Облыста 458 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Нақты жұмыс істейтіні – 420. Өткен жылы өңірде мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында 259 млн. теңгеге 98 жоба жүзеге асырылыпты. Биыл 97 жобаға 347 млн. теңге қарастырылып отыр.
Азаматтық альянс қауымдастығының мүшесі Көгершін Бердағұлованың айтуынша, жыл сайын үкіметтік емес ұйымдардың рөлі күшейіп келеді. Олар көтерген әртүрлі мәселелер облыстық, республикалық деңгейде шешімін табуда.
Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басқосуына “OzgerTeam” ұлттық бастамасы өңірлік серіктестігінің өкілдері де қатысты. Бақытжан Тұрсынов сегіз жылдан бері өңірде пікірсайыс ойындарын дамытумен айналысып келеді. Осы күнге дейін облыстық, републикалық деңгейдегі турнир-тренингтер ұйымдастырған.
– Қазіргі уақытта үкіметке немесе басқа да үшінші жақтың көмегіне жүгінгісі келетін жастар бар. Солардың ойын өзгерткіміз келеді. Яғни өзгеріске талпыну үшін әр адам ең алдымен өзін өзгертуі қажет, – дейді ол.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, соңғы кезде жобаның санына емес, сапасына баса мән берілуде. Қыруар қаржы бір реттік жарқылдақ жобаларға емес, мазмұнды да мағыналы, пайдалы жобаларға бағытталып жатыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.