“Көмек” түзету-дамыту орталығында сенсорлық кабинет ашылды. Жаңа кабинет барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олардың арасында динамикалық жарық құрылғылары, құрғақ бассейндер, сенсорлық жолдар, құммен бояу үстелдері бар.
– Біз бұл сенсорлық бөлмені баланың көру және тактильді қабылдауын, ірі және ұсақ моторикасын дамытатындай етіп жабдықтауға тырыстық. Бөлмеде екі сенсорлық маман жұмыс істейді. Күніне шамамен 15 баланы қабылдаймыз. Мұның бәрі баланың даму деңгейіне, диагнозына және сенсорлық бөлмеде оған қаншалықты көмек қажет болатынына байланысты, – дейді түзету-дамыту орталығының меңгерушісі Ғалия Баязитова.
“Көмек” түзету-дамыту орталығы 2015 жылы ашылды. Қазір мұнда 15 маман жұмыс істейді. Психологтар, логопедтер мен мұғалімдер ерекше қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Қазіргі уақытта түзету орталығына 60 шақты бала келіп жүр.
– Бүгін орталық мамандарының балалармен қалай жұмыс істейтінін, қандай жұмыс атқаратынын өз көзіммен көрдім. Бастапқы кезеңде дұрыс сөйлемеген не болмаса құралдарды ұстай алмаған балалардың жетістігі көңіл қуантады, – деді қалалық мәслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов.
Сенсорлық бөлмелердің жарық және қараңғы деген түрі бар. Орталық мамандары екінші тәсіл бойынша жұмыс істеуді ұйғарыпты. Қараңғыда балалардың табиғи және жасанды жарықты дұрыс қабылдауы қалыптасады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.