Облыс орталығындағы Достық үйінде “Қазақ халқына – мың алғыс” этностар форумы өтіп, айтулы іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына және Алғыс айту күніне арналды.
“1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, Қазақстанды мекендейтін қазақ халқы мен өзге этностарды бір шаңырақ астына топтастырып, айқын мақсаттар мен армандарға жетелеп келе жатқан бірегей құрылым ретінде танылды. Бұл күні басқа мемлекеттерден депортацияға ұшырап, еріксіз жер аударылған өзге ұлыс өкілдері, олардың ұрпақтары қиын-қыстау кезеңде достық құшағын айқара ашып, қарсы алған қазақ еліне ақ жүрек лебіздерін білдіріп, сансыз рақметтерін айтады”,– деді форумда сөз алған облыстың құрметті азаматы Анатолий Башмаков.
Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстанды 800 мың неміс, 102 мың поляк, 18 мыңнан астам кәріс паналаған. Бүгінде олардың ұрпақтары еліміздің әр өңірінде өмір сүріп жатыр. Осы ретте түрлі этнос өкілдері Қазақстан ортақ Отаны екенін, бейбітшілік пен келісім тамырын тереңге жайған жерде бірлік те, достық та болатынын, елімізде, ең бастысы, еңбек етуге, білім алуға жағдай тудырылғанын ерекше атап өтті. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында топтаса отырып, этносаралық және қоғамдық келісімді қолдауға шақырды.
Жиын барысында этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін бір топ белсенді азаматқа айрықша құрмет көрсетілді. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыстық ішкі саясат басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Солардың бірі – “Дустлык” өзбек этномәдени орталығының жетекшісі Баян Қалдыбекова. “Дустлык” өзбек этномәдени орталығы Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында орналасқан. Сегіз жыл бұрын құрылған бірлестік өзге қоғамдық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.