1 наурыздан бастап “Отбасы банкінде” жаңа мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Қазақстандықтар 30 сәуірге дейін Баспана маркет otbasybank.kz порталында “Отау” бағдарламасына қатысуға өтінім бере алады. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе қандас мәртебесі бар, 18 жастан 63 жасқа дейінгі адамдар қатыса алады. Сонымен қатар қатысушының соңғы 6 ай ішінде ресми табысы болуы керек, өзінің және отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде кез келген жылжымайтын мүлік түрінің болмауы да тексеріледі. Астана, Алматы қалаларының тұрғындарына 30 млн. теңге қаражат берілсе, еліміздің басқа өңірлеріне берілетін заем сомасы 18 млн. теңгеге дейін.
– “Отау” бағдарламасына өтінім беру үшін міндетті түрде кезекте тұрудың қажеті жоқ. Ең бастысы, біздің “Отбасы банктің” салымшысы болуы қажет. Отбасы банкінде кемінде 18 ай салымы, шотында 1 млн. теңгеден астам қаражат болуы керек, – деді “Отбасы банк” АҚ облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің маманы Назерке Ғалым.
“Отау” бағдарламасының шарттары бойынша алғашқы жарна 20 пайыздан басталады. Кредит бойынша жылдық мөлшерлеме – 9 пайыз. Несие 19 жылға дейін беріледі, “Табысты”, “Жинақ” және “Арнау” тарифтік бағдарламалары шеңберінде ашылған депозиттер бағдарламаға қатыстырылмайды. Сонымен қатар салымшыда инкассалық өкімдер мен төлем талаптары түріндегі шектеулердің болмауы маңызды.
– Қалада бірінші деңгейлі пәтерді ғана алуға болады. Ал бағдарлама шарты бойынша моноқалаларда немесе аудандарда, ауылдарда екінші деңгейлі пәтерді алуға рұқсат. Және олардың барлығы біздің банктің шартына сәйкес болуы керек. Конкурстан өткеннен кейін біз төлем қабілеттілігін растауға шақырамыз.Төлем қабілеттілігі расталғаннан кейін алты ай уақыт береміз. Осы уақыт ішінде пәтерді іздеп-тауып, рәсімдеп үлгеру керек, – деді Назерке Ғалым.
Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Салым бойынша сыйақы мөлшерінің көлемі – әрбір 1 000 теңге үшін 5 балл. Депозит мерзімі яғни, әрбір жыл үшін 5 балл беріледі. Егер бағдарлама қатысушысы некеде болса оған тағы 10 балл қосылады. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі балалары болса 50 балл беріледі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.