Soltüstık Казахстан
Достық үйінде Халықаралық әйелдер күніне орай Ассамблея жанынан құрылған аналар кеңесінің аудандық филиалдары арасында сайыс өтті. Облыстық байқауға Аққайың, Шал ақын, Тимирязев, Ақжар, Жамбыл, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы аналар кеңестерінің мүшелері қатысты. Екі кезеңнен тұратын жарыстың алғашқы сатысында қатысушылар әр аудандағы аналар кеңестерінің жұмысымен таныстырып, жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы баяндады. Екінші кезеңде қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Онда “Енші беру”, “Бесікке салу”, “Абысын асы”, “Тұсау кесу” сынды көріністер қойылды. Белсенді аналар әсем әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.
– Біз байқауда аналар кеңесінің өткен жылғы жұмысын таныстырдық. Одан кейін құйрық-бауыр асату дәстүрін сахналадық. Бұл дәстүрдің мағынасы – ел арасын жақындастырып, құда болған екі жақтың сыйластығына жол ашу. Мұндай байқау алғаш рет ұйымдастырылып отырғанымен, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде, аналар кеңесінің жұмысын танытуда берері мол, – дейді шалақындық Жанна Сәрсекеева.
Сайыс қорытындысы бойынша Жамбыл ауданының командасы үшінші орынды, Шал ақын ауданы екінші орынды еншіледі. Айыртау ауданынан келген аналар кеңесінің өкілдеріне бірінші орынның жүлдесі табысталды.
“Qyzyljarnews.kz”.