“Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер”. Әрбір сахнагер өзіне берілген рөлді көзінің қарашығындай көріп, аялауы керек. Өңіріміздегі қазақ өнерінің қарашаңырағы – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының табалдырығын 2013 жылы аттаған күннен бастап Ғ.Мүсіреповтің “Қыз Жібегінде” Дүрияның, Б.Нушичтің “Қарапайым адамында” Софияның, Софоклдың “Эдип патшасында” Иокастаның, Д.Исабековтің “Өйтпесе Мағжан бола ма?” туындысында Мәдинаның, С.Мұқановтың “Шоқанында” Айжанның рөлін сомдадым. Әр рөлдің өз қызығы мен қиындығы болды.
Түркі тілдес халықтардың жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” (Режиссері Баатырбек Шамбетов) спектакліндегі Шолпанның рөлі арқылы көрермендердің құрметіне бөленгенімді мақтаныш тұтамын. Бұл – менің шығармашылығымдағы негізгі рөлдердің бірі. Сәрсенбай мен Шолпан есімді ерлі-зайыптының қосылғандарына үш жыл болса да, араларында бала жоқ. Есесіне кіршіксіз таза сезім бар еді. Көрші-қолаң, ағайын-туыстың әңгімесі оларды қызықтырмайтын. Шолпан тіпті жаратқаннан “Бала бере көрмеші!”, – деп тілейтін. Кейін “Бала берші!”, – деп жалынатын болды. Басын сәждеге қойып, күндіз-түні Құдайға жалбарынды. Арада нәрестенің болмауына – Сәрсенбайдың бедеулігі себеп. Қайғыдан құса боп жүрген отбасы осылай 8 жылын өткізеді. Күндердің күнінде Шолпанды жаман ойлар мазалайды. Арамдықтың арбауына түскен әйел Сәрсенбай жоқ кезде 18 жастағы Әзімбай есімді қайын інісімен көңіл қосады. Бұл жағдай жарты жыл бойы қайталанады. Сөйтіп, Шолпанның құрсағына бала бітеді. Ақ төсегінің арамдалғанын білген Сәрсенбай Шолпанды соққыға жығады. Осылайша, Шолпанның баласы шетінейді, ал өзі келесі күні қайғыдан қан жұтып, қаза табады.
Шолпанды сахнаға алып шығу оңай болды деп айта алмаймын. Мағжан ақын жазған Шолпан сияқты қуану, мұңаю, қайғыдан қан жұту, арпалысу қажет болды. Әйел затының өмірлік мұраты дүниеге сәби әкелу, жан-жарын бақытты қылу. “Шолпанның күнәсі” – спектаклі – психологиялық драма. Кейіпкердің ойын, қиналысы мен жан тебіренісін алпыс екі тамырыңнан өткізіп, уайым-қайғысын сезіну үшін қажымас қайрат қажет. Бұл қойылым арқылы нәзік жандарға тәннің сұлулығынан жанның сұлулығы маңызды екенін жеткізе алсақ, актрисаның миссиясын орындай алғанымыз. Шығармашылық топ осы мақсатқа жетті деген пікірдемін.
“Талантқа бәрінен бұрын батылдық керек”, – деп атақты сахнагерлер айтқандай, өнер шыңына шығу үшін өзіңді табандылықпен танытуға тиіссің.
Театр ұжымы 2023 жылдың шілде айында Грузия мемлекетінің Озургетти қаласында өткен Нодар Думбадзе атындағы IV халықаралық театр фестиваліне қатысты. Біз әзірлеген “Кукарача” қойылымы “Ең үздік интерпретация” аталымында үздік деп танылды. Инга рөлін сомдаған маған қазылар алқасы ризашылықтарын білдіріп, “Үздік шетел актрисасы” аталымының жеңімпазы деп таныды. Кеңестік дәуір кезіндегі сабақтасып жатқан қалың оқиғадан сыр шертетін қойылымдағы өз рөлімді сахнаға шығару үшін алты-ақ күн дайындалдым. Қай рөл болмасын, өз ерекшелігімен ел есінде қалады. Дәріханада жұмыс істейтін, өжет мінезді, өз күнін өзі көріп жүрген 19 жасар Инга – театр қоржынына олжа салған кейіпкер. Ол Кукарачаны жақсы көреді. Майдан даласында медбике болып жүріп қайтыс болады. Бұл рөлдің бір қиындығы сахнада демалуға мұрсат жоқ. Муртало болып та, Инга болып та ойнау керек.
“Сараң” спектакліндегі Элизаның рөлі де жаныма жақын. Әкесі оны қалталы азаматқа тұрмысқа бергісі келеді. Ал ол болса өз сүйгенімен қосылып, бақытты болуды армандайды. Элизаның образы арқылы махаббатқа ештеңе де тосқауыл бола алмайтынын жеткізуге тырыстым.
Менің ойымша, кез келген маман иесі өзінің жұмысын махаббатпен атқарса биіктерді бағындырары сөзсіз. Қазақ қызының өмірдің түрлі саласында: өнерде, спортта, әскери қызметте жүргеніне қуанамын. Өнерде, соның ішінде театрда жүрген қыз-келіншектердің еңбектері қандай құрметке болсын лайық. Шынайы өнерге шөліркеп келген көрерменге қуаныш сыйлау – шын бақыт.
Жанар НАСЫРОВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы.