«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШЕКАРАДАҒЫ АУЫЛДАРҒА АЙРЫҚША НАЗАР САЛУ ҚАЖЕТ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орынбасар Ысқақова – облыстық мәслихаттың №6 сайлау округі бойынша депутаты (Ақжар және Уәлиханов аудандары), бюджет, қаржы, экономика салаларын дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, “Искакова” ЖК директоры.

НЕ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛДЫМ?

Алғаш рет 2021 жылы маған жетінші шақырылымдағы об­лыс­тық мәслихатқа депутат­тық­қа кан­дидат ретінде сайлауға қа­ты­су туралы ұсыныс түскенде бастапқыда қарсы болған едім. Себебі өзімнің жеке кәсібім бар, жұмыс та, жүктеме де көп. Бірақ ойлана келе, депутат ретінде ту­ған ауылыма тигізер көмегім көбірек болады-ау деген ше­шімге келіп, келі­сі­мімді бердім. Тұрғындар маған сенім білдіріп, сайлаушы­лар­дың басым дауысы­на ие бол­дым. Сол кезде ха­лықтың сені­міне ие болған шы­ғармын, себе­бі сегізінші шақы­ры­лымда да сайлаушылар қол­дау көрсетті. Бұл жолы маған қосымша жүк­теме ретінде көр­шілес Уәлиха­нов ауданы тұр­ғындарының мұң-мұқтажын би­лікке жеткізу міндеті жүктелді. Сол себепті бір жылға жуық уа­қыт ауылы ара­лас, қойы қора­лас көрші екі ау­дан тұрғын­да­рымен қоян-қол­тық жұмыс істеп келемін.

САЙЛАУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІМ?

Тіршілік түйткілсіз бол­май­ды. Біреуі шешілсе екіншісі, одан қалды үшіншісі пайда бо­лып, үнемі қимыл-қозғалыс үс­тіндеміз. Бұл – өмір заңы. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселе – тегіс жол, таза ауызсу, жарық пен сапалы бай­ланыс. Сонымен қатар ауыл­дарда тұрғындарға қажет әлеу­меттік нысандардың болуы да – орынды талап. Ауылға бюджет қаржысын немесе инвестиция тар­ту арқылы аталған мәсе­ле­лер шешілсе, демография да өзі­нен-өзі оңалары сөзсіз. Об­лыс­тық мәслихат депутаты атан­ға­лы бері шалғай елді ме­кендерді сақтап қалу мәселесін шешудің жолдарын іздестіру­мен келемін.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрыл­тай­дың екінші отырысында сөй­леген сөзінде ұлттық бірлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құн­дылықтарын орнықтырудың жо­лын айқындап берді. Солардың ішінде қоғамда жиі көтерілетін өзекті проблемалардың бірі – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор шекаралық аймақ­тар мен ауылдық елді мекен­дерді дамыту жайына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы: “Шекара маңындағы елді ме­кендердің ахуалы жеріміздің тұ­тастығына және еліміздің аман­дығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – страте­гия­лық маңызы бар мәселе. Өкі­нішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөз­сіз”, – дей келіп, “бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте ма­ңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет”, – деп атап көрсетті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Президенттік сай­лаудан кейін қол қойған ең ал­ғашқы Жарлығы ауылды дамы­ту мәселесіне арналуы бізді ерекше қуантқаны жасырын емес. Еліміздің шекаралас өңір­леріндегі ауылдар айрықша на­зар аударуды қажет етеді. Бұл – еліміздің қақпасы іспеттес. Де­генмен шалғайда орналасқан мұн­дай ауылдарға тиісті көңіл бөлінбей жүргені рас. Мен әріп­тестеріммен бірлесіп, әлеуеті төмен ауылдарды дамыту мә­селесін бірнеше рет көтерген бо­латынмын. Өкінішке қарай, жо­балау-сметалық құжаттама да­йын тұрса да, екі ауданның бір­қатар ауылындағы әлеуметтік нысандарды қаржыландыруға қол жеткізе алмадық.

ҚАЙ УӘДЕМДІ ОРЫНДАДЫМ?

Мен депутат болған күннен бастап алдыма ауылдарды таза ауызсумен қамту міндетін қой­ған едім. Бұл шара “AMANAT” пар­тиясының сайлауалды бағ­дар­­ламасын жүзеге асыру жө­нін­дегі жол картасына да енгі­зілген. Өкі­нішке қарай, бүгінде Ақжар ау­данының алты ауыл­дық округі­нің тұрғындары құдық суын ішіп отыр. Ол тазартыл­ға­нымен ащы, кермек дәмі сезіле­ді, тех­никалық суға ұқсас. Жаңа су құ­бырын тарту мәселесі 2013 жы­лы көтеріліп, талқыланып, екі жыл­дан соң сметалық құжат та жасалыпты. Бірақ республи­ка­лық “Қазсушар” мекемесінің жа­уапсыздығынан жүзеге аспай, жа­булы қазан күйінде қалып қой­ған. Сол жобаны тауып, облыс­тық және республикалық меке­мелерге бірнеше рет депутат­тық сауал жолдадым. Парла­мент Сенатының депутаты, жер­лесіміз, партияласым Ольга Пе­репечинаның іске кірісуінің ар­қасында жұмыс қайта жандан­ды. Мәселе бақылауға алынып, қа­зіргі уақытта жоба қайтадан жа­ңаланып, сарап­та­маға жібе­ріл­ді. Жерлесте­рімнің орталық­тан­дырылған су құбыры арқылы таза ауызсу тұтынатын күні алыс емес деп ойлаймын.

Әр ауданның стратегиялық жә­не ағымды жоспарларына сәй­­кес жыл сайын ауыл іші жол­дары, мектептер кезең-кезеңі­мен жөндеуден өткізілуде. Бұл жүйелі жұмыс әлі де жүзеге асы­рыла берер ме еді, егер Ұлттық экономика министрлігі ауылдар­ды жіктеуді қолға ал­мағанда. Бұл шешім ауылдарды сақтап қа­луға кедергі болып отыр. Осы құ­жатқа сәйкес Ақжар және Уәли­ханов аудандарына қарасты 48 ауылдың тең жар­тысы, яғни 24-і әлеуеті төмен елді мекендерге жатқызылды. Осының салда­ры­нан аталған ауылдарға “Ауыл – ел бесігі”, “Жұмыспен қамтудың жол кар­та­сы” мемлекеттік бағ­дарла­малары шеңберінде еш­қан­дай қаржылай қолдау көрсе­тіл­мей­ді. Олардың пайымынша, аталмыш ауылдардың болаша­ғы жоқ. Бұл ұстаныммен түбе­гей­лі ке­ліспеймін. Министрліктің ауыл­­­дық округтерді бағалау жүйе­сінде демографиялық, гео­графиялық, климаттық ерек­шеліктер есепке алынбаған. Де­путаттыққа кіріскен күннен бас­тап осы мәселемен де тұрақ­ты шұғылданып, об­лыс­тық және республикалық дәре­же­де көте­ріп, Мәжіліс және Се­нат депу­таттарына хат жол­да­дым. Бірақ шешім өзгермей тұр.

Бүгінгі таңда екі аудандағы 48 елді мекеннің 37-сі шекара­лық елді мекен санатына жат­қызылды. “Ауылдық аумақ­тар­ды дамыту тұжырымдама­сы” аясында бұл елді мекен­дерге көңіл аударыла ма деп үміттеніп отырмыз.

ХАЛЫҚ МАҒАН СЕНЕ МЕ?

Биыл жергілікті өкілетті ор­ган­дар – мәслихаттардың құ­рыл­ғанына 30 жыл толып отыр. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өздерінің негізгі жұ­мыстарына қосымша, сол ел­дің патриоттары ретінде, ешқандай төлемсіз қоғамдық негізде жұ­мыс істеп, ауылдың, аудан­ның, өңірдің дамуына өздерінің өл­шеу­сіз үлестерін қосып ке­леді.

Депутат – халықтың өкілі. Көп­шілік өзі жеткізе алмаған ойын депутаттар арқылы билік­ке жеткізгісі келеді, өз күшімен шеше алмаған қиындықты де­путаттардың араласуымен рет­теуді жөн санайды. Бір сөзбен айтқанда, халықтың талабы мен тілегі, мүддесі билікке депутат арқылы жетеді. Ендеше халық­тың сенімі – үлкен жауапкерші­лік. Кейде депутат болуды оңай көретіндер де кездесіп жатады. Түсінген жанға депутат болу – бе­дел жинау емес, аманат арқа­лау. Ал аманат – қазақ үшін қа­сиетті ұғым.

Мен өзім “AMANAT” партия­сы Ақжар аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комис­сия­сына жетекшілік ете­мін. Сон­дай-ақ Жол картасын­дағы аумақтық даму мәселелері үшін де жауап­тымын. Бұған дейін де аудандық филиал жа­нындағы экономика және өңірлік даму жөніндегі тұрақты коми­теттің құрамында жұмыс істедім. Қазір де екі ау­дандағы құрылыс, күрделі жөн­деу, жол құрылысы мәселеле­ріне жауаптымын. Пар­тиялық бақылау комиссиясы барлық нысандардағы жұмыс ба­рысын қадағалайтыны белгілі. Сондық­тан Жол картасы ая­сында ат­қарылып жатқан жұ­мыстың еш­қайсысы біздің наза­рымыз­дан тыс қалмайды.

Сондай-ақ депутат ретінде партия филиалында кесте бо­йынша азаматтарды қабылдап келемін. Қаншама адам қа­был­дауға келді, әрқайсысы түрлі мә­се­лелерді қозғайды. Бір қуан­тар­лығы, қабылдауға келген адам­дардың барлығы жеке басының қамын емес, жалпы ауылдағы шешімін таппай жатқан ау­қым­ды мәселелерді көтеріп жа­тады. Ең көп көтерілетіні және мол қа­ра­жат қажет ететіні – жол мәсе­лесі. Одан кейін мектептерді күр­делі жөндеуден өткізу, ауылдық ме­ди­циналық пункт, интернет са­па­сын жақсарту және тағы да бас­қа мәселелер. Елдің әлеу­мет­тік ахуалы халық қалаулы­ла­рының үнемі назарында бола­тыны анық. Кез келген мәселеге сергек қарау – депутаттың па­рызы.

Дәл қазіргі уақыт – мақсат-мүддені айқындап, нақты ше­шімдер қабылдап, іске көшетін кезең. Себебі елдің басты бай­лығы – халық. Егер ел азамат­тары еңбекқор, адал әрі әділ бол­са, халықтың болашаққа деген сенімі оянады. Мен үшін ха­лық сенімі – зор мәртебе. Хал­қымның үкілі үмітін ақтап, сені­мінен шыға білсем, ел алдын­дағы азаматтық борышымды орындай алғаным деп білемін.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp