Орынбасар Ысқақова – облыстық мәслихаттың №6 сайлау округі бойынша депутаты (Ақжар және Уәлиханов аудандары), бюджет, қаржы, экономика салаларын дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, “Искакова” ЖК директоры.
НЕ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛДЫМ?
Алғаш рет 2021 жылы маған жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихатқа депутаттыққа кандидат ретінде сайлауға қатысу туралы ұсыныс түскенде бастапқыда қарсы болған едім. Себебі өзімнің жеке кәсібім бар, жұмыс та, жүктеме де көп. Бірақ ойлана келе, депутат ретінде туған ауылыма тигізер көмегім көбірек болады-ау деген шешімге келіп, келісімімді бердім. Тұрғындар маған сенім білдіріп, сайлаушылардың басым дауысына ие болдым. Сол кезде халықтың сеніміне ие болған шығармын, себебі сегізінші шақырылымда да сайлаушылар қолдау көрсетті. Бұл жолы маған қосымша жүктеме ретінде көршілес Уәлиханов ауданы тұрғындарының мұң-мұқтажын билікке жеткізу міндеті жүктелді. Сол себепті бір жылға жуық уақыт ауылы аралас, қойы қоралас көрші екі аудан тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыс істеп келемін.
САЙЛАУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІМ?
Тіршілік түйткілсіз болмайды. Біреуі шешілсе екіншісі, одан қалды үшіншісі пайда болып, үнемі қимыл-қозғалыс үстіндеміз. Бұл – өмір заңы. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселе – тегіс жол, таза ауызсу, жарық пен сапалы байланыс. Сонымен қатар ауылдарда тұрғындарға қажет әлеуметтік нысандардың болуы да – орынды талап. Ауылға бюджет қаржысын немесе инвестиция тарту арқылы аталған мәселелер шешілсе, демография да өзінен-өзі оңалары сөзсіз. Облыстық мәслихат депутаты атанғалы бері шалғай елді мекендерді сақтап қалу мәселесін шешудің жолдарын іздестірумен келемін.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық бірлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтырудың жолын айқындап берді. Солардың ішінде қоғамда жиі көтерілетін өзекті проблемалардың бірі – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор шекаралық аймақтар мен ауылдық елді мекендерді дамыту жайына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы: “Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз”, – дей келіп, “бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет”, – деп атап көрсетті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Президенттік сайлаудан кейін қол қойған ең алғашқы Жарлығы ауылды дамыту мәселесіне арналуы бізді ерекше қуантқаны жасырын емес. Еліміздің шекаралас өңірлеріндегі ауылдар айрықша назар аударуды қажет етеді. Бұл – еліміздің қақпасы іспеттес. Дегенмен шалғайда орналасқан мұндай ауылдарға тиісті көңіл бөлінбей жүргені рас. Мен әріптестеріммен бірлесіп, әлеуеті төмен ауылдарды дамыту мәселесін бірнеше рет көтерген болатынмын. Өкінішке қарай, жобалау-сметалық құжаттама дайын тұрса да, екі ауданның бірқатар ауылындағы әлеуметтік нысандарды қаржыландыруға қол жеткізе алмадық.
ҚАЙ УӘДЕМДІ ОРЫНДАДЫМ?
Мен депутат болған күннен бастап алдыма ауылдарды таза ауызсумен қамту міндетін қойған едім. Бұл шара “AMANAT” партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасына да енгізілген. Өкінішке қарай, бүгінде Ақжар ауданының алты ауылдық округінің тұрғындары құдық суын ішіп отыр. Ол тазартылғанымен ащы, кермек дәмі сезіледі, техникалық суға ұқсас. Жаңа су құбырын тарту мәселесі 2013 жылы көтеріліп, талқыланып, екі жылдан соң сметалық құжат та жасалыпты. Бірақ республикалық “Қазсушар” мекемесінің жауапсыздығынан жүзеге аспай, жабулы қазан күйінде қалып қойған. Сол жобаны тауып, облыстық және республикалық мекемелерге бірнеше рет депутаттық сауал жолдадым. Парламент Сенатының депутаты, жерлесіміз, партияласым Ольга Перепечинаның іске кірісуінің арқасында жұмыс қайта жанданды. Мәселе бақылауға алынып, қазіргі уақытта жоба қайтадан жаңаланып, сараптамаға жіберілді. Жерлестерімнің орталықтандырылған су құбыры арқылы таза ауызсу тұтынатын күні алыс емес деп ойлаймын.
Әр ауданның стратегиялық және ағымды жоспарларына сәйкес жыл сайын ауыл іші жолдары, мектептер кезең-кезеңімен жөндеуден өткізілуде. Бұл жүйелі жұмыс әлі де жүзеге асырыла берер ме еді, егер Ұлттық экономика министрлігі ауылдарды жіктеуді қолға алмағанда. Бұл шешім ауылдарды сақтап қалуға кедергі болып отыр. Осы құжатқа сәйкес Ақжар және Уәлиханов аудандарына қарасты 48 ауылдың тең жартысы, яғни 24-і әлеуеті төмен елді мекендерге жатқызылды. Осының салдарынан аталған ауылдарға “Ауыл – ел бесігі”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде ешқандай қаржылай қолдау көрсетілмейді. Олардың пайымынша, аталмыш ауылдардың болашағы жоқ. Бұл ұстаныммен түбегейлі келіспеймін. Министрліктің ауылдық округтерді бағалау жүйесінде демографиялық, географиялық, климаттық ерекшеліктер есепке алынбаған. Депутаттыққа кіріскен күннен бастап осы мәселемен де тұрақты шұғылданып, облыстық және республикалық дәрежеде көтеріп, Мәжіліс және Сенат депутаттарына хат жолдадым. Бірақ шешім өзгермей тұр.
Бүгінгі таңда екі аудандағы 48 елді мекеннің 37-сі шекаралық елді мекен санатына жатқызылды. “Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы” аясында бұл елді мекендерге көңіл аударыла ма деп үміттеніп отырмыз.
ХАЛЫҚ МАҒАН СЕНЕ МЕ?
Биыл жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өздерінің негізгі жұмыстарына қосымша, сол елдің патриоттары ретінде, ешқандай төлемсіз қоғамдық негізде жұмыс істеп, ауылдың, ауданның, өңірдің дамуына өздерінің өлшеусіз үлестерін қосып келеді.
Депутат – халықтың өкілі. Көпшілік өзі жеткізе алмаған ойын депутаттар арқылы билікке жеткізгісі келеді, өз күшімен шеше алмаған қиындықты депутаттардың араласуымен реттеуді жөн санайды. Бір сөзбен айтқанда, халықтың талабы мен тілегі, мүддесі билікке депутат арқылы жетеді. Ендеше халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Кейде депутат болуды оңай көретіндер де кездесіп жатады. Түсінген жанға депутат болу – бедел жинау емес, аманат арқалау. Ал аманат – қазақ үшін қасиетті ұғым.
Мен өзім “AMANAT” партиясы Ақжар аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясына жетекшілік етемін. Сондай-ақ Жол картасындағы аумақтық даму мәселелері үшін де жауаптымын. Бұған дейін де аудандық филиал жанындағы экономика және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комитеттің құрамында жұмыс істедім. Қазір де екі аудандағы құрылыс, күрделі жөндеу, жол құрылысы мәселелеріне жауаптымын. Партиялық бақылау комиссиясы барлық нысандардағы жұмыс барысын қадағалайтыны белгілі. Сондықтан Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстың ешқайсысы біздің назарымыздан тыс қалмайды.
Сондай-ақ депутат ретінде партия филиалында кесте бойынша азаматтарды қабылдап келемін. Қаншама адам қабылдауға келді, әрқайсысы түрлі мәселелерді қозғайды. Бір қуантарлығы, қабылдауға келген адамдардың барлығы жеке басының қамын емес, жалпы ауылдағы шешімін таппай жатқан ауқымды мәселелерді көтеріп жатады. Ең көп көтерілетіні және мол қаражат қажет ететіні – жол мәселесі. Одан кейін мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, ауылдық медициналық пункт, интернет сапасын жақсарту және тағы да басқа мәселелер. Елдің әлеуметтік ахуалы халық қалаулыларының үнемі назарында болатыны анық. Кез келген мәселеге сергек қарау – депутаттың парызы.
Дәл қазіргі уақыт – мақсат-мүддені айқындап, нақты шешімдер қабылдап, іске көшетін кезең. Себебі елдің басты байлығы – халық. Егер ел азаматтары еңбекқор, адал әрі әділ болса, халықтың болашаққа деген сенімі оянады. Мен үшін халық сенімі – зор мәртебе. Халқымның үкілі үмітін ақтап, сенімінен шыға білсем, ел алдындағы азаматтық борышымды орындай алғаным деп білемін.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.