Петропавлда бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер ұстаздарының арасында облыстық “Жыл педагогы” байқауы өтіп жатыр. Екі күндік байқауда мұғалімдердің портфолиосы қаралады және олар шығармашылық жұмыстарын таныстырады.
Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Саян Ермектің айтуынша, педагогтарға арнайы шығармашылық тапсырмалар беріледі. Оны бір сағаттың ішінде орындап шығуы тиіс. Қазылар алқасы шығармашылық жұмыстың таза орындалуына және креативті көзқарасына баса мән береді.
Байқауға қатысып жатқан ұстаздар өзара тәжірибе алмасты. Себебі шебер болу – кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Өнер мектебінің мұғалімі Көшербай Қасымовтың ұсталықты серік еткеніне 30 жылға жуықтады. Ұлттық бұйымдар жасауға қолы жатыққан азамат 15 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп жүр.
– “Ағаш ою” үйірмесіне 15 шақты бала қатысады. Үйірмеде атадан балаға мирас болған ұлттық өнерді дамытуға басымдық беремін. Оқушыларға астау оюды, қазақтың ұлттық бұйымдары – сандық және домбыра жасауды үйретемін, – деді Көшербай Қасымов.
Қосымша білім беру бағдарламасына бейнелеу өнері сабағы да кіреді. Қызылжар ауданындағы “Мерей” өнер мектебінің мұғалімі Анастасия Глухихтің айтуынша, сурет салу баланы заттың пішінін дұрыс аңғаруға, түстерді ажыратуға үйретеді екен.
– Сурет балалардың есте сақтау, көзбен өлшеу, бақылау дағдыларын дамытады. Бейнелеу өнері сабақтары – баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін тиімді құралдардың бірі. Маған балаларды сурет салуға үйреткен ұнайды. Олардың ынталарына қарап менің жұмыс істеуге деген құлшынысым одан сайын арта түседі, – деді Анастасия Глухих.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.