«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛ АҒАДЫ МАҒЖАННЫҢ ЖҮЙРІК ЖЫРЫНДАЙ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өзіміз күнделікті ортасында жүрген, аптабымен күйдіріп, аязымен тоңдыратын, бірде арқаңнан қағып марқайтатын, қызығы да, қыжылы да көп қым-қуыт мына дүние әуен мен әуезге, сарын мен сазға тұнып тұр. Тереңінен толқып көтеріліп, бір жотаның омырауын иненің көзіндей тесіп, жылт-жылт етіп ағып жатқан ерке Есілдің сылқ-сылқ күлген сылқым сылдырына құлақ түріңізші. Одан заман мен уақыттың дүбір мен дірілге толы үнін, адамның күйініш пен сүйінішке толы жан-жүрегінің қысқа күнде қырық құбылатын сырын ұғасыз.

Есіл өзені. Халықта Есіл өзе­нінің атауы “Есір” – бұзық, қиқар, пысық” сөздерінен шыққан де­ген аңыз бар.

Ілияс Есенберлиннің “Алтын Орда” тарихи романында мынадай эпизод кездеседі.

“…Асан Қайғы өз тостағынан қымызды сіміріп алып сөйледі:

“Солтүстікте Есір өзені алты күн жол қашықтығында ағады, онда жылқылар жақсы семіреді, сансыз қой отарлары жайыла­ды, оған баяу ағатын Нұра өзені құяды, оның жағасында мың­даған жылқы жайылады, өзен­де су мен қуат жеткілікті, айна­ласында көз жеткісіз жазық дала, тоқшылықта өмір сүріп жатқан адамдар өзенге разы. Бірақ ол да бізге тұрақтайтын орын бола алмайды. Өзен айналасында орман, таулар жоқ, есесіне, айналасында күншіл жаулар көп. Мен осылардың бәрін ой­лай келе, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Мен бөгде ойлар шырмауынан шыға алмадым, сонда осы өзенге сен Есір емессің, сенің атауың бұдан былай “Есіл” болсын дедім”.

Танымал жазушы бұл өзенге ат қою құқығын аты аңызға ай­нал­ған кемеңгер әрі ежелгі за­ман жыршысы Асан қайғыға бе­реді.

Бастауын Сарыарқадағы Нияз тауы­ның етегінен алып, Ер­тіс өзеніне сол жа­ғы­нан құятын Есіл талай жырау, ақын­дардың, сазгерлердің шығармашы­лық­тарына арқау болды.

Ежелгі жырау бабамыз Қожа­берген де:

“Жерлерім – Ертіс, Есіл, Тобыл бойы,

Елімнің жайылушы еді ешкі-қойы.

Күн туып, ата жаудан кек алатын,

Қалмақтың іске аспасын харам ойы…

Желіге құлын байлаған,

Жомарт қолды ерім-ай!

Ит жүгіртіп, құс салған,

Бетегелі белім-ай!” – деп жыр төккен еді.

Есіл өлкесі жайлы әндердің бірі – “Есіл та­сып барады” әні. Бар қазақтың жүрегіне жол та­уып, нағыз халық жазушысына ай­налған Сәбеңнің (Сәбит Мұқа­новтың) “Өмір мектебі” романын оқыған адам бұл әннің де та­ри­хы­мен жақсы таныс деп ой­лаймын. Ән Сә­бит Мұқановтың осы “Өмір мектебі” ро­маны ар­қылы халыққа кең тарады.

Есіл тасып барады жардан асып,

Қар жауады жаңбырмен араласып.

Шам сөндіріп барайын деген басым,

Ұйықтап өліп қылыппым қара басып.

Ауылыңның тұсында ақша жатыр,

Ашуланып кетті де, біздің батыр.

Шошып тұрып орнымнан іздеп келсем,

Әсем басқан сал-қыңыр ізі жатыр.

Топырақтан жаралған қайран дене,

Жаны бірге, тән басқа болды неге?

Қатты өкпелеп шынымен кетті ме деп,

Бір тимеді кірпігім кірпігіме.

Өзің атың Мұратбек, әкең Шүрек

Сені қос деп құдайдан қылдым тілек

Осылайша екеуміз болғаннан соң,

Бір жаралса қайтеді қолқа жүрек!

Біздің ғашықтық туралы өлең­деріміздің көбін жігіт қызға шығарады да, қыздың жігітке шы­ғарған өлеңі өте сирек кездеседі ғой, мынау ән мен өлең, сондай сирек туындылардың бірі екен.

Ал енді жазушы Сәбит Мұқа­новтың Есіл өлкесінің сұлу таби­ғатының сурет­темесіне бір сәт құлақ түрелікші:

“Есіл!.. Шілденің шамырқан­ған сарша тамыз кезінде Есіл өл­кесі адамның көзіне күндік жер­ден шалынады. Күн сәскеден жо­ғары көтеріле, сумаңдай аққан мөлдір толқынды сағым, Есілдің алабына сый­май, қазанда қай­на­ған сүттей аппақ күміс көбігін кең кемерден көпіршіте төгеді… Шілдеде Есіл өзенінің желі бояу еседі. Жылдың өзге мезгілдерін­де жортуылын жиілететін жел, піскен өсімдіктердің жемі­сін тө­гермін деп аяғандай, жұлқылап-жел­піп мазаламайды. Бірақ шал­ғын оны­мен тыныш тұрмайды. Үстінен толқыған сағымның бо­лар-болмас салмағын ауыр­ла­ған­дай, не оның толқуына елікте­гендей, шалғын да желсіз тымық түнде өзінен-өзі теңселіп шайқа­лады.

Толқындай теңселген шал­ғын­ның ішіне кірсең, оның гүлге бөленген тереңіне сүңгігің келе­ді, жұпар иісті жасыл жібегін жас­танып та, жамылып та жаныңды жайландыра жатқың келеді.

Бір кезде жасыл толқынға сүң­гіп, құ­марың қанып, енді тыныс­тайын дегендей, қимылсыз жата қойсаң, шалғынның тү­бінде ақ ме­руерттей жылтылдаған, кө­лемі бөдененің жұмыртқасын­дай бір домалақ заттарды көре­сің. Бұл не? Жұмыртқа дейін де­сең, тым жиі, шалғынның түбіне сы­ңысып сыймайды!..

Бұл не?! Бұл ма? – Жидек!..

Желге, күнге көрінбей, жасыл шалғын­ның жібек құндағына бөленіп өскен Есіл өлкесіндегі жи­дектің түсі піспеген тәрізді ап­пақ көрінеді. Егер, соның біреуін сабағынан үзіп алып мұрныңа та­қасаң, жаныңа жайлы бір тама­ша иісті сезесің. Есіл шалғы­ны­ның арасына өсетін жеміс жидек қана емес. Онда үркер жұлды­зын­дай шоқталып, қызыл жақұт­тай жар­қы­раған бүлдірген де өседі…

Уыз қымыз татыған ол жеміс­ті бүрінен ағытып алып, алақа­ныңды толтыра асап жіберсең, қандай шөлің болса да қана қояды.

Тоғай да бұл кезде кемеліне келіп толықсып тұрады. Дәудей дөңкиген кәрі үйеңкісі, күміс қа­бықты қайыңы, қалайы қабықты терегі, мыс қабықты, мойылы, тең­­селген талы, ши борбай ші­лігі, шым-шымпаз шеңгелі, кірпі­түкті тікені мен доланасы, торы тобылғысы аралас өскен тоғай теп-тегіс жасыл желек киіп, жа­пы­рақтары желбіреп, өзінен өзі сыңғырлап күй тартқандай боп тұрады. Шиенің шөптен аз ғана биік бұтақтарына көзіңді салсаң, үстіне қып-қызыл шұға жапқан сықылданады. Мойылға қарасаң ботаның көзіндей мөлдіреп бұ­тақтың басына сыймай сыңсып тұрған қарақат.

Шіркін, қарақат, тәтті де, сұлу да жеміс-ау!.. Жібек шалғынды, жыныс тоғайлы табиғаттың бұл байлығына көзің тойған кезде оның иесін іздейсің.

Ол, әрине Есіл!”

Жазушының тамсана, төгіл­ді­ре, мөлдірете суреттеген туған табиғатының қадіріне жетіп жүр­міз бе?..

Жұрт ауылдан қалаға қопа­рыла көшіп жатқанда, керісінше, қаладан ауылға қоныс аударған қазақпыз. Бескөл ауы­лының оң­түстік-шығыс тұсына қоныстан­дық. Ауыл іргесі қалың орман.

Жоғарыда Сәбең суреттеген жеміс-жидектің бәрі де бар, ағаштың не бір түр­лері кезінде аса бір ұқыптылықпен отыр­ғызы­лып, баптап өсірілген. Орман-бақша деуге лайық. Жаздыгүні орманның іші-сырты жеміс-жи­декке толы.

Ал сол орман-бақшаның қа­зіргі сыйқы адам шошырлықтай. Жан-жақтан көшіп келіп, үй са­лып, орманды жағалай қоныс­тан­ғандар орман-бақшаның іші-сыртын қоқысқа толтырды. Шір­кін­дердің табиғат-анаға деген “жанашырлығы” осындай болып тұр. Мұны жазуымдағы мақсат осы мақаламды оқып, табиғат-анамызға деген көзқарастары өзгерер деген ғой.

Ғайса Есенбаевтың “Есіл өзен” әні жа­йында бірер сөз. Ғайса Есенбаев – артил­лерист-офицер, жауынгер-композитор. Ғайса Есенбаевтың Жаналы деген жол­дасына жазған хатын­да: “Қымбатты Жа­на­лы! “Есіл өзен” 1943 жылы майданға ат­та­­нарымда жазылды. Кезінде ха­лық ара­сында кең таралуы да се­бепсіз емес, ке­шегі ауыр со­ғыс­қа біреудің әкесі, біреудің ба­ласы, туыс-туғандары, жары, жанқияр досы, дегендей көп ат­танып, аз қайттық қой. Сондық­тан бұл өлең көптің мұңы, үміт-арманы болды. Мен майданда 1943 жы­лы маусымнан, 1944 жылғы желтоқ­санға дейін болдым”. Ғайса ән­нің со­ңына “1943 жыл. Ақмо­ла” деп қол қойып: “Бұл – менің май­данға ат­танарда елмен қошта­суым”, – деп жазыпты.

Өз тағдырын қысқа ғана шерткен жанның әр сөзінен кісіліктің лебі еседі.

Есіл өзен, Қараөткелдің қаласы,

Таныс жердің сайы менен саласы.

Туған қала, өскен жерім, қош сау бол,

Қош бол, Есіл, қош аман бол,

Қараөткел,

Алдымда бар талай ауыр тар өткел.

Өзің туып, еркелеткен ұлыңа,

Қан майданда қажымайтын

Қайрат бер!

Бүгінде Ғайса Есенбаевтың “Есіл өзен” әні сәулетті астананы кемерлей аққан айдынды сұлу Есілдің үстінде жібек самалдай желпиді.

Кешегі кеңестік дәуірде туған Есіл өлкесі жайындағы тамаша ли­рикалық әннің бірі – қазақтың аса көрнекті ком­позиторы Сыдық Мұхамеджановтың ақын Қуан­дық Шаңғытбаевтың сөзіне жа­зылған “Тербеледі тың дала” әні.

“Түнгі салам егін басын тербейді,

Алыста қыр қарауытып көлбейді.

Айдың нұры баяу ғана дірілдеп,

Тың алқапты көкшіл шұғыла кернейді.

Айлы адал, салқын самал тамаша,

Екі ғашық қол ұстасып, келе жатыр оңаша”, – деген сөзі мен са­зы ғажап үйлескен әнді күміс көмей әншіміз Бибігүл Төлеге­но­ваның орындауында талай естіп, сүйсіне тыңдап, жан рахатына бөленгенбіз. Ән бастан аяқ мөл­діреп, төгіліп тұрған лирика. Ән туы­сымен халық арасына тез тарап кетті.

Осы мақаланы жазу бары­сын­да байқағаным Есіл жайында шығарылған әндер көп емес екен.

Қызылжар аймағының тума­сы, жер­лесіміз, белгілі компози­тор Жоламан Тұр­сынбаевтың әні – “Есіл бойы – Қызылжар”. Бұл ән екінің бірі айтатын, ел арасы­на кең тараған деп айта алмай­мыз.

“Тарихы дастан, аңыз боп асқан,

Ағайын жұртқа дос құшақ ашқан.

Батырдың елі, батырдың жері,

Көрмесем бір сәт сағынам сені.

Есіл бойы – Қызылжар,

Ну орманды Елтінжал.

Көк сағымды ән өлкем,

Жерің шүйгін, суың бал!”

Композитордың туған өлке­сіне деген сағынышы, елінің, же­рі­нің сұлу табиға­тына іңкәрлігі, елінің болашағына сенімі ән мә­тінінен аңғарылады. Қазақ әнде­ріне құлағымды түріп жүретін жан­дардың бірі едім, бірақ Жола­манның осы әнін көп есті­меппін.

Ал Жоламан Тұрсынбаевтың “Қызқа­рағай” әнінің жөні бөлек. Бұл әнге кеңірек тоқ­талуды жөн көрдік. Бұл ән – Есіл өлке­сінің шұрайлы бір мүйісі қазақ көркем­сө­зінің кәусар бұлағы Ғабит Мүсі­ре­пов туған мекенге арналған.

“Ауылында бар Ағаның қызқарағай,

Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.

Ақ балтырлы ақ қайың арасында,

Жалғыз өсіп асқақтап, тұр дарағай.

Қызқарағай, қызқарағай…

Жалғыз өсіп асқақтап, тұр дарағай,” – деп басталатын әнді алғаш бұлбұл әнші Бибігүл Тө­легенованың орындауында ес­тіп, сұлулықтың, даралықтың, та­залықтың тамаша бір үлгісіндей қабылдадық.

Қызқарағай – тұла бойы сұ­лулықтан жаратылған Ғабеңнің өзі. “Ыстықта да, суықта өңін бер­мес, өзі ме екен ағаның қыз­қа­рағай…, – деген өлең жолдары жа­зушының көркем бейнесін дөп бас­қан.

Табиғатында талғампаз, киім киісі, жүріс-тұрысы, қимыл-қоз­ғалысы, сөйлеу мәнері тұла бойы­ның зялылығын таныту­шы еді.

Университеттегі ұстазымыз професс­сор Темірғали Нұрта­зин­нің Ғабит Мүсіре­пов шығар­машылығы жайындағы бір дә­рі­сін­де әдебиет сыншысы Есма­ғам­бет Ысмайыловтың Ға­беңмен қатар отыр­ғанда “Ғабеңнің туф­лиінен өзі­міздің жүзімізді көріп отырдық”, – деген сөзі есіме түсіп отыр. Тым әсірелеп те жіберген шығар, бірақ Ғабит Мүсіре­повтің серілік, салдық қасиетіне лайықты баға.

Ұстазымыздың Ғабит Мүсі­репов тұла бойы сұлулықтан жаратылған “Сувенир” адам ғой”, – дегені есімізде қалыпты.

“Қызқарағай” әні – табиғат­тың сұлу­лығын адам жанының сұлулығымен үн­дестірген әсем ән.

Ендігі бірер сөз Есіл жайында шыққан тамаша ән “Есіл ағады” ха­қында. Әннің сөзін жазған ақын Ғалым Жайлыбай. Ғалым жайлы қазақтың өр рухты ақыны Темірхан Медетбек: “Мен Ғалым жырла­рының табиғатын көкіре­гінде қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шерт­пе күйге теңеген болар едім. Егі­ліп отырып ет жүрегіңді елжіре­тіп, шым-шымдап сыр төгіп оты­рып сүйегіңді үгетін оның жыр­ларындағы баппен қағылып, байыппен шертілетін әуенге құ­лақ қойсаңыз, олай демеске ла­жың қалмайды,” – деп бағалапты.

“Тамшылар” (сөзі Өтеген Кү­місбаев­тікі), “Бар ма маған ға­шық адам бір жерде” (сөзі Тұ­манбай Молдағалиевтікі) әндері­мен танымал композитор Ахме­дияр Ес­мұхановтың көңіліне Ға­лым Жайлы­байдың “Есіл аға­ды” өлеңі қона кетсе керек, осы өлеңді тың әуенмен әдіптейді. “Мұз-Арт”-тың орындауында ән қазақ даласына кең тарап кете берді. Сазы сұлу, сөзі сырлы “Есіл ағады” әні жұрт­шылықты елең еткізді:

Есіл ағады, Есіл ағады,

Ақбұйра толқын жарды ұрып.

Есіл аққанда есіп ағады,

Жағада жартас жаңғырып.

Есіл ағады, Есіл ағады,

Мағжанның жүйрік жырындай.

Мені де бір қыз есіне алады,

Тарқатып өрген бұрымдай…

Осылайша біресе жағаны аймалап, біресе тарқатылған бұ­рымды көзге елестетіп сүйкімді қайырмаға ұласады:

Сырбазым сыңғыр, сыңғыр етеді,

Сұлулар таққан сырғадай.

Түрілген сонау түннің етегі –

Ұйқымды қайтсін ұрламай?

Есілдің ерке ағысын алуан түрлі көр­кемдегіш құралдармен суреттеген Ғалым ақынның сыр­лы, сазды өлеңін Фариза Оң­ғар­­сынова: “Кейбіреулер қазақ жырын қан­шама қырық құбылт­қанымен, құран тек­тес қасиетті қара өлең Қасым­нан, Мұ­қа­ғали­дан қалған шекпенін жамы­лып, ұр­пақ­та­ры­ның алдынан шыға­ды. Қазақтың қаза­қы болмысы бұзылмай тұрған шақ­тағы қыр сұ­луларының шын күмістен құйыл­ған, сыңғыр еткен сайын жана­рың­ды жаулап жарқ ететін шаш­бау түй­меле­ріндей Ға­лымның да өзгеше өлең­дері сол қатарда тұруы хақ”, – деп жоғары баға­лаған екен.

Кез келген халықтың тарихы, бар болмысы, ол халықтың өзі тудырған ән мен күйдің, ауыз әдебиетінің өзегінде жатқандығында дау жоқ. Қазақ халқы – әнші халық. Оның жүрек лүпілінен даланың түрлі бояуын айқын аңғарамыз.

Ғасырдан ғасыр қуып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ән мен күй сол кездегі елдің басынан кешкен қайғы-қасіретін, күйініш-сүйінішін, замана сары­нын көз алдымызға әкеледі.

Сондықтан да оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтау, халықтың рухани игілігіне айналдырып үнемі дамытып отыру бүгінгі өнерлі ұрпақтың борышы, міндеті болуы тиіс.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp