Биыл өңірде егіс алқабының аумағы былтырғы деңгейде қалмақ. Десек те, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін картоп пен қарақұмық алқабы ұлғайтылады.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдары ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Жол картасы әзірленген. Биылғы егіс алаңының көлемі – 4,5 млн. гектар, оның 3,4 млн. гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақыл, 751 мыңына майлы дақыл және 379 мың гектарға жемшөп егілмек.
“Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толтыру үшін қарақұмық алқабы 26 мың гектарға, яғни шамамен екі есе, картоп 34,1 мың гектар алқаптан 7,7 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Жақсы өнім алу үшін минералды тыңайтқыштарды көбірек пайдаланамыз. Былтыр 2,6 млн. гектар алқапқа 190,2 мың тонна тыңайтқыш қолданылса, биыл шамамен 256 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бұл ел бойынша қолданылатын тыңайтқыштардың жалпы көлемінің шамамен 30 пайызы”, – дейді басқарма басшысы Мейрам Меңдібаев.
Қазіргі уақытта көктемгі егіске техника 90 пайыз дайын.
Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл ауыл шаруашылығы жұмыстарына дизель отынын бөлудің жаңа тетіктерін іске қосады.
Ведомство дизель отынын бөлудің барлық процестерін, оның ішінде дизель отынын жеткізу жөніндегі операторларды айқындау жөніндегі комиссияның жұмыс тәртібін және операторларды айқындау шарттарын, сондай-ақ дизель отынының көлемін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде электронды қалыптастыру және бөлу процесін қамтитын қағидалардың жобасын әзірледі.
Шаруалар үшін жанармай көлемін қалыптастыру және бөлу ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бойынша 1 гектарға дизель отыны шығысының нормативтеріне сәйкес, егіс алқаптарын ескере отырып жүргізіледі.
Дизель отынын алушылардың тізімі gosagro.kz. порталында автоматтандырылған режімде жасалады.
“Мемлекет көктемгі дала жұмыстарына 53,2 мың тонна дизель отынын бөлді, оның 6 мың тоннасын ақпан айында алдық. Қалғаны кезең-кезеңмен мамыр айының ортасына дейін жеткізіледі. Диқандар үшін дизель отынының бағасы литріне 250 теңге болмақ. “Қазгидромет” мекемесінің деректері бойынша 2023 жылы топырақтағы ылғалдың қоры 99 мм немесе 147 пайыз, норма – 69 мм. Қаңтар айында жауын-шашын 29,2 мм немесе нормадан екі есе көп жауды. Ылғал қоры жеткілікті”, – дейді Мейрам Меңдібаев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.