Қазақ ою ойып, өрнек тоқып, киім тіккен адамды “ісмер” деп атаған. Өңіріміздің тумасы, талантты дизайнер Зарина Мавляни бала күннен-ақ әдемі заттарға қызығушылық танытып, қолөнер бұйымдарына тамсана қараған. Жылдар өте бұл қызығушылығы кәсібіне айналды.
Қазір ол – кәсіби дизайнер. Бүгінде үш қыз тәрбиелеп отырған жас ана алға қойған мақсаттарына нық қадам басып келеді. Тоғыз жыл бұрын “Ринстондар әлемі” атты бірінші дүкенін ашқан шебер жасаған бұйымдарына сұраныс бар екенін аңғарады. Бірақ бұл салада да бәсеке бар екені аян. Шеберлер көбейіп, дүкендер бірінен соң бірі ашыла бастаған кезде кәсіп түрін жаңарту керек екенін түсінеді. Осы мақсатпен еліміздің оңтүстігіндегі қолөнер шеберлерімен байланысып, көздің жауын алатын сапалы ұлттық киімдер тігудің қыр-сырын үйренуге бел буады. “Бұл мақсат мені шабыттандырды. Өйткені ол кезде Петропавлда заманауи ұлттық нақыштағы қымбат және сапалы киімдер әлі тігілмейтін еді”, – дейді дизайнер.
Осылайша ұлттық киімдер тігетін және жалға беретін “Зарина Мавляни сән үйін” ашады. Киімдерді тігу көп уақытты қажет етеді. Мәселен толық кестеленген сәукелені тігу үшін бір ай керек.
Биылғы жылы “Зарина Мавлянидің сән үйі” ұлттық кимдерді жалға беріп, жеке кәсібін ашқысы келетін қыздарға көмектесе бастады.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.