Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығын аралау барысында “Динамо” стадионының жай-күйімен танысты. Қазір бұл нысанды коньки спортына бейімдеу мүмкіндігі қарастырылуда. Облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына Петропавл әкімімен бірге тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Одан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов көпсалалы қалалық ауруханаға барды. Соңғы бес жылда аурухананы материалдық-техникалық жарақтандыруға және жаңартуға 2,5 млрд. теңге бөлінді. Биыл гинекология бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілмек. Сонымен қатар диагностиканы жақсарту үшін заманауи ангиограф сатып алынды.
Облыс әкімі №2 арнайы мектеп-интернатта да болды. Бұл мектептің базасында ерекше балалар білім алатын арнайы оңалту орталығы ашылмақ. Осының арқасында оқу үдерісі жаңарып, балалардың қоршаған ортамен байланысы нығаяды.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Жұмысшы кентінде орналасқан мектептердің жағдайымен танысты. Жуырда журналистермен кездесуде аталған шағынаудандағы оқу орындарының аумағын абаттандыру, жайлы демалыс орындарын құру мәселесі көтерілген еді.
Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Былтыр №31 мектептің шатыры жөнделді. Биыл №42 мектепті күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар білім ошағының аумағына тұрғындарға арналған көше тренажерлары, ойын және спорт алаңы орнатылады.
№27 мектептің жанына футбол мен хоккей алаңы қойылып, ғимараттың қасбеті де жаңартылады. Жалпы биыл облыс орталығындағы алты мектепте күрделі жөндеу жүргізілмек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.