ панельдерінің өндірісі жолға қойылды.
Жылыту нысандарына арналған құралдар шығару тәжірибесі зауытта бұрын да болған. Өкінішке қарай, өндіріс қуаты азайған жылдары бұл өнімдерді шығару тоқтаған. Зауыт басшылығы өндірісті қайта қалпына келтіріп, кәсіпорынды жаңғыртып, сұранысқа ие құрал-жабдықтар жасау қайта қолға алынды. Машина жасауды дамыту бағдарламасы аясында кәсіпорында темір жолға, электр және жылу орталықтарына қажетті қат бұйымдар жасалатын болады. Олар жылу қазандықтарында, бу аппараттарында, утилизаторларда пайдаланылады. Газ панельдері заманауи “РЕМА” машинасында жасалады. Барлық өнім сапа стандарттарына сай шығарылады. Облыстан шығатын құрал-жабдықтар елдегі жылу электр станцияларының жұмысын қамтамасыз етеді. Осылайша қазақстандық жылу орталықтары мен темір жол ұйымдары импорттық тәуелділіктен арылып, жөндеу жұмыстарының бағасы арзандайды.
Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, бұйымдарға алғашқы тапсырыстар түсе бастаған. Бұл ретте зауыттың тек ел ішінде ғана емес, ТМД елдерінің нарығына шығуға да мүмкіндігі бар.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.